Қазақстан • 19 Қараша, 2019

«Қазбат» фильмі көрерменге жол тартты

1252 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда «Казбат» көркем фильмінің тұсаукесер көрсетілімі өтті. Фильм Қазақстан Республикасы әскери қызметшілерінің тәжік-ауған шекарасында бітімгерлік қызмет барысында  бастарынан өткерген шынайы оқиғаны баяндаған.  Туындыны «АЮ СИНЕМА» кинокомпаниясы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының қолдауымен жарыққа шығарып отыр. 

«Қазбат» фильмі көрерменге жол тартты

1995 жылы 7 сәуір күні Пшихарв шатқалында Қазақстан Ішкі әскерінің жетінші құрама ротасы содырлардың тұтқиылдан жасаған шабуылынан от пен оқтың құрсауында қалады. Жаудың күші басым болған ұрыста 17 әскери қызметші оққа ұшып, 33-і жараланған еді. Ауған жағынан шабуыл жасаған содырлар бір сағаттың ішінде Тәжікстан аумағына өтіп кетуді жоспарлаған болатын. Бірақ оларға қарсы жасалған шабуылдың өте күшті болғандығынан, бес сағатқа созылған қарулы қақтығыстан кейін кері шегінуге мәжбүр болды. 

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен қапияда қаза болған 17 сарбаздың бесеуіне ІІ дәрежелі «Айбын» ордені, он екі жауынгерге  «Жауынгерлік ерлігі үшін»  медалі берілді.  Тәжік халқына көрсеткен көмегі үшін қазақстандық жауынгерлерге құрмет ретінде Душанбеде  монумент тұрғызылып, Ресейдің «За отличие в службе» медалі де берілген еді.    Ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында «Отан-Ана» монументі қасынан Ішкі әскердің 17 сарбазына арналған аллея ашылып, ескерткіш бағана орнатылған, сонымен қатар Шымкент, Петропавл және басқа да бірқатар қалаларда батырлардың аруағына ескерткіш қойылды.   

– Ішкі әскердің қазіргі мұрагері – Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы өзінің батырларын ешқашан ұмытпайды. Олардың ерлігін экранға шығару арқылы қаза болған жауынгерлерге құрмет білдіріп, ел есінде қалдыруды көздеп отырмыз, – дейді  Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Мұхаметқали Сатов.       

Туындының  бас продюсері  –   Данияр Ибрагимов,  қоюшы режиссер – Асқар Ұзабаев, фильмнің қоюшы бас операторы –  Максим Задарновский.
Кинода Дәурен Серғазин, Ринат Дошибеков,  Халық Рахат, Дияс Мырзахмет, Шарифбек Закиров, Индира Шынболатқызы секілді талантты актерлер ел есінен өшпейтін тарихи қанды оқиғаның кейіпкерлерін сомдаған.
Көркем фильм 21 қарашадан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіле бастайды. Фильмнің теледидарға арналған нұсқасы келесі жылы   7 сәуірден бастап, аталған қарулы қақтығыстың 25 жылдығына орай  «Qazaqstan» телеарнасы арқылы көрерменге жол тартады.