Парламент • 13 Қараша, 2019

Стратегиялық ықпалдастық артады

213 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Үндістан Республикасының Мем­лекеттік Сыртқы істер министрі, Парламент істері жөніндегі Мемлекеттік министрі Велламвелли Муралидхаранмен кездесті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.

Стратегиялық ықпалдастық  артады

Тараптар екіжақты, соның ішінде парламентаралық қатынасты дамытудың өзекті мәселелерін талқылады.

Мәжіліс Төрағасы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік алған бірінші күннен бастап Үндістанмен өзара қарым-қатынасты нығайтуға ерекше көңіл бөліп келе жатқанын, ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның сыртқы саясаттағы сабақтастығын қамтамасыз ететінін атап өтті.

 Н. Нығматулин екі ел арасындағы қарқынды саяси диалог алдағы уақытта ортақ мүдделер жолында белсенді дами беретініне сенім білдірді.

Осы жолда парламентаралық ынтымақтастық үлкен рөл атқарады. Мәжіліс Төрағасының пікірінше, бейінді комитеттер мен достық топтар арқылы тығыз іскерлік байланыс орнатып, заң шығармашылық қызметінде тәжірибе алмасудың маңыздылығы зор.

Өз кезегінде мәртебелі мейман Қазақстан мен Үндістанның ғасырлардан жалғасқан рухани үндестігі барын алға тартты. Велламвелли Муралидхаран сондай-ақ, Үндістанға бірнеше рет келіп, екі ел арасындағы мәдени тамырластықты одан әрі тереңдетумен қатар әріптестік қатынасты күшейтуге серпін бергені үшін Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Үндістан халқының құрметі ерекше екенін атап өтті.

Кездесу иелері Еуразиялық экономикалық одақ аясында ықпалдастық біздің елдеріміз үшін үлкен мүм­кіндіктерге жол ашқанын айтып, басым бағыттар қатарында энергетика, логистика, ақпараттық технология, туризм салаларына тоқталды.

Нұрлан Нығматулин атап өткендей, үндістандық әріптестермен бірлескен жұмыс парламенттер арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, елдеріміздің стратегиялық ықпалдастығын жан-жақты дамытуға мүмкіндік береді.