26 Наурыз, 2010

БӘРІМІЗДІҢ МІНДЕТІМІЗ

784 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Ана тіліміздің қоғамның барлық салаларында өз мәртебесіне лайық орын алуы – мемлекеттік мәні бар өте маңызды мәселе. Сол себепті облысымызда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мақ­сатында негізгі үш бағыт бой­ынша жүйелі жұ­мыс­тар атқарылып келеді. Біріншіден, мем­лекеттік орган­дар­­дағы іс қағаздарының мем­ле­кет­тік тілде жүр­гі­зі­лу сапасы бақылауға  алы­нып, қажетті әдіс­­темелік көмек көр­се­ті­луде. Аймағы­мыз­дағы қазақ тілінің ахуалын сараптау үшін облыс әкімді­гі­нің жанынан құрыл­ған мем­ле­кеттік тіл сая­сатын одан әрі же­тіл­діру жөніндегі жұмыс тобының оты­рысында тоқсан сайын қала, аудан әкімдерінің есептері тыңда­лып, құжаттарды мемлекеттік тілде дай­ындау жөнінде қатаң талап қойылды. Бүгінгі күні облысымыздағы 10 әкімдік пен 4 басқарманың мәжіліс залы және 3 мәдениет  мекемесі ілеспе аударма құралдарымен жаб­дықталған. Са­па­лы аудармамен қам­тамасыз ету мақсатында облыстық іс-ша­ралар жоспары шеңберінде ілеспе аудармашылар оқытылуда. Екіншіден, “Бүгінде қазақ тілі Қазақстан хал­қын бір мақ­сатқа топ­тасты­ра­тын, ұлт­тық жаңғыруы­мызға серпіліс туғызатын айы­рық­ша күшке ие бол­ды” – деп Ел­басымыз айт­қан­дай, достық­тың киелі бесігіне айналып, талай ұлтты бауырына бас­қан Ертіс өңірінде өзге ұлт өкіл­дерінің қазақ тіліне деген қызығу­шылығының ар­туына байланысты, әкімдік тарапы­нан жүйелі түрде тиісті шаралар ұй­ымдастырылып, қолдау көрсетілуде. Соның нәтижесінде аймағы­мызда 1000-ға жуық мектеп жасына дейінгі балалар қазақ тілінде тәрбие беретін балабақшаларда, 500-ге жуық өзге ұлт өкілдерінің балалары қазақ мектептерінде, 100-ден астам қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт студенттері жоғары оқу орын­дарында білім алуда. Жалпы облыс бойынша 2009 жылы 12832 әртүрлі санаттағы азамат мемлекеттік тілді оқып үйренді. Бұл қазақ тіліне  деген сұраныстың  артқандығының белгісі. Үшіншіден, мемлекеттік тіл саясатын насихаттау және оны іске асыру мақсатында түрлі мәдени-бұ­қа­ралық шаралар ұйымдастырылып ке­леді. Өзге ұлт жастарының қа­ты­суымен мемлекет­тік тілді үйренуді жарнамалайтын бейнероликтер дай­ындалып, облыс­тық телеарналардан көрсетілуде. Сондай-ақ, жастардың бастамасымен “Ортақ тіл”, “Тілдес” бағдар­ла­малары  жарыққа шығуда. С.Торайғыров атындағы Пав­лодар мемлекеттік университетінде өзге ұлт студенттерінің шығарма­шы­лық идеясымен қазақ театры ашы­лып, халқымыздың ұлы классик­терінің туындыларын сахнаға шығаруда. Сонымен қатар, ғаламторда мемлекеттік тілдегі “Достық кеңіс­тігі”, Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы облыстық ұйымының “Ертіс дидары” және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы облыстық фи­ли­алының “Қайран елім” сайттары жұмыс істеуде. “Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Тілсіз ұлт болмайды. Өз ті­лі­мізді сақтау, өз тіліңді құр­мет­теу отан­шылдық рухты оятуға қыз­мет етеді, әрі ата-баба алдындағы ұлы парызымыз” – деп Елбасымыз айт­қандай, тіліміздің мерейін көтеріп, асқақтату бар­шамыздың басты міндетіміз. Бақытжан САҒЫНТАЕВ, Павлодар облысының әкімі.