Аймақтар • 11 Қараша, 2019

Баспасөз - халық қолдағанда батым

313 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Баспасөзге жазылу науқаны бойынша оқырмандармен жүздесу үшін Есіл ауданына жергілікті «Солтүстік Қазақстан» газетінің өкілдерімен бірге барып қайттық.

Баспасөз - халық қолдағанда батым

Аудан әкімі Алтынбек Абдоллаев жақсы қарсы алып, ауданның экономикалық, әлеуметтік жағдайынан біраз хабар берді. Биылғы орақты аудан жақсы табыспен аяқтаған екен. Гектар берекелігі де 20 центнерден айналыпты. Енді біраз күннен кейін майлы дақылдарды жинауды да толық аяқтаймыз деген әкім бізді оқырмандарды жинап қойған Nur Otan партиясының жергілікті кеңсесіне шығарып салды.

Мұнда әкімнің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Еділ Тұтқышевтің бастауымен келгенде осындағы кәсіпорындар, мекемелер мен оқу ұйымдарынан қазақ өкілдері біршама жиналып отыр екен. Алдымен сөзді алдағы жылдың басында 100 жылдығын тойлағалы отырған «Солтүстік Қазақстан» газетінің басшысы, есімі елге танымал журналист Жарасбай Сүлейменов ағамыз алып, газеттің тарихынан, қалыптасу жолдарынан, бүгінгі тыныс-тіршілігінен ұзақ әңгімелер айтты.  Соның ішінде баспасөздің халық алдындағы жауапкершілігі зор екенін, оның әлеуметтік желілердегі сияқты тексерілмеген, анықталмаған суыт хабарларды халықтың құлағын елеңдету мақсатымен бере бермейтінін жеткізді. Сондай-ақ теледидар да көрермендерді тарту мақсатымен неше түрлі оғаш дүниелерді көрсетуге тырысатынын, ешқандай тәрбиелік үлгісі жоқ, тек атыс-шабыс немесе отбасылық араздықтар мен жауыздықтарды жарнамалайтын сериалдарды көрсетуге де әуес екенін ауызға алды. Халқымыз бала тәрбиесінде «мал құлағы саңырау» деген принципті ұстанып, оғаш дүниелерді ауызға алмауға тырысса, кейбір телеарналар керісінше, сондайларды жарнамалап, жамандықты жайып жүр деді Жарасбай Қабдоллаұлы.

«Егемен Қазақстанның» облыстағы өкілі ретінде біз де бір ғасырға толып отырған басылымымыздың тарихынан біраз әңгімелер айттық. Сонымен қатар «Егеменнің» бетінде облыстың өзекті мәселелері үнемі көрініс табатынын, тіпті айрықша тағдырлы адамдар туралы да жиі жазылатыны жеткізілді. Соның мысалына атақты жерлестеріміз, бір үйден төрт академик шыққан Айтхожиндар, бір үйден Кеңес одағы жылдарының өзінде бес кеңшар директоры шыққан Барлыбаевтар отбасы, 25 жыл бойы бүкілодақтық тресті басқарып, 16 мың шақырымға су тартып, Гиннестің рекордтар кітабына енген Кеншінбаев және т.б. туралы жазылған мақалалар айтылды.         

Кездесу барысында бір топ белсенді газет оқушылары өздерінің ойларымен бөлісіп, бізге сұрақтар қойды.

Сапар одан әрі Есіл ауданындағы үлкен елді мекендердің бірі Николаевка селосында жалғасты. Асфальт жолдың бойында орналасқан бұл ауылдың тарихы тереңде жатыр. Осы өңірдегі он жылдық мектебі және оның қасында интернаты болған ауыл да осы. Мектептері ежелден қазақ-орыс мектебі болып келеді. Оны ұзақ жылдар бойы облысқа белгілі, Ленин орденді ұстаз Асқар Игібаев басқарған. Қазір мектеп те сол кісінің атында.

Осы ауылдың ежелгі қазақша аты Көбеш. Елді мекен кезінде Көбеш деген атақты кісінің қыстауына салынған. Кездесу барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жер-су аттарының ежелгі атаулары қайтарылып жатқанын ескеріп, ауылдың Көбеш атының қайтарылуын да қозғау керектігі ауызға алынды. Мұнда да оқырмандар біршама белсенді болып, өздерінің пікірлерін ортаға салды. Соның ішінде байырғы мұғалім Қайыржамал Омарова апайымыз газеттердің латынша әліпбиді үйрену мен  қолдануда да пайдасы тиіп жүргенін тілге тиек етті. Сондай-ақ апайымыз газеттің өзі көздің қарашығын жүгіртіп отыруға пайдалы екенін, мұның өзі көзге гимнастика болатыны туралы да соны пікір білдірді. Сөзінің соңында ол газеттің жазылымын сыйлық ретінде ұсынуға да болатынын жеткізді.

«Шақырған жерге қант-кәмпит, шәй апарғанша газетке жазған түбіртекті сыйлаған әлдеқайда тиімді болады» деді ол. Мектеп директоры Қанат Шәкенов өзінің сөзінде жаңартылған білім реформасының түсінуге қиын екендігін, ұстаздарды көбінесе осы мәселелер қинайтынын айтты. Сонымен бірге қазақтардың өз балаларын әлі күнге орысшаға беретініне қынжылыс білдірді.

Одан әрі сапарымыз Тауағаш ауылында жалғасты. Бұл ауылдың ең негізгі мәселесі жол еді, соның азабын біз де көріп, болып өткен шағын жауынның өзінен езіліп қалған жолмен ауылға тек «Нива» мәшинесімен қысылып, қымтырылып, зорға жеттік. Өткен жолғы мақаламызда («Бастаған да тастаған... «ЕҚ», 21.10.2019 ж.») ауданның жаңа әкімі Алтынбек Абдоллаев бұл ауылға салынатын жолдың жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда екенін айтып, халықты қуантқанын жазған болатынбыз. Содан бері халықтың көңілі көтеріңкі, бірақ ауыз су мәселесі әлі де қинап тұрған көрінеді.

Тауағаштықтар газетке жазылуда белсенділік көрсетіп, Бұлақ, Бексейіт ауылдары сияқты тұтастай жазылатындарын жеткізді.

«Осы ауылда 72 аула бар, бәрі де газетке жазылады деп ойлаймыз. Газеттегі мәселелер әрқашанда көкейге қонымды. Мақалалар кәсіби деңгейде жазылады. Көтерілген өзекті мәселенің мәнісін әрқашан газет қана ашады. Теледидар мен интернет хабарлары тек жаңалықты жеткізуді ғана біледі. Сондықтан газет алуға бәріміз де құштармыз» деді өзінің сөзінде мектеп директоры Мұрат Сибанбаев.

Сөйтіп, Есіл ауданында баспасөзге деген қызығушылығы көп оқырмандарымыз бар болғанына тәнті сезіммен аттандық.

Солтүстік Қазақстан облысы