Бір аптаға жалғасқан жарыстың апта басындағы ашылуында сөз алған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов чемпионаттың ел экономикасы үшін маңызы зор екенін атап өтті. «Бұл еліміз үшін өте маңызды іс-шара. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласына өте үлкен көңіл бөледі. Қабылдауы кезінде Мемлекет басшысы техникалық және кәсіптік білім саласын дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді. Соның ішінде WorldSkills қозғалысын дамыту мәселесін де көтерді. WorldSkills мамандығын білім бағдарламаларына енгізу мәселесі – біздің алдымызда тұрған басты мақсат», деді министр.
Конкурсқа қатысушылар «Кірпіш қалау», «Плиткамен қаптау», «Құрғақ құрылыс және сылақ жұмыстары», «Сырлау және сәндік жұмыстары», «Сантехника және жылыту», «Электромонтаж жұмыстары», «Ағаш ісі», «Дәнекерлеу технологиясы», «Электроника», «Сандық бағдарламалық басқаруы бар станоктар токарлық жұмыстары», «Көрнекі мерчендайзинг және витринистика», «Жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету», «Кузовты жөндеу», «Прототиптеу», «Шатыр жұмыстары», «Мехатроника», «Зертханалық және химиялық сараптау», «Веб дизайн және әзірлеу», «Графикалық дизайн», «Желілік және жүйелік басқару», «CAD инженерлік графикасы», «Бизнеске арналған IT шешімдер», «Ұялы роботтехника», «Ақпараттық-кабельдік желілер», «Интернет заттар», «Өндірістік автоматика», «Ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару», «Мейрамханалық қызмет көрсету», «Кондитерлік ісі», «Аспаз ісі», «Наубайхана ісі», «Қонақүйді басқару», «Медициналық және әлеуметтік күтім», «Шаштараз өнері», «Сән технологиясы», «Мектепке дейінгі оқыту», «Бастауыш сыныптарда оқыту», «Флористика» сияқты кәсіптік мамандықтар бойынша сайысқа түсті.
Жас мамандарды экономиканың өндірістік секторына тартуға, елдегі техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға ықпал етуді мақсат тұтқан жарысқа 18 бен 22 жас аралығындағы колледж және жоғары оқу орындарының студенттері, кәсіпорындардың жас қызметкерлері қатысып, олардың жұмыстарын 500-ге жуық сарапшы бағалады. «Жастар шеберліктерін жақсы көрсетті. Біздің колледж үш жылдан бері қатысып келеді. Қатысушыларымыз әр жылы жүлделі болады. Осы жолы үш студентіміз жарыстың CAD инженерлік графикасы, жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету, кузовты жөндеу сияқты түрі бойынша бақ сынады. Бұл жарыс білікті мамандарды даярлауға, жаңа идеялар мен трендтер жасауға, кәсіби білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ кәсіби шеберлік дағдыларын жетілдіретін алаңға айналады», дейді Шымкент қаласы Жол-көлік колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Әбдімүтәліп Ақмолдаев.
WorldSkills дүниежүзілік қозғалысы 1946 жылы Испанияда құрылған. Бүгінде әлемнің 82 елі осы ұйымға мүше. «2014 жылы Қазақстан WorldSkills International (WSI) толық құқылы мүшесі болды. Осыдан соң WSI «Кәсіпқор» холдингі» коммерциялық емес акционерлік қоғамын WorldSkills Kazakhstan қозғалысын дамыту бойынша қызметті жүзеге асыратын мүше ұйым ретінде қабылдады. Соған сай холдинг пен WSI арасында серіктестік келісім бар. 2015 жылдан бастап инженерлік, техникалық және жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыруға бағытталған WorldSkills чемпионаттары аймақтық және республикалық деңгейде өткізіліп келеді. Ең алғашында 7 кәсіптік мамандықтың түрімен басталған сайыс биыл 38 мамандық бойынша кіл жүйріктерден шын жүйрікті анықтады. Республикалық жарыстың жеңімпаздары халықаралық чемпионаттарға жіберіледі. Қазірге дейін олар Бразилия, Швеция, БАӘ, Венгрия, Ресей сияқты елдерде өткен конкурсқа қатысып, бағын сынады. Мысалы, соңғы рет Қазан қаласында өткен жарыста ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару түрі бойынша біздің елден қатысқан Әли Әскерханов 3-орынды иеленді. Яғни, қатысушылардың кәсіби шеберлігі жыл сайын артып, шыңдалып келеді. Ал әлемдік 45 чемпионатқа қатысқан еліміздің мехатроника мамандары кәсіби шеберлік бойынша арнайы медальді еншіледі. Бұл біз үшін үлкен жеңіс. Өйткені онда біздің қатысушылар Германия, Испания, Ресей сияқты ең мықты деген елдердің кәсіптік мамандарымен тайталасқа түсіп отыр.
Демек WorldSkills-ті жұмыс беруші мен білім саласының арасындағы көпір деуге болады. Осылайша жастар кәсіптік мамандыққа деген қызығушылығын арттырып, біліктігін шыңдаса, жұмыс беруші де өзіне қажетті маманды табады. Өйткені бұл жоғары стандарттарға сай жұмыс істеуге жетелейді. Мәселен, бізде токарлар май-май болып станоктарда тұрады деген ұғым қалыптасқан. Ал қазіргі токарлық алаңдарда адамдар жабық нысанда ақ халатпен жұмыс істейді», дейді «Кәсіпқор» холдингі» КЕАҚ WorldSkills қозғалысын дамыту департаментінің директоры Санжар Тәтібеков.