Руханият • 14 Қараша, 2019

«Ару» – көз арбаған көркемдік әлемі

460 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласында «Ару-2019» халықаралық зергерлер көрмесі отыз үшінші рет өтті. Армения, Грузия, Польша, Дағыс­тан мен Якутияны қоса алғанда Ресейдің түрлі аймақтары, одан бөлек іргедегі Өзбекстан, Түркияның ең озық кәсіпорындары ұсынған дәстүрлі классика мен жаңа дизайндағы көздің жауын алар зергерлік бұйымдар сан алуандығымен таңдай қақтырды.

«Ару» – көз арбаған көркемдік әлемі

Дәстүрлі көрме тек біздің ел­дің ең үздік зергерлік компания­ларын ғана емес, алыс-жақын шетел зергерлерінің жетістіктерін де бір жерге тоғыстырыпты. Жыл­­дарды артқа тастап түрлене өзге­ретін зергерлік бұйымдардың сәні мен стилі маусым сайын жаңарып отыратынын шындық. Ал халықаралық көрме жаңа ба­­ғыт­тардан хабардар болып отыруға мүмкіндік беріп, заманауи жетекші зергерлердің жар­қын дизайнерлік шешімдерін әйгілейді. Биылғы көрменің ауқы­­мы жылдағыға қарағанда кеңейе түскен, мәселен сағат құ­мар­лар жандар үшін «Eta», «Ronda», «Epos», «Deep Blue» сынды швей­цариялық, Жа­понияның «Citizen» сынды танымал зергерлік бренд­тері сатылымға қойылды.   

– «Ару» көрмесі Қазақстанның зергерлік өнер саласындағы әуес­­­қойлар мен кәсіби, сондай-ақ өзге де шет аймақтардан кел­ген мамандардың басын қосқан ауқым­­ды жиын. Зергерлік биз­нес­тегі соңғы жаңалықтар мен жаңа бағыттар осында танысты­рылады. Мұнда бизнес пен өнер бір арнаға тоғысып жатыр. Сон­дықтан 100-ден астам ком­пания мен жекелеген шебер­лер қатысып жатыр. Бірақ ең бастысы, Қазақстандағы зер­герлік бизнес саласының дамуын әрдайым қаперде ұс­таймыз. Көрме бастал­ған алғаш­қы жылдары жұмысын енді бас­таған кей шеберлер қазір өн­діріс компанияларын таныс­тырып жүр. Сондықтан бүгінгі көрменің отандық шеберлерге айтарлықтай мүмкіндік бе­ріп келе жатқаны рас, –  дейді «ҚазЭКСПО» халықаралық көр­ме компаниясының директоры Римма Ғалымжанова.

Ресейдің зергерлік астанасы са­на­латын Кострома, кәріптас өнер­­кәсібінің ең үлкен кластері шоғыр­ланған Калининград, сондай-ақ Белгород, Иванов, Ярославль облыс­тарының ұжым­дық экспозициялары ұйым­дастырылып, жаппай өндіріс міндет­терімен шектелмеген экс­клюзивті бұйымдарға қызық­қан­дардың қарасы көп болды.

«Шығармашылық компания­лар мен зергерлік шеберлерге арнал­ған іс-шараның жыл са­йын өткі­зілуі Ресей мен Қазақстан кә­сіп­орындарының ынтымағын арттырды. Орыс халқының көр­кем қол­өнерінің, сонымен бірге соңғы үрдістерді тап басқан зер­герлік өнердің майталмандарын бір алаңға жинап отыр. Ярославль облысының компанияларына ыңғайлы мүм­­кіндік бергені үшін алғыс біл­діреміз», деген «Ярославль облы­сының экспорт орталығы» КЕАҰ бас директоры Н.Багрова көрме жұмысына сәттілік тіледі.

Ал армян зергерлерінің көрмеге тұрақты атсалысуы белгілі бір дәс­түрге айналып үлгергендей. Алтын мен күмістен соғылған әше­­кейлер дәстүрлі ою-өрнекке негіз­делгенімен, бүгінгі дизайн үдесінен көріне біліпті. Көрмені асықпай аралай жүріп, өзіміздің туысқан халық қой деп Сібірден келген ағайынымыздың сөрелерін де жа­ғалап көрдік. Якут мәдениетінің басты игілігінің бірі – әйел әше­кейлері.

«Қазақстанда өтетін «Ару» көр­­месіне жыл сайын қатысып келеміз. Саха гауһарлары мен кү­міс­тен жасалған әшекей бұйым­дарын осында алып кел­дік. Олар сапасы мен өзіндік сипаттам­асымен дараланады», деген компания директоры қазіргі таңда күрделі форма­сымен және өзіндік конструкция­сымен ерекшеленетін металл әше­­­кейлердің мыңжылдықтарға жалғасқан архаикалық сипатын сақтап келе жатқанын айтады.

Қазақ зергерлік өнерін жаңа белеске шығарған айшықты да тартымды қолөнер әшекейлері аталған көрмеде кең таныстырылды. Дәл осы жерден сақина, сырға, алқа дейсіз бе, кәдесыйлардың түр-түрін бағасы мен сапасына қа­рай таңдай аласыз. 16 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Жемчужина» зергерлік кәсіпорны эс­кизден дайын бұйымға дейін то­лық өндірістік циклді қамтиды. Барлық халықаралық стандартқа сәйкес келетін кәсіпорынның өзі­нің өндірістік базасы мен ди­зай­нерлік тобы бар.

– Алдымен аффинаж зауытынан таза алтын құймасы сатып алынады. Одан кейін Қарағандыдағы өнеркәсіп орталығында 585 сына­ма­сына сәйкес қызыл, ақ, сары алтын өндіріледі. Арнайы суретші, зер­герлермен жұмыс істейміз, – дейді аталған кәсіпорынның ке­ңес­ші-сатушысы Айнұр Мақа­жанова.

Жыл сайын өтетін халықаралық іс-шара          ел тұрғындары үшін зер­герлік өнердің, сән мен сымбат­тың нағыз мерекесі болып саналады. Ең талғампаз сәнқойдың өзін қуанта алатын сапалы бұйым­дар­дың ауқымды топтамасы – «Ару» зергерлік көрмесінің басты ерекшелігі.