Күрең күзді ұзатып салып, қыс маусымы басталар тұста Алатаудан ескен салқын самалмен тыныстап, шаңғы тебу үшін Алматыға асығатын шетелдіктердің ішінде Ресей мен Қытайдан келетін туристер көш басында тұр. Ал көне шаһардың көркіне көзайым болып, қысқы демалысын Алматыға таңатындардың арасында көршілес қос мемлекеттен кейін оңтүстіккореялықтардың үлес салмағы басым көрінеді. Қысы-жазы шыңынан қар кетпейтін тарихи демалыс орны бұл маусымда жаңа тыныс алған дерсіз. Неге десеңіз, мұндағы барлық жабдық тұтастай жаңартылып, тау шаңғысының саны үш мыңға дейін көбейген. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына жазды.
«Шымбұлақта тағы бір шаңғы маусымын аштық. Биыл мұндағы жалға берілетін аймақ екі есеге артты. Күрделілігі түрлі деңгейдегі 25 шақырым трасса дайындалды. Өткен жылы мұнда шамамен 682 мың адам келген. Оның 220 мыңы шаңғышылар. Келушілердің жыл сайын 15 пайызға өсуі туристерге көрсетілетін қызмет сапасының артқанын аңғартады. 65 жылдығын атап өткелі отырған тау курорты шетелдік туристер үшін, әсіресе Ресей, Қытай және Оңтүстік Корея елдеріне танымал демалыс орнына айналды», делінген қала әкімінің жазбасында.
Шымбұлақ шатқалына айдындай тайғанақ мұз жолдарын жаны сүйетін шаңғышылар, шеберліктерімен таңғалдыратын сноубордшылар көптеп келеді. Себебі бұл жерде арнайы отырғышы бар көтерме жолдармен теңіз деңгейінен 3163 м биіктіктегі Талғар асуына шығу мүмкіндігі бар. Мұндағы асудан түсетін жер өте тік болғандықтан, кәсіби шаңғышылар үшін арманға қанат бітіретін таптырмас орын. Ал еш жерде қайталанбайтын атмосферадан қала тұрғындары ерекше рухани күш алатынын айтады.