Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жолдауында алға қойылған міндеттер мен мақсаттар бүгінге дейінгі атқарылған іргелі істердің заңды жалғасы болып табылады. Сонымен бірге Жолдаудың ерекше бір сипаты – еліміздің бүгінгі кезеңдегі дамуының түбегейлі тұстарын зерделеп, оның қыр-сырын жоспарлы түрде жаңғырту мәселесіне мән беруінде болып тұр.
Жолдаудың екінші бөлімінде арнайы азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздіктерінің қорғалуына тоқталады. Президент: «Біздің алдымызда жаңа тұжырымдама негізінде тегеурінді әскер қалыптастыру міндеті тұр.
Арыста болған оқиғалар Қарулы Күштерде түйткілді мәселелер қордаланып қалғанын көрсетті. Әскерге жұмсалатын шығыстарды реттеп, осы саладағы қаржы жүйесін және жалпы тәртіпті нығайтатын кез келді. Сонымен бірге әскери қызметтің беделін арттырып, Қарулы Күштердің материалдық базасын нығайту қажет. Отанына адал, кәсіби тұрғыдан дайындалған офицерлері мен әскери қызметшілері бар армиямыз жаңа геосаяси жағдайларда ел қауіпсіздігіне қауіп төндіретін қатерлерге тойтарыс беруге дайын болуы керек» – деп атап көрсетті.
Осы ретте Жамбыл облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент ұжымы Жолдаудағы көрсетілген міндеттерді орындауды бастап та кетті. Анығырақ айтсақ, департаменттің және оның бағынысындағы бөлімдер мен басқармалардың жоғары әскери дайындықтарын қадағалауда.
Жиырма жеті жылды еңсерген еліміздің қорғаныс саласы осы жылдар ішінде небір белестен өтіп, небір қамалдарды алды. Қанатын қатайтты, өсті, өркендеді, осылайша бүгінгі деңгейіне жетті. Ендеше Елбасы салып берген сара жолмен, Президентіміздің заман талабына сай зайырлы мемлекет құруға деген бетбұрысын қорғаныс жүйемізді бекем ұстай отырып қолдау – біздің бірден-бір міндетіміз деп санаймын.
Ерлан ЖАБЫҚБАЕВ,
полковник, Жамбыл облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы