Іскерлік байланысты қалыптастыру мәселелері жайлы жан-жақты пікір алмасуға Солтүстік Еуропадағы қазақ диаспорасының көшбасшылары мен белсенділері, сонымен қатар Қазақстанның Швециядағы елшісі Қайрат Әбдірахманов, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төрағасының орынбасары Арғын Оспанов, «Отандастар» қорының жауапты қызметкерлері, Швецияның Қазақстандағы тұңғыш елшісі Манне Венборг, Қазақстанның Дания, Финляндия, Швециядағы құрметті консулдары қатысты.
Іскерлік жиынға, сондай-ақ аталған елдердің компанияларында жұмыс істейтін қазақстандықтар мен жүн өңдеу, ауыл шаруашылығы, агротуризм және басқа да жобалармен айналысатын Түркістан және Қарағанды облыстарының бизнесмендері келді.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен қор өкілдері қызметтерінің негізгі бағыттары, оның ішінде шетелдердегі қандастармен мәдени-гуманитарлық және іскерлік байланысты кеңейту әрі нығайтуды көздеген «Отандастар» қорының негізгі жобаларының бірі – «Қазақ үйі» қазақ мәдени-іскерлік үйінің құрамына кіретін іскерлік үйлері мен мәдени орталықтардың әлем бойынша желісін құру жоспарымен таныстырды.Форумға қатысушыларға Қазақстанның инвестициялық әлеуеті мен өңірлерде бизнесті дамыту үшін жасалған жағдайлар жайында ақпарат берілді. Швециядағы қазақстандық жастар қауымдастығының төрайымы Айдана Бекберген форумға қатысушылар алдында тұңғыш рет отандастардың жас буынға үндеуі жазылған электронды форматтағы уақыт капсуласын салды. Ол тек 2025 жылы ашылатын болады.
Жиынға қатысушылар делегация құрамындағы кәсіпкерлердің ұсыныстарына айтарлықтай қызығушылық танытты. «Шымкент Кашемир» жүн өңдеу фабрикасының құрылтайшысы әрі басшысы Ш.Қанжарбайұлы Скандинавия елдеріне өнімдерін өткізуді жолға қою жайын қозғаса, «Toksumak» бірегей эко-агро-ауыл авторы О.Омаров ауыл тұрғындарының әлеуметтік ахуалын нығайтатын, елге оралған қандастарға берік база болатын жобаларға инвестиция тарту туралы ойын ортаға салды.
Биыл алтыншы рет ұйымдастырылып отырған іс-шара әлемдегі қазақ диаспорасы мен қазақстандықтардың тарихи Отан төңірегінде бірігуінің жемісті үлгісі болғандай.