Спорт • 18 Қараша, 2019

Күрес: Білікті бапкер Бақтай Қапсаламовты еске алды

654 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Талдықорғанда грек-рим күресінен КСРО спорт шебері, білікті бапкер Бақтай Қапсаламовты еске түсіруге арналған республикалық турнир аяқталды.   

Күрес: Білікті бапкер Бақтай Қапсаламовты еске алды

Жарыстың ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов пен Алматы облысы Спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев қатысып, боз кілемде белдесетін балғын балуандарға ақ жол тіледі. Құрметті қонақтар қатарында жуырда ғана Грузияда грек-рим күресінен ардагерлер арасында өткен әлем чемпионатында бас жүлдені олжалаған Қасенхан Серғазиев ағамыз бастаған бір топ белгілі балуандар болды.    

Айтулы жарыста еліміздің бірқатар өңірінен жиналған  2004-2006 жылы туған жасөспірімдер бақ сынады. Аса тартысты өткен бәсекелерде төменде есімдері аталған балуандар өздерінің мықтылығын мойындатып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді:

22 кило – Жанарыс Махсетбаев (Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы), 27 кило – Әлинұр Айтмұрат (Алматы облысы, Ескелді ауданы),

29 кило – Бақдәулет Дүйсенбек (Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы),

35 кило – Едіге Төлеутаев (Алматы қаласы, «Шаңырақ» спорт мектебі),

38 кило – Алмас Мұсахан (Алматы қаласы, республикалық спорт колледжі),

41 кило – Юсуп Ашрапов (Алматы қаласы, республикалық спорт колледжі),

44 кило – Азамат Ерболов (Талдықорған қаласы),

48 кило – Қуат Армия (Алматы облысы, Талғар ауданы),

52 кило – Медет Ордабай (Алматы қаласы, республикалық спорт колледжі),

57 кило – Айдар Айдарханов (Алматы қаласы, «Шаңырақ» спорт мектебі),

62 кило – Нұрзат Дүйсенхан (Талдықорған қаласы),

68 кило – Әділет Жұмабаев (Алматы облысы, Жамбыл ауданы)

+75 кило – Ақжан Ақайдар (Алматы қаласы, «Шаңырақ» спорт мектебі).

Кезінде грек-рим күресі бойынша елеулі табыстарға жетіп, КСРО спорт шеберінің күміс белгісін кеудесіне таққан Бақтай Қапсаламов Алматы облысы Сарқан ауданы Қарабөгет ауылының тумасы. Боз кілеммен қош айтысқаннан кейін бапкеріміз туған жеріне қайта оралып, осы спорт түрін өркендетуге күш салды. Шағын ғана ауылдан бірнеше мықты балуандар шығарды. Алайда сұм ажал ардақты ағамызды небары 50 жасында арамыздан жұлып әкетті. Сол азаматтың құрметіне жарыс өткізуді әу бастан өзім қолға алған едім. Біраз жыл бойы Қарабөгет ауылы азаматтарының қолдауымен айтулы турнирді Сарқан қаласында өткізіп келдік. Міне, енді балғын балуандар Талдықорған төрінде бас қосып, Бақтай Рамазанұлын еске алуда, – дейді жергілікті бапкер Мәулен Мағамбетов.

Тағы бір айта кетерлігі, Бақтай Қапсаламовтың туған жері  – Қарабөгет ауылының да жас өрендері осы жарыста күш сынасты. Солардың арасынан   

Марғұлан Аментай (22 кило) мен Мәрлен Жанұзақ (41 кило) күміс медальді иеленсе, Руслан Нұртай (44 кило) қола жүлдені еншіледі.