16 Қараша, 2019

Жетісудан келген жетеу

778 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мұндай кездесулер жиі-жиі өтуі керек.

Жетісудан келген жетеу

 

Кеше Өскемендегі Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде жетісулық жас ақын-жазушылармен кездесу өтті. Облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы ұйымдастырған шараға тележүргізуші, жазушы Есболат Айдабосын, журналист Қозыбай Құрман, Мәулен Әнербай, Мұхтар Күмісбек, Медет Жұмабаев, Азамат Нұрмұхан сынды жас ақындар мен дәстүрлі әнші, «Заман-ай» термесінің әнін жазған, сазгер Әліби Бекайдар қатысып, оқырмандардың сауалдарына жауап беріп, руханият, әдебиет төңірегіндегі ойларын ортаға салды.

ес

Кездесудің беташарында сөз алған белгілі журналист Есболат Айдабосын алты жасты Алтайға өзі бастап келгенін айтып: «Біз негізі осындағы әріптесіміз, «Шығыс-Ақпарат»  ЖШС директоры Нұрбек Бекен бастаған қалам ұстаған жігіттердің ұсынысымен футболдан жолдастық кездесу өткізуге келгенбіз. Сосын құр доп теуіп қана қоймай, орайы келгенде жетісулық талантты жас ақындардың шығармашылығын оқырмандарға таныстырудың артығы болмас деп осы кездесуге келіп қалған жайымыз бар» дей келе Өскеменге келген бес ақынның кітаптары биылғы Жастар жылы аясында жарық көргенін жеткізді.     

есбо

Кездесу барысында Жетісудан келген жетеудің бесеуі, яғни, Мәулен Әнербайдың «Күн қызы», Мұхтар Күмісбектің «Алфавиттегі алты әріп», Қозыбай Құрманның «Жүрек маусымдары», Азамат Нұрмұханның «Алғыс», Медет Жұмабаевтың «Жұмыр жердегі жұмақ бел» кітаптарының тұсауы кесілді. Жас ақындардың кітаптарының лентасын Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры Мұхтар Әділбекұлы мен белгілі ақын Қалқаман Сарин қиып, сәт-сапар тіледі. «Біздің университетте талантты жастар көп. Оларды үнемі қолдап отырамыз. Жетісудің жері де, елі де тамаша. Өзім біраз жыл еңбек еткенмін. Талдықорғаннан келген талантты жастарға тек сәттілік тілейміз» деді ректор.

 есбол

Туған жерге туын тігіп, Өскеменге еңбек етуге келген ақын Қалқаман Сарин бүгінгі күн осы өңірдің әдеби-мәдени өміріндегі ерекше күн екендігін атап өтіп: «Өскеменге келгеніме көп болмаса да, шаһардағы жастардың әдебиетке, өлеңге деген құштарлығын байқадым. Жетісулық ақындардың біразын танимын. Шығыстағы оқырманмен танысуға келген қадамдарың құтты болсын! Келесі жолы жетеуіңнің емес, әрқайсыңның жеке-жеке кештеріңді өткізетін күнге жеткізсін. Мұндай кездесулер жиі-жиі өтуі керек. Әдебиетті осылай насихаттау керек. Басқа өңірдің қыз-жігіттері осылай келіп тұруы керек, Шығыстың талантты жастары басқа облыстарды аралауы керек. Бұған ешқандай да мемлекеттік бағдарламаның қажеті жоқ. Бұл өзімізге қажет» деді.

ӨСКЕМЕН