Аталған мәселе көптің көкейінде жүргені аян. Өйткені, көп қабатты үйлерді мекендейтіндер тұрмыс барысында күн сайын түйткілді мәселелерге тап болып, түрлі мекемелердің есігін қағуға мәжбүр. Бұған тұтыну көздерінің қымбаттауын қосыңыз. Осыған орай Елбасының тапсырмасымен еліміздегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған кешенді жоспары мен тұжырымдамасы жасалса, ол Үкімет қаулысымен бекітілгені белгілі. Аталған салада орта мерзімді бірегей мемлекеттік саясатты қалыптастырудың негізгі бағыттары айқындалып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың мемлекеттік саясатын жүзеге асыру тетігі, мақсаты мен міндеті қалыптасып, республикамызда құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері жөніндегі агенттігі бүгінде кешенді істерді бастап кетті.
Талдықорғанда осыған байланысты “Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы” акционерлік қоғамы басшылары тұрғындар тіршілігінің сапасын арттыру жөніндегі мемлекеттік саясатты жүзеге асырудағы кешенді жоспар мен тұжырымдаманың орындалуын көпшілік назарына ұсынып, түсіндіру жұмыстарының тиянағын келтірді.
Алматы облысында “Жол картасы” бағдарламасы аясындағы инвестициялық бағыттар арасында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жарақтандыру мен жаңғыртуға баса назар аударғаны да ортаға салынды. Өткен жылы осы мақсатқа 4,7 млрд. теңге қарастырылып, 58 жоба шешімін тапқан. Ағымдағы жылы өңірде “Жол картасына” қаралған қаржының 5,5 млрд. теңгесі тұрғын үй-коммуналдық жүйелерін қалпына келтіруге бағытталғаны да көп мәселенің түйінін шешетіні сөзсіз. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Ы.Бектұрсынов жиында 67 жоба жүзеге асырылып, 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылатынын ортаға салды. Осылайша коммуналдық-инженерлік жүйелерді дамыту, энергия үнемдеу, ысырапты азайту, нормативтік шығындарды қысқарту, жаңа технологияларды батыл енгізу биыл қолға алынатын Еңбекшіқазақ, Қарасай, Іле, Ақсу, Ескелді аудандары мен Қапшағай қаласындағы электр желілері күрделі жөндеуден өткізілсе, ол пайдаланатын мекемелерге бекітіліп берілетін болды.
Бүгінгі күнге жылу есептегіш орнатпаған тұтынушылар үшін олардан жоғарылатылған тарифпен төлемақы алу тетігі пайдаланылса деген ұсыныс та түскен. Ауыз су үйге кіргізіліп, тұтынатындар есептегіш құралдарын орнатуы тиіс.
Өңірдегі елді мекендерді газдандыру кеңінен өріс алған. Демек, сұйық отынмен жылытылатын нысандарды газбен, қатты отынмен жылытуға көшіру энергияны үнемдеуге жол ашатыны ескеріліп, бюджеттік мекемелерде қуат көзін үнемдеу басталып, инновациялық технологияны іске асыруды одан әрі жалғастыру да көзделген. Тәулік аймақтары бойынша жіктеуші тарифтерге көшу жалғасын таппақшы. Мұндай тәсілдер ауыз сумен қамтамасыз ету және кәріз суларын әкетуге қатысты да қолданылады деп жоспарланған.
Жиында Астанадан келген меймандар да сөз алып, аталған салада жаңғырту және дамыту мәселелерін қолға алу қажеттігін айтты. Өйткені, республикадағы күрделі жөндеуді қажет ететін тұрғын үй қоры 50 млн. шаршы метр болса, бұзылуға тиісті апатты баспананың аумағы 3,8 млн. шаршы метрді құрайды екен. Бүгінгі күнге тұрғын үй қорының тең жартысы абаттандырылса, инфрақұрылым нысандарының тозу деңгейі де осы шамада. Бұған коммуналдық сектордағы ресурстар ысырабын қосыңыз. Коммуналдық нысандардың тозу деңгейі алаңдатарлық дәрежеде. Жыл сайын еліміздің жекелеген аймақтардағы коммуналдық қызмет құнының өсу, қуат және жылу көздері жұмысы нашарлағанынан саладағы желілер мен имараттардың тозғандығына байланысты қосымша ысыраптар қолбайлау болатыны түсінікті жәйт.
Еліміздегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына осылайша түбегейлі өзгерістер мен жаңалықтар енгізілетініне көз жетті. Сонымен қатар, талқылау барысында айтылған пікірлер жиынтығынан қалалардағы көп қабатты үйлердің тірлігіне жауапты үй басқармалары жаңарған түрде ортамызға қайта оралуы мүмкін. Акционерлік қоғамның сөзі мен ісінде алшақтық болмаса, баршаны алаңдатқан ысырап пен ретсіз қымбаттау, көп сылтауларға шек қойылады. Бұл тұрғындар тіршілігіне де жаңа леп әкелетіні сөзсіз.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.