Аймақтар • 14 Қараша, 2019

Қайта оралған құмаршық

933 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бағзыда, дейді бір аңыз, қасқыр жеп кеткен ботасын жоқтап боздаған аруананың тұлыпқа қарап исініп, желінінен саулап аққан уызы там­ған жерге шөп шығыпты. Ел оны құ­мар­шық деп атаған.

Қайта оралған құмаршық

Жұртты қы­надай қырған жұт пен ашаршылық уақытында Нарын бойын жайлағандар осы қасиетті өсімдіктің арқасында аман қалды. Бұл енді аңыз емес, ақиқат. Тыныштық пен тоқ­шылықта өмір сүріп жатқан біз үшін ен даладағы елеусіз бір өсімдіктің мәні жоқтай кө­рінер. Бірақ тарихты тү­гендеп, өткен­нен ғибрат алар сәт бол­ғанда жадымызға оралар жайттар бар. Соның бірі – осы құмаршық.

Аты айтып тұрғандай, құм арасында өсетін шөпті талқан қылып талғажау еткен ел зұлмат жылдар зобалаңында қи­ындыққа дес бермеді. Құмаршықты диірменге тартып, ұн алады, нан пі­сіреді. Келіге түйіп, жармасынан кө­же да­йындайды. Суға бөктіріп, елекпен сүзіп алып, қуырылған дәннен талқан жа­­сайды. Бір қасиеті, құмар­шықтан әзірленген тағамның бәрі де құнарлы келеді.

«Құмаршықты айтқанда сонау отызыншы жылдардың ойраны, аштықтың азабы еске түседі. Таңдайға басар түйір дән іздеп тентіреген, өзегі талып, көзі қа­рауытқан уақытта құмаршыққа ауызы жеткендердің тамыры қайыра бүлкілдеп соғып кеткені аңыз емес, шындық. Құмды аймақта тамыр тарт­қанның ең киелісі – құмаршықты ұмыт қалдырмай, соңғы жылдары біраз игі шаралар жасалуда», – дейді Жа­зушылар одағының мүшесі Таңатар Дәрелов. Бұл сөзімізге негіз де бар. Жа­қында ғана Атыраудың ең көрнекті көшесінде тұрған халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреа­ты Фа­риза Оңғарсынова ескерткішінің жанынан тағы бір сәулеттік композиция орын алды. «Құмаршық дәні» деп аталған мүсіндік-сәулет композициясы – ұлт тарихына қойылған ескерткіш. Оның авторы – белгілі журналист Тұр­сын Қалимова. Биіктігі 4 метрден асатын ескерткішті дайындауға  Су­рет­шілер одағының мүшелері Ринат Әбенов, Аманжол Мүкенов, Асылбек Мұ­хамеджанов, Роман Титушиндер үлес қосқан.

Құмаршыққа арналған тағы бір шараны Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов ұйымдастырды. Облыс орталығындағы «Ақжелкен» шығармашылық орталығына жиналған өңірдің зиялы қауымы қасиетті өсімдік туралы кеңінен әңгіме қозғап, балалық шақтарының дәмінен ауыз тиді. «2013 жылы ауылға келгенімде құмаршықтың талқанын алып, елордаға Фариза Оң­ғар­сынова апамызға апарып берге­німде, қатты қуанып еді. «Талай жеген құмаршығым» деп толқығаны есімде. Осы өсімдікке ескерткіш қою туралы ойым бар екенін айтқанымда апай құптап, «Ескерткіш қойсаң, астындағы ақ шағылды ұмытып кетпе, теңіздің толқынындай болып тұрсын», деді. Ол кісі өмірден өткеннен кейін «Апайдан қалған аманат» деген мақала жаздым, дейді Сәрсенбай Еңсегенов. Сол арман-аманатты аяқасты еткісі келмеген сенатор құмаршыққа арналған ескерт­кіш дайындалып жатқанын, «Атырау-Астрахань» тас жолының бойына орнату жоспарында бар екенін атап өтті.

«Қайта оралған құмаршық» атты шарада Құрманғазы, Исатай, Махамбет аудандарынан келген қатысушылар түрлі дәм дайындаудан сынға түсті. Әсіресе Исатай ауданындағы «Әйтіш» құмынан келген Гүлпара Жұбаева байқауға айрықша дайындалыпты. Құмаршық өсетін жердің құмына дейін әкелген ол сайыстың бірінші жүл­десін жеңіп алды. Құрманғазы ауда­нындағы Қошалақ елді мекеніне жолы түскен жанның Мәрия әжеге сәлем бермей өтпейтіні кемде-кем. Қашанда дастарқаны берекеге толы әже құмаршықтан да дәмді тағамдар әзірлейтінін көрсетіп, екінші орынды иеленді. Жүлденің үшінші тұғырынан махам­беттік Мұстахима Әлиева кө­рінді. Басқа да қатысушылардың бар­лығы сыйлықтарға ие болды.

 

АТЫРАУ