Қоғам • 20 Қараша, 2019

Орта тап нардың жүгін көтеруі тиіс еді...

664 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Соңғы 5 жылда Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны 77 мыңнан 1,4 миллионнан астам адамға артқан. Әлеуметтік көмекке бюджеттен бөлінетін қаражат көлемі 2017 жылдан бері 17 есе көбейді және одан да арта түсті», деді. Иә, Президенттің бұл сөзі мемлекеттің өз халқына жасап жатқан қамқорлығының көрінісі болса, екінші жағынан еліміздегі тұрақтылық пен дамудың көрсеткіші саналуы тиіс орта таптың азайып, бұқараның арасында кедейлердің қарасы молайғанын байқатады.

Орта тап нардың  жүгін көтеруі тиіс еді...

Орта тап – тұрақтылық кепілі

Әлеуметтану ғылымындағы стратификация жөніндегі теорияларда орта тап ретінде табысы тәуір, тұрақты қызметі мен ман­сабы, баспанасы, жиған-тер­ген азды-көпті қаржысы бар адам­дарды атайды. Бір сөзбен айт­қанда, «аузы аққа тиген» адамдарды айтатын болса керек. Дегенмен бұл топтың қатарына қосылған азаматтарды саяси ұстанымдары, мүдделері, қызығушылықтары мен сұраныстары, рухани құн­дылықтары тәрізді сансыз кри­терийлер тұрғысынан да баға­лауға болады. Классикалық үл­гі­де орта тап елде әлеуметтік тұ­рақ­тылықты сақтап, білікті жұ­мыс күшімен қамтамасыз ете­тін, орта және шағын бизнес үшін қуатты тұтынушы на­ры­ғын қалыптастыратын, саяси тұрақтылықтың сақталуына мүд­делі адамдар тобы ретінде сипат­талатыны бар. Алайда, Қазақ­стандағы орта таптың қазіргі сыр-сипатын суреттеп беретін нақ­ты дерек жоқ.  Әр зерттеуші әр­түрлі пікір айтады. Бәлкім, әр ел­дің, қоғамның сыр-сипаты мен қалтарыс-бұлтарысы, аза­мат­­тардың дүниетанымы әртүрлі бо­латындықтан еуропалық  көзқарас­тағы орта тап өлшемдері біздің елге сәйкес келмейтін де шығар. Алайда, елімізде ор­та таптың ықпалы өте төмен еке­нін барлық зерттеушілер мойын­дауға мәжбүр әрі аталған санаттың қалыптасуы ұзақ уақытқа созылатын үдеріс болса керек.

Ал «DAMU Research Group» зерт­­теу агенттігінің директоры Ти­мур Айсауытов орта тап тұ­рақ­­тылыққа мүдделі болға­нымен, әлі толық қалыптаса қоймағанын айтады.

«Егер әлеуметтік страти­фикацияны гео­мет­риялық пішін­дермен сипаттайтын бол­сақ, идеалды қоғам ромб түрінде болуы керек. Тым кедейлер мен байла­ры аз, орта тап өкілдері мол болуы тиіс. Бі­рақ ондай қоғам жаһанда сирек кез­деседі. Қазақстандағы жағдай ромб емес, пирамида бейнесін береді» дейді ол. Яғни, елімізде кедейлер мен орта тапқа қосыла қоймайтындар саны мол да, ауқаттылары тым аз. Әрине зерт­теуші бұл жерде Қазақстан қоға­мы­ның әлеуметтік жіктелуін пирамида үлгі­сіне ұқсатқанымен, біздіңше еліміз­дегі әлеу­мет­тік стратификацияны гео­метрия­лық пішінмен сипаттасақ, пирами­да­ға да ұқса­майтын тәрізді. Өйткені орта тап үле­сінің аздығы сонша, пирамиданың орта тұсын да қалыптастыра алмайды. Оған бір­қатар зерттеулердің нәтижесі нақты дәлел бола алады. 2017 жылы Credit Suisse Research Institute зерттеу орталығы «Қазақстан халқының 97,6 пайызы жылына 10 мың долларға жетпейтін табыс табады» деген дерек жариялады. Зерттеу қорытындыларында отандастарымыздың арасында 10 мыңнан 100 мың долларға дейінгі табыс табатындар ел халқының 2,1 пайызын, 100 мыңнан 1 млн долларға дейін табыс табатындар 0,3 пайызын құрады. Ал Мәжіліс депутаты Азат Перуашев алға тартқан дерекке сенсек, қазақс­тандықтардың тек 0,4% -ы ғана жылына 100 мың доллар табыс табады. KPMG халық­аралық аудиторлық компаниясының зерт­теуіне сүйене отырып депутат: «Ал аза­маттардың 97%-ы жылына 10 мың дол­ларға дейін табыс табады. Ал 0,001% (162 адам) азамат қана Қазақстанның жарты табысын иемденеді», деген еді. А.Перушаев 2019 жылғы деректерді келтіргенін ескерсек, екі жылда жағдай өзгере қоймағаны байқалады. Міне, бұл дерек­тер елімізде саяси тұрақтылық пен әлеуметтік-экономикалық дамудың драй­веріне айналуы тиіс орта таптың қалып­та­са қоймағанына айқын дәлел.

 Орта таптың қалыптасуына  мемлекет те мүдделі

Иә, мемлекет табысы тәуір, қолдауға мұқтаж емес, біреуге масыл болмайтын, салық төлеп, бірлі-жарым адамға жұмыс беруге немесе отандық өнімді молынан тұтынуға  қабілетті топтың көбейгеніне мүдделі. Өйткені қоғамда орта таптың үлесі көбейсе әлеуметтік наразылықтар азайып, бұқараның сатып алу қабілеті де арта түседі. Статистика бойынша орта таптың «омыртқасына» айналуы тиіс шағын және орта бизнес елімізде жақсы дамып келе жатқанға ұқсайды. Ресми деректерге қарағанда 2008 жылдан бері еліміздің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 11 пайыздан 26 пайызға дейін көтеріліпті. Шағын және орта бизнес нысандарының саны 1,3 млн-нан асыпты. Бірақ олардың орта тапты қалыптастыра алмай отырғаны байқалады. Бұл жерде мемлекеттің қолдауы да нәтиже­лі болмай жатса керек. Тимур Айса­уытовтың сөзіне қарағанда орта тапты мем­лекеттің қалыптастыруы мүмкін емес. «Әрине түрлі бағдарламалар, арнайы қолдау шаралары жасалатын шығар. Бірақ орта таптың қалыптасуы ұзақ мерзімді қажет ететін, өзіндік ерекшеліктері бар құбы­лыс. Орта тапты анықтайтын критерий­лердің қатарына адамның табысы, әлеуметтік жағдайымен қатар, дема­лысы, денсаулық сақтау мен білім алу мүмкіндігі, тіпті таным-түсінігі де кіре­тінін ескерсек, мәселе тек табыста тұр­ған жоқ», дейді «DAMU Research Group» зерттеу агенттігінің директоры. Ал әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Баян Жүзікбайқызы орта таптың қалып­тасуында экономикалық емес факторлар да өзекті екенін айтады. «Орта таптың қалыптасу процесі қазақ қоғамы үшін жаңа институттардың пайда болуына алып келді. Олардың біршамасы капиталистік құндылықтармен бірге импортталса, екіншілерінің тамыры – өз қоғамымыздың «төл туындысы». Орта таптың экономикадағы тұрақтылықты қамтамасыз ететін рөлін талдай отырып, оның қалыптасуындағы экономикалық емес факторларды ескерсек, көтеріліп отырған мәселенің қаншалықты маңызды екенін көреміз. Қазақстандық орта тап туралы зерттеулер негізінен орта таптың қалыптасуын кәсіпкерлікпен байланыс­ты­рады. Көп жағдайда ол материалдық тұрғыда ауқатты адамдардың қабатын қалып­тастыру деп қарастырылады. Эконо­ми­калық игілік – орта таптың бір ғана көрсеткіші. Қоғамның дамуына ықпал етуші орта таптың портретін жасағанда оның әлеуметтік-саяси, әлеуметтік-мәдени бет бейнесі мен жан дүниесіне де үңілу керек. Орта тапты құрайтын топтардың білімі, рухани ұстанымдары мен мақсат-мұраты қандай? Ол өзін кіммін деп есептейді? Әңгіме орта тап өкілі тек ауқатты адам ғана емес, сонымен қатар өмірлік философиясы қазақстандық (қазақ) қоғамды тұрақтандыратын, дамытатын, ең бастысы тарихи сабақтастық принципін сақтағанын көрсететін рухани біртұтастықты құрауы тиіс дегенге саяды» дейді ғалым.

 Бақуаттылықпен ғана өлшенбейді

Әлеуметтанушы Баян Жүзікбайқызы орта тапты сипаттауда дамыған елдердің үлгісіне бірден жүгіне салуға болмай­ты­нын айтады. Өйткені әр елдің өзін­дік ерекшеліктері болатыны сөзсіз. «Қазақ­стандағы орта тапты сипаттауда дамы­ған экономикасы бар елдердегі критерий­лер­ді қолдануда сыни ұстаным қажет. Қазақ­стандық отбасы (қазақ отбасы соның ішінде) нуклеарлық сипатқа ие болуы басым болғанына қарамастан, үлкен отбасылық қасиетінен, әулеттік құры­лымынан айырыла қойған жоқ. Бұл өз кезегінде әлеуметтік қатынастардың ерекше­лігіне ықпал етіп отыр. Соның ішінде орта таптың қалыптасуына да әсер етеді» дейді ол. Ал Тимур Айсауытов болса қа­зақтың «текті» деген ұғымы орта тапты сипаттауға жарайтынын алға тартады. «Әрине бұл менің жеке ойым. Дегенмен тектілік дегеннің өзі көзі ашық, көкірегі ояу адамға қатысты айтылатын болса кер­ек. Әрі олардың әлеуметтік жағдайы да жарлы-жақыбайдан тәуір болады. Бұл жерде мен мәселеге рухани-мәдени құндылықтар тұрғысынан келіп отырмын. Орта тап өкілдерінің табысы ғана емес, саяси ұстанымы, олар қажет ететін рухани-мәдени құндылықтар да ескерілуі тиіс. Сондықтан тектіліктің орта тап ұғымымен байланысы бар деп білемін» деді, Т.Айсауытов. Демек орта тап дегеннің өзі бір ғана ауқаттылықпен өлшенбейтін болса керек.

Бірақ дағдарыс кезінде бәрібір орта тап өкілдерінің саны азаятынын кез келген зерттеуші мойындайды. Шамасы «сананы тұрмыс билеп» адамдардың рухани-мәдени сұраныстары кейінгі сатыға ығыстырылатын болса керек. «Дағдарыс кезінде нарықтағы ауытқулар мен біз сияқты мұнай экономикасы бар елдерде, әсіресе, институттану дәрежесі әлсіз орта тап өз позициясын төмендетеді. Ол қайта қалпына келуі үшін біршама ресурс, яғни уақыт, қаржы, тәжірибе, жаңа білім мен сол білім негізінде өңделген ақпарат қажет болады. Айта кететін жайт, бұл тек орта тап буынына ғана емес, жалпы қоғамға қажет. Осы жерде экономикадағы реформалардың концептуализациясы, оны жан-жақты талқылау мәселесі де маңызды» дейді Б.Жүзікбайқызы. Оның айтуынша, дағдарыс кезінде прекариаттанған топ көбейеді екен. Бұл дегеніңіз еңбек қатынастарында тұрақтылық азайып, жасалған келісімшарттың кез келген сәтте бұзылуы мүмкін жағдайдың қалыптасуы болса керек. Яғни, жұмыс беруші еңбек қатынас­тарында азаматқа әлеуметтік және құқықтық кепілдік бермейді, қоғам­да азаматтық-құқықтық келісімшарт арқы­лы қысқа мерізімге жалданып жұмыс істей­тін­дер көбейеді. Фрилансерлерді, аутстаф­фи­нг негізінде жұмыс істейтіндерді, жал­да­­­малы жұмысшыларды осылардың қата­рына қосуға болады. Прекариация жұмыс берушінің персонал үшін қандай да бір жауапкершілік алуын мейілінше азайтады. Мұндайда кәсіподақтардың қызметі әлсірейді. Өкінішке қарай, еліміз­де мұндай жағдайдың қалыптасқаны бел­гі­лі. «Дағдарыс кезеңі прекариаттанған топтың көбеюіне алып келеді. Британдық экономист және әлеуметтанушы Гай Стэндингтің зерттеулеріне сәйкес қоғам­ның прекаризациясы аса қауіпті құбы­лыс­тың бірі. Бұл – тұрақты жұмысы жоқ, жұмыспен уақытша және кездейсоқ қам­тыл­ған әлеуметтік тұрғыда қорғалмаған топ. Әлемнің көптеген елдерінде прека­­риат 30-40%-ды құрайды. Прекаризацияның аса үлкен қаупін еңбек нарығындағы кәсіби мамандану деңгейін төмендеуінен байқауға болады. Қазақстандық прека­риат та жеткілікті дәрежеде зерттелме­ген топ болып отыр» дейді Б.Жүзікбайқызы. Елімізде шетелдік жұмысшылар мен отан­дас­­тарымыздың табысындағы айырма­шылық, шетелдіктер мен қазақс­тандық жұ­мысшылардың жиі-жиі кикіл­жіңге ке­ліп қалатыны да осы прекаризацияның ке­сірінен болуы да мүмкін. Біз мұның бәрін әлеуметтік әділетсіздікке апарып тірегенімізбен, іс жүзінде Қазақстанда клас­сикалық үлгідегі орта таптың қалып­та­са алмай жатқанының салдары болса керек. Классикалық орта таптың өлшемдері біз үшін әзірге алыс сияқты көрінеді. «Орта тапқа қатысты әлемдік көрсеткіш бойынша жан басына шаққандағы айлық табыс көлемі 2-2,5 мың доллар, 40 шаршы метр баспана, отбасында кем дегенде 2 автокөлік болуы керек деген классикалық мысалды алсақ, қазақстандық орта тапты әлемдік стандартпен бағалаудың қанша­лық­ты қиын екенін көруімізге болады» деді Б.Жүзікбайқызы. Біздің орта тап қалып­таспай жатыр деуіміздің сыры осын­да. Бұдан бөлек өздерін орта тапқа жатқы­затын азаматтар елімізде және шетелдерде қаншалықты жиі демалады, теа­тр мен киноға айына неше рет барады, құнды қағаз нарығына қызығып, қандай да бір фирманың акциясын сатып алуға қауқарлы ма, біліктіліктерін арттыру үшін не істейді, жалпы еңбек нарығындағы бәсекеге қабілетті ме дегендей сансыз сауал­дар­ға жауап беру керек.

 Елдің белсенді азаматтары шетке кете бастады

Жуырда масс-медиада елімізден шетелдерге кеткен азаматтар жайлы деректер жарияланды. 34,4 мың адам шетелге көшіп кетіпті. Әсіресе солтүстік аймақтарда ше­тел­­­­дерге қоныс аударғандар көп екені бай­қалған. Шетелдерге кетіп жатқан­дар­дың басым бөлігі жоғары білімді аза­мат­тар. 2017 жылы шетелге 11290 жоғары білімді азамат қоныс аударған. Бірқатар әлеуметтанушылар Қазақ­стан­ның әрбір оныншы тұрғыны шетелге қоныс аударуды көздейтінін айтып жүр. Бұл дегеніңіз онсыз да қалыптасып бітпе­ген орта тапты тіптен әлсіретері сөзсіз. Әлеу­меттанушы Б.Жүзікбайқызы да бұл мәселеге алаңдаушылық білдірді. «Енді орта таптың психологиялық портретіндегі маңыз­ды мына нюансқа көз жүгіртсек: орта тап өкілі белсенді, бастамашыл, жаңашыл және тәуекелшіл. Соңғы жылдардағы мигра­циялық көңіл-күйге, стратегияларға қара­ғанда, біз қазақстандықтардың осындай белсенді бөлігінен айырылып қалу қаупінің бар екенін де мойындауымыз керек» деген ғалым қоғамдағы саяси, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін орта таптың үлесі артуы керек екенін айтады. «Қоғамдағы саяси, әлеуметтік-экономикалық тұрақ­ты­лық­ты қамтамасыз ететін функциясын толық атқару үшін орта тап 50-60% -ды құрау керек десек, қазақстандық орта тап бұл межеге жеткен жоқ және орта тап­тың қалыптасуын тек экономикалық тұр­ғыдан қарастыру да жаңсақ пікір. Мәсе­ле кешенді реформаларды талап етеді» дейді ол. Қысқасы, ғылыми тілде «орта тап» аталып кеткен топтың үлесі халық­тың тең жартысын құрамайынша, елдің дамуы жалғасып, саяси, әлеуметтік-эконо­ми­калық тұрақтылықтың сақталатынына кепіл­дік беру қиын іс болса керек.

 Түйін

Қазақстандағы орта таптың ең үлкен  артықшылығы – білімде.  Қазақс­тан­дық­тар­дың сауаттылық деңгейімен жоғары білім алу мүмкіндігі жоғары. Алайда білік­тілік мәселесінде  мақтана алмайтыны­мыз тағы бар. Әдетте орта таптың қалып­та­суы­на әлеуметтік мобильділіктің ықпал ете­тіні айтылады. Әсіресе вертикалды мо­бил­ьділік немесе әлеуметтік  лифт  ерекше ма­ңызды болса керек. Бірақ Қазақстанда верти­калды мобильділіктің нақты қандай деңгейде екенін де дөп басып айтар ешкім жоқ. Бірақ  елдің еңсесін тіктер  таптың әйтеуір бір қалыптасары анық. Тек тым ұзаққа  созылмаса болғаны.