Дәстүрлі көрме тек біздің елдің ең үздік зергерлік компанияларын ғана емес, алыс-жақын шетел зергерлерінің жетістіктерін де бір жерге тоғыстырыпты. Жылдарды артқа тастап түрлене өзгеретін зергерлік бұйымдардың сәні мен стилі маусым сайын жаңарып отыратынын шындық. Ал халықаралық көрме жаңа бағыттардан хабардар болып отыруға мүмкіндік беріп, заманауи жетекші зергерлердің жарқын дизайнерлік шешімдерін әйгілейді. Биылғы көрменің ауқымы жылдағыға қарағанда кеңейе түскен, мәселен сағат құмарлар жандар үшін «Eta», «Ronda», «Epos», «Deep Blue» сынды швейцариялық, Жапонияның «Citizen» сынды танымал зергерлік брендтері сатылымға қойылды.
– «Ару» көрмесі Қазақстанның зергерлік өнер саласындағы әуесқойлар мен кәсіби, сондай-ақ өзге де шет аймақтардан келген мамандардың басын қосқан ауқымды жиын. Зергерлік бизнестегі соңғы жаңалықтар мен жаңа бағыттар осында таныстырылады. Мұнда бизнес пен өнер бір арнаға тоғысып жатыр. Сондықтан 100-ден астам компания мен жекелеген шеберлер қатысып жатыр. Бірақ ең бастысы, Қазақстандағы зергерлік бизнес саласының дамуын әрдайым қаперде ұстаймыз. Көрме басталған алғашқы жылдары жұмысын енді бастаған кей шеберлер қазір өндіріс компанияларын таныстырып жүр. Сондықтан бүгінгі көрменің отандық шеберлерге айтарлықтай мүмкіндік беріп келе жатқаны рас, – дейді «ҚазЭКСПО» халықаралық көрме компаниясының директоры Римма Ғалымжанова.
Ресейдің зергерлік астанасы саналатын Кострома, кәріптас өнеркәсібінің ең үлкен кластері шоғырланған Калининград, сондай-ақ Белгород, Иванов, Ярославль облыстарының ұжымдық экспозициялары ұйымдастырылып, жаппай өндіріс міндеттерімен шектелмеген эксклюзивті бұйымдарға қызыққандардың қарасы көп болды.
«Шығармашылық компаниялар мен зергерлік шеберлерге арналған іс-шараның жыл сайын өткізілуі Ресей мен Қазақстан кәсіпорындарының ынтымағын арттырды. Орыс халқының көркем қолөнерінің, сонымен бірге соңғы үрдістерді тап басқан зергерлік өнердің майталмандарын бір алаңға жинап отыр. Ярославль облысының компанияларына ыңғайлы мүмкіндік бергені үшін алғыс білдіреміз», деген «Ярославль облысының экспорт орталығы» КЕАҰ бас директоры Н.Багрова көрме жұмысына сәттілік тіледі.
Ал армян зергерлерінің көрмеге тұрақты атсалысуы белгілі бір дәстүрге айналып үлгергендей. Алтын мен күмістен соғылған әшекейлер дәстүрлі ою-өрнекке негізделгенімен, бүгінгі дизайн үдесінен көріне біліпті. Көрмені асықпай аралай жүріп, өзіміздің туысқан халық қой деп Сібірден келген ағайынымыздың сөрелерін де жағалап көрдік. Якут мәдениетінің басты игілігінің бірі – әйел әшекейлері.
«Қазақстанда өтетін «Ару» көрмесіне жыл сайын қатысып келеміз. Саха гауһарлары мен күмістен жасалған әшекей бұйымдарын осында алып келдік. Олар сапасы мен өзіндік сипаттамасымен дараланады», деген компания директоры қазіргі таңда күрделі формасымен және өзіндік конструкциясымен ерекшеленетін металл әшекейлердің мыңжылдықтарға жалғасқан архаикалық сипатын сақтап келе жатқанын айтады.
Қазақ зергерлік өнерін жаңа белеске шығарған айшықты да тартымды қолөнер әшекейлері аталған көрмеде кең таныстырылды. Дәл осы жерден сақина, сырға, алқа дейсіз бе, кәдесыйлардың түр-түрін бағасы мен сапасына қарай таңдай аласыз. 16 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Жемчужина» зергерлік кәсіпорны эскизден дайын бұйымға дейін толық өндірістік циклді қамтиды. Барлық халықаралық стандартқа сәйкес келетін кәсіпорынның өзінің өндірістік базасы мен дизайнерлік тобы бар.
– Алдымен аффинаж зауытынан таза алтын құймасы сатып алынады. Одан кейін Қарағандыдағы өнеркәсіп орталығында 585 сынамасына сәйкес қызыл, ақ, сары алтын өндіріледі. Арнайы суретші, зергерлермен жұмыс істейміз, – дейді аталған кәсіпорынның кеңесші-сатушысы Айнұр Мақажанова.
Жыл сайын өтетін халықаралық іс-шара ел тұрғындары үшін зергерлік өнердің, сән мен сымбаттың нағыз мерекесі болып саналады. Ең талғампаз сәнқойдың өзін қуанта алатын сапалы бұйымдардың ауқымды топтамасы – «Ару» зергерлік көрмесінің басты ерекшелігі.