Аймақтар • 18 Қараша, 2019

Солтүстік Қазақстанда халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

197 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Белгілі академик, тарих ғылымдарының докторы Манаш Қозыбаевтың  88 жылдығына орай оның атымен аталатын Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.

Солтүстік Қазақстанда халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Айтулы шараға еліміздің әр өңірінен және Ресейден меймандар қатысты. Есімі елге жақсы танымал тұлғаны салтанатты ұлықтау Манаш Қозыбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды.

«Манаш Қозыбаев – еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін  ұлт тарихын жаңаша пайыммен  жан-жақты зерделеген ғалымдардың бірегейі. Қайраткердің қалдырып кеткен ғылыми еңбектері өскелең ұрпақ үшін өте маңызды. Жас буын өкілдері академиктің жазған тарихи еңбектерінен нәр алып келеді. Білім ордасында студенттердің қатысуымен  конференциялар жиі өтеді», деді университет ректорының міндетін атқарушы Ербол Исақаев.

Егемендік пен тәуелсіздік жолында зор еңбек сіңірген Манаш Қабашұлының мұрасы жан-жақты зерттеліп келеді. Шәкірті,  Л. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы Тілеген Садықовтың айтуынша, мұндай мазмұндағы шаралар ұлы ғалымның рухына көрсетілген үлкен құрмет болып табылады. Ол кісінің артына қалдырған  мұрасы мен еңбектерін өскелең ұрпақ  кеңірек біліп, тереңірек игергені дұрыс дейді.

Ұлт тарихының тамырын тереңнен іздеген ғалым көзі тірі болғанда талай сырды ашар еді дейді ізбасарлары. Ол кісінің қол астында еңбек етіп, бірлесе ғылыми жұмыстар жазған ғалымдардың бірі – Зирабүбі Төленова. Ол Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтынан арнайы келіп, жылы лебіздерімен бөлісті.

Белгілі ғалымның 88 жылдығына орай университет аумағында студенттер аллеясы ашылды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы