Қазақстан • 12 Қараша, 2019

Биыл 10 айда жалпы ет өндіру көлемі 5,5%-ға артты

389 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров Премьер-Министр А. Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2019 жылғы қаңтар-қазандағы ауыл шаруашылығы саласын дамыту туралы баяндады. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады. 

Биыл 10 айда жалпы ет өндіру көлемі 5,5%-ға артты

С. Омаров мал шаруашылығында жалпы өнім шығарылымы 3,9%-ға артқанын, оның ішінде ет өндірісі 5,5%-ға, сүт өндірісі 3,2%-ға өскенін атап өтті.

«Мал шаруашылығы өнімдері өндірісінің өсуі мал шаруашылығындағы несиелендіру бағдарламаларының сәтті іске асырылуына байланысты болды», — деген С. Омаров, осы жылдың 10 айында 78,9 мың бас ірі қара мал сатып алуға 806 шаруашылыққа несие берілгенін, өткен жылдың осындай кезеңінде 39,1 мың бас сатып алуға 412 шаруашылыққа несие берілгенін айтты.

954 шаруашылыққа 337,4 мың бас көлемінде ұсақ аналық мал басын сатып алуға кредит берілді, бұл 2018 жылдың 10 айымен салыстырғанда 223,9 мың басқа және 624 шаруашылыққа көп.

«Ырыс» бағдарламасы бойынша жыл басынан бері жалпы саны 1 600 басқа арналған үш өнеркәсіптік тауарлық сүт кешені және 712 басқа арналған 8 отбасылық тауарлық сүт фермасы іске қосылды (2018 жылы – 6 мың басқа арналған 18 отбасылық, 7 өнеркәсіптік тауарлық сүт фермасы).

Биыл 15 мың басқа арналған үш бордақылау алаңы пайдалануға берілді, екі бордақылау алаңында мал орны 35 мың басқа дейін ұлғайтылды. 

Осы кезеңде тамақ өнімдерін өндіру 2,1%-ға, сусын өндіру 13,9%-ға өсті.

Есепті кезеңде салаға 379,4 млрд теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 37%-ға көп. Өсім «ҚазАгро» холдингінің кредиттік өнімдерін іске асыру арқылы қамтамасыз етілді.

Мәселен, осы жылдың 10 айында кредит беру көлемі өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 32%-ға артып, 362 млрд теңгені құрады.

90 млрд теңге сомасына 5 531 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдығын лизингке алуға шарттар жасалды, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 57%-ға көп.

Бұдан өзге, қазіргі уақытта шетелдік инвесторлардың қатысуымен жалпы сомасы $3 млрд-тан астам қаражатқа барлығы 30-ға жуық ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Жобаларды қаржыландыру инвесторлардың өз қаражаты есебінен де, екінші деңгейлі банктер мен «ҚазАгро» холдингінің еншілес компаниялары арқылы да жүзеге асырылуда.

«Жаңа өткізу нарықтарын ашу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі импорттаушы елдердің фитосанитариялық және ветеринариялық талаптарын келісу бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізуде», — деді министр С. Омаров.

Бүгінгі күні агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің 19 түріне Қытай нарығына шығуға рұқсат берілді. Бұл — сиыр еті, қой еті, тірі жылқы, балық, бал, бидай, бидай кебегі, соя бұршағы, жоңышқа, рапс күнжарасы, арпа, жүгері, бидай ұны, сүт өнімдері, жүн шикізаты, зығыр тұқымы, шошқа еті, азықтық бидай ұны. 

Сондай-ақ, қой еті, сиыр еті, тірі ірі қара мал және союға арналған ұсақ мал, тағамдық жұмыртқа бойынша Иран мен Біріккен Араб Әмірліктері, балық, майлы дақылдар мен азықтар бойынша Еуропа одағы, тірі ірі қара мал және союға арналған ұсақ мал бойынша Сауд Арабиясы, сиыр және қой еті бойынша Бахрейн секілді жаңа өткізу нарықтары ашылды.

Соның нәтижесінде 2019 жылдың 8 айында агроөнеркәсіптік кешен өнімі экспортының көлемі $2 040,6 млн құрады, бұл 2018 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 9%-ға көп.