Руханият • 18 Қараша, 2019

А.В.Затаевичтің бұрын жарыққа шықпаған туындыларының таныстырылымы өтеді

409 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

22 қарашада Қазақ Ұлттық өнер университетінде белгілі этнограф, қазақстандық музыкатану және композиторлық мектептің негізін қалаушылардың бірі Александр Викторович Затаевичтің 150 жылдығын мерекелеу аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «А. В. Затаевич. Хаттар. Қолжазбалар. Фотосуреттер»,  «А. В. Затаевич. Халық әндері мен күйлері» атты бұрын жарыққа шықпаған туындыларының презентациясын және мерекелік концертті ұйымдастырады. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.  

А.В.Затаевичтің бұрын жарыққа шықпаған туындыларының таныстырылымы өтеді

Қазақтың дәстүрлі музыка үлгілерін жинаушылар арасында әндер мен аспаптық пьесалар-күйлердің едәуір қомақты жинағы орыс-поляк композиторы, этнолог, музыкатанушы А.В. Затаевичтің еншісінде. Оның музыкалық этнография саласындағы еңбегі Қазақстанда музыка туралы ғылымның дамуы үшін берік тұғыр ретінде, көптеген одан кейінгі зерттеулер үшін әдістемелік негіз және зерттеушілік база ретінде қалыптасты. Композитор ретінде ол ұлттық композиторлық мектептің дамуына серпін беріп, еуропалық аспаптар үшін қазақ әуендерін нотаға жазу әдісін әзірледі.     

2019 жылы А.В. Затаевичтің 150 жылдығын атап өтуге,  оның мұрасын танымал етуге, Қазақстан мен Ресей арасындағы шығармашылық байланыстарды нығайту мақсатында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі бірқатар мерейтойлық іс-шаралар ұйымдастырып, өткізді.

Биылғы  жылдың 6-7 маусымында Алматы қаласында «Тұлға, дәстүр, музыкалық этнографиядағы мәдениет» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияға Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Болгария және Венгрия елдерінен 55 зерттеуші қатысты, олардың арасында әлемге танымал ғалымдар мен жас ғалымдар да бар.

11-12 қазанда П. И. Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясында «Әлем халықтарының музыкасы. Зерделеу проблемалары: мәдени мұраны сақтау (А. В. Затаевичтің 150 жылдығына арналған)» атты Халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырылды. Конференцияға Қазақстан, Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Болгария және Өзбекстан елдерінен ғалым-этномузыкатанушылар және шығыстанушылар қатысты.

12 қазанда Гнессиндер атындағы Ресей музыка академиясының Үлкен концерт залында Н. Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің концерті ұйымдастырылды.  

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі А. В. Затаевичтің 150 жылдығын мерекелеудің бірқатар іс-шаралар қорытындысы ретінде этнографтың бұдан бұрын жарияланбаған мұрасының презентациясын ұйымдастырып отыр.

Шындығында А. В. Затаевич ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ дәстүрлі музыкасының портретін қалыптастырған ірі тұлға. Кітапта бұдан бұрын жарияланбаған ноталық жазбалар, өңдеулер, жеке жазған хаттары жиналған. Қолжазбалардың және фотоматериалдардың электрондық көшірмесін  алуға сұраныс беріп, жұмысты жүйелі түрде жүргізген Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі.