«Донорлық ... Өмір сақтау» атты акцияға қатысу үшін ұйым қызметкерлері бас қаладағы Қан орталығына таң бозынан жиналды. 22 жастағы Айбек Ерболұлы үш жылдан бері өз еркімен қан тапсырып келеді. Бұған оның қан қысымының жоғары болуы себеп болған. «Қан қысымым жоғары болып, түрлі дәрі-дәрмектерді іштім. Таныстарым қан тапсыруға кеңес берді. Ең алғаш 19 жасымда донор болдым. Қазір қан қысымым тұрақты. Дәрі ішуді де тоқтаттым. Бүгін қызметтестеріммен бірге қан тапсырып жатқаныма өте қуаныштымын», дейді ол.
Керісінше, Камила Бекпенбетова қан тапсыру туралы дұрыс түсінікте болмаған. «Қан тапсыру өте ауыр болады деп қорқатынмын. Бірақ бүгін бәрі жеңіл өтті. Донор болудың қаншалықты сауапты іс екенін, денсаулыққа пайдасын ұқтым. Енді айналамдағылардың бәріне насихаттауға дайынмын», дейді ол.
Жыл сайын елімізде 200 мыңдай адам қан тапсырса, оның 78 пайызын ерікті донорлар құрайды. Елордада жылына шамамен 15 мың адам қан қажет етсе, 40 мыңға жуық кісі келіп қан тапсырады екен. Ал олардың 90 пайызы қанын тегін береді. Мамандар ақылы донорлардың көпшілігі сирек кездесетін қан тобындағылар екенін айтады.
«Біз осы акцияны ұйымдастырған «Қазақстан құрылысшылар одағына» шексіз алғысымызды айтамыз. Бұл ұжымның бастамасы көпке өнеге», деді қуанышымен бөліскен Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының мейірбикесі Дамелия Сұлубекова.
Акция соңында қатысушылар «Стройкласс» құрылыс компаниясына қайырымдылық эстафетасын жолдады. «Қазақстан құрылысшылар одағы» РЗТБ төрағасының бірінші орынбасары Аяжан Өтеуова бұл акцияның құрылыс қызметкерлері тарапынан қолдау тауып, эстафетаның сәтті жалғасатынына сенімді екенін айтты.