13 Қараша, 2019

Музей дастарқан жайған күн

1030 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыстық тарихи-өлкетану му­зейінде келушілерге арнап дастарқан жайылды. Кел­­ген­дер дастарқан басынан орын алды. Бұл музейге ке­лу­шілерге халқымыздың ұлт­тық тағамдарын, оның ерек­шеліктерін таныстыруды мақсат еткен «Ас – адамның арқауы» атты этнографиялық инте­рактивті жоба болатын.

Музей дастарқан жайған күн

Онда қазақтың ұлттық тағамда­рының құндылығы мен құнары, оның жасалу жолдары туралы қызықты мәліметтер берілді. Әсіресе сүттен жасалатын тағамдарға көбірек мән берілді. Себебі көшпенділік тұрмыстың өзінде аналарымыз малдың сүтінен түрлі тағам дайындаған. Бүгінге дейін олардың ешқайсысының да тағамдық маңызы жойылған жоқ. Келушілерге қымыз бен шұбаттан, балқаймақтан, ірімшіктен, шелпектен дәм ауыз тигізе отырып, оның құрамы, денсаулыққа пайдалы тұстары әңгімеге арқау болды.

Өкінішке қарай, ұлттық тағам­дар­дың кейбір түрлері дастарқаннан жиі көріне бермейді, тіпті ұмытылып бара жатқандай.

– Соңғы жылдары дастарқаннан балқаймақты, ірімшік түрлерін, көжені сирек көреміз. Мысалы, майлы, тым тәтті жентті аналарымыз қонақ, құда-жегжат келгенде жасаған. Ал құрт көже, сусын көже, балқаймақ секілді тағамдар күнделікті дастарқанда тұрған ғой. Қазір осыны келіндер мен жеңгелеріміз жаңғыртса, қандай жақсы болар еді. Олар экологиялық жағынан таза, адам ағзасына қажетті дәрумендер мен минерал заттарға бай. Балаларға осы тағамдарды пісіріп бермеген аналар көп нәрсе жоғалтты деп ойлаймыз, – деді музейдің ғылыми қыз­меткері Айгүл Нығметжанова.

Сонымен қатар музей келушілеріне май шайқау тәсілі көрсетілді. Хал­қымыз тағам дайындауға қолданған музей қорындағы ыдыс-жәдігерлер де шығарылды. Оның ішінде күбі, піспек, қымыз құятын аяқтар, ағаш табақтар бар. Келушілер арасындағы жастар жағы сары май салып сақтайтын қарынды тіпті көрмегендерін айтты. Айгүл Нығметжанова қарынның жасалу технологиясымен де таныс­тырды. Расында, қазір сары майды қарынға салып сақтайтындар, әй, бар ма екен? Сиыр саумайтын ауыл әйелдері қарынды не істесін?..

 

ҚОСТАНАЙ