Аймақтар • 14 Қараша, 2019

Бас басылымның байтақ белесі

244 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ баспасөзінің қарашаңырағы саналатын «Egemen Qazaqstan» газетінің жарық көргеніне биыл 100 жыл толып отыр. Осынау бір ғасыр аралығында қазақ ұлтының тарихи тағдырына куә болған да осы басылым. Бас басылымның ғасырлық мерейтойы еліміздің бірқатар өңірлерінде аталып өтуде. Ел газетінің 100 жылдық жылнамасынан да халқымыздың Бернияз Күлеев, Бейімбет Майлин, Тұрар Рысқұлов, Мұхтар Әуезов бастаған   көрнекті тұлғаларының еңбек еткенін көруге болады.

Бас басылымның байтақ белесі

«Egemen Qazaqstan» газетінің ғасырлық мерейтойы Жамбыл өңірінде де аталып өтті. Әуелі облыстық «Jambyl» телеарнасында ел газетінің тарихына байланысты хабар түсірілді. Арнайы хабарға әр жылдары бас басылымда еңбек еткен ардагерлер қатысып, өз ойларымен бөлісті. Сонымен қатар Тараз Мемлекеттік педагогикалық университетінде Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Ел газеті «Egemen Qazaqstan» атты арнайы іс-шара ұйымдастырылды. Шара барысында көпшілікке LED экраннан бас басылымның мол шежіресінен сыр шертетін сәттер көрсетілді. Жиынды кезінде бас басылымда қызмет атқарған белгілі публицист-журналист Мейрамбек Төлепберген жүргізді. Ал, басылым ардагері, белгілі жазушы-драматург Елен Әлімжан бұл басылымда 11 жыл бойы Жамбыл облысы бойынша меншікті тілші болып қызмет атқарғанын, сол жылдарда талай мәселе көтеріп, бәрінің де оң шешім тапқанын әңгімеледі. «Жалпы, «Egemen Qazaqstan» болмысы бөлек басылым. Кезінде партияның бірінші хатшыларының өзі бұл газетте жарық көрген дүниелерді қалт жібермей оқып, мәселе көтерілсе, оны шешуге тапсырма беретін. Бұл газетте талай азаматтар абыроймен еңбек етіп, тер төкті. Қазақ баспасөзінің болашағы үшін қызмет етті», дей келе, жастардың қойған сұрақтарына жауап берді. Кезінде бас басылымның екі рет Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарған, бүгінде облыстық «Aq jol» газетін басқарып отырған жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы «Бұл газетті оқу үшін өре керек. Оған дайындық керек», дей келіп, қазіргі кездегі өңірдегі жазылым науқаны, жалпы барлық газеттің оқылу деңгейі туралы әңгіме қозғады. Тіпті, кәсіби журналист пен блогердің де аражігін ажыратып алу керектігін айтты. Қос қаламгер де тәуелсіздік жылдарында бас басылымды басқарған Шерхан Мұртаза туралы жылы естеліктерімен бөлісті. Ал, бас басылымның сол кездегі Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарындағы меншікті тілшісі қызметін атқарған, бүгінде республикалық «Жас Алаш» газеті бас редакторының орынбасары болып қызмет атқарып жүрген Оралхан Дәуіт 100 жылдық тарихы бар газеттің бүгінде жаңа арнаға бет бұрғанын, газет бетінде көтеріліп жатқан мәселелердің өзектілігін әңгімеледі.

Осы уақытқа дейін ел газетінде көптеген білікті азаматтар басшылық жасады. Бәрінің де бас басылымда қолтаңбасы қалды. Бұл басылымда еңбек еткен ардагерлер сол бір жылдарға шегініс жасап, қызықты естеліктерімен де бөлісті. Ал, қазіргі кезде «Egemen Qazaqstan» газетінің Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлінің жастарға үлкен сенім артып, оларды жұмысқа қабылдағаны туралы да айтылды. Жалпы, тарихы терең басылымда талай мықтылардың ізі қалғаны тариқа аян. Жиын барысында «Egemen Qazaqstan» газетінің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшілері болған, бүгінде өмірден өтіп кеткен Жақсылық Сәтібеков, Мұрат Сыздықов, Мейрамбай Сатыбалдиев, Мақұлбек Рысдәулет сияқты азаматтарды да ардагерлер сағынышпен еске алды.