Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов форумға келген ресейлік бизнесмендер мен компаниялардың басшыларымен кездесіп, АЭА-ның артықшылықтары мен жеңілдіктері туралы айтты. Әлеуетті инвесторларға берілетін салықтық жеңілдіктер мен өндірістік алаңдар перспективасы туралы әңгімеледі.
Соның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және синтетикалық материалдар шығару саласында жаңа жобалар қолға алынатыны жеткізілді. Ресейлік инвесторлар арасынан мұндай ұсыныстарға қызығушылықтар білдірілді.
Сонымен қатар облыс әкімі Уәлиханов ауданындағы қиыршықтас карьерлерін ашу және оны Омбы облысына тасымалдау мәселелері туралы айтты. Бұл үшін аймақтар арасында жақын арада темір жол қатынастарын қалпына келтіру жоспары талқыланды. «Егер темір жолды қалпына келтіретін болсақ, қиыршықтас тасымалын еселеп арттырамыз. Бұл жағдайда Ресей жағы арзан құрылыс материалына, ал Қазақстан жағы инвестицияға қол жеткізеді. Карьерлер іске қосылса, үлкен зауыттар салынар еді. Сөйтіп облыста мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылатын болады», деді облыс басшысы Құмар Ақсақалов.
Солтүстік Қазақстан облысы