Аймақтар • 14 Қараша, 2019

«Көмектес» қоры зағиптар арасында «Менің елім» байқауын өткізді

238 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Зағип және нашар көретіндерге арналған республикалық кітапханада «Көмектес» қоры және Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен әртүрлі ұлт өкілдерінің арасында «Менің елім»  7-ші қазақ әндерінің байқауы өтті. «Көмектес» қорының төрағасы Александр Сапелкиннің айтуынша, байқау ел Тәуелсіздігінің 28 жылдығы мен Елбасы жариялаған Жастар жылына орайластырылып отыр.

«Көмектес» қоры зағиптар арасында «Менің елім» байқауын өткізді

Байқау барысында Алматы, Тараз және Есік қалаларынан келген 14 оқушы қазақ әуендерін шырқады. Н.Островский атындағы мектеп оқушысы Дарья Умерова, Есік мектебінен Бауырхан Оңғарбаев І орынды иеленді. Қазылар алқасының төрайымы, Қазақстан Республикасының халық әртісі Айжан Нұрмағамбетова, Дарья Умерова мен Лаура Әбдіғұлды «Бақыт деген сенің бала күндерің» атты республикалық телевизиялық музыкалық балалар  фестиваліне кастингке шақырды. Ал ересек қатысушылар арасында  І орынды Айжан Жолдыбекова жеңіп алды. Одан кейінгі орынды Чайковский атындағы музыкалық колледж  түлегі Кристина Желудкова иеленді.

Қазылар алқасының мүшесі, композитор Бекболат Оралбеков жас вокалистердің жетекшілеріне кеңестер берді. 

Байқауға «Pharm Express» ЖШС және «СТС Азия групп» ЖШС демеушілік жасады. «Көмектес» қорының Мақтау грамотасы мен бағалы сыйлықтарын тұрақты демеуші, жас бизнесмен Игорь Губаревтың анасы Людмила Валентиновна табыс етті. Басқа қатысушылар ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

Қазақстан Халқы ассамблеясы атынан Казбек Мамсуров Игорь Губаревқа Алғыс хат табыс етті. Байқаудың мақсаты көзі нашар көретін жандарды патриоттыққа тәрбиелеуге, қазақ тілін, қазақтың музыкалық мәдениетін үйренуге ықпал ету. Келесі жылы «Көмектес» көзі нашар көретін мүгедектер қоры «Менің елім» 8-ші байқауы қарсаңында өз қызметінің 25 жылдығын атап өтеді.