Қоғам • 15 Қараша, 2019

Қызылжарда екі жасөспірімді көлік қағып кетті

232 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Қызылжарға қар кеш түсті. Тіпті өзінен 500 шақырым оңтүстікке қарай орналасқан Нұр-Сұлтанда ақ боран болып жатқанда терістіктің төріндегі, Сібірдің шетіндегі Қызылжар мызғымай, қоңыржай қалыпта тұрды. Кеш жауған қардың бір ерекшелігі – ол құрғақ жерге түсті. Соның өзінде ертеректе жауған жаңбырдан кейін толық кеппеген болмашы шалшықтар қатып, шағын көлемді болса да көктайғақтар пайда болған. Міне, сондайлардың кесірі тиіп, қалада екі бірдей жол-көлік оқиғасы болып үлгерді.  

Қызылжарда екі жасөспірімді көлік қағып кетті

Алдымен Батыр Баян мен Интернационал көшелерінің қиылысында төртінші сынып оқушысын көктайғақтан тоқтай алмай қалған автобус қағып кетті. Қазір бала орта дәрежедегі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Ал Шухов пен Набережный көшелерінің қиылысында «Нива Chevrolet» автомашинасымен келе жатқан 18 жасар қала тұрғыны жаяу жүргіншілер өтетін жерде тоқтай алмай қалып, 16 жасар қыз баланы қағып кетті. Оның жарақаты жеңіл дәрежеде деп танылып, алғашқы медициналық көмек көрсетілген соң ауруханаға жатқызылмай, үйіне жіберілді.

Жол-көлік оқиғасын жасаған көлік құралдары арнайы тұраққа қойылды. Ал жүргізушілерге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 610 бабы бойынша іс қозғалды.

Облыстың ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция подполковнигі Айдын Байматов: «Жолдарда, әсіресе қар жауғанда, мұздақта абай болған жөн», - деп барлық жол қозғалысына қатысушыларды ескертіп теледидардан сөйледі. Оның айтуына қарағанда алғашқы қар жауған жолдарда сағатына 40-45 км жылдамдықпен жүрген дұрыс. Жаяу жүргіншілер қыста машинаның тежелуі қиынға соғатынын естен шығармағандары жөн.

Сонымен бірге Жергілікті полиция қызметі бөлімінің қызметкерлері көшеде балалар көп жүрген кезде білім беру мекемелеріне жақын маңда патрулдік бақылауды күшейтуде. Ал қалалық тұрғын үй - коммуналдық шаруашылығы таңертеңнен бастап облыс орталығының жолдарын қардан тазартып, күрделі бөліктерге құм-тұз шашылып отыратынын жеткізді.