100 • 21 Қараша, 2019

Жақсы дәстүр жалғаса береді

394 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Елорда ендігінен өзіне тиесілі еншісін алып, еркін жайлаған «Егемен Қазақстанның» еңселі ғимараты сырттай тыныштық құшағына сүңгіп, қаладағы көп құрылыстың біріндей өзінің қимылсыз қалпын бұзбағанымен, ішіндегі буыр­қанған тіршілік тасқыны шын мәніндегі шығармашылық жұмыстың жайбарақат жүзеге аспайтындығын айқын аңғартып тұрғандай. Күн сайын ояу жүректі оқырманын ойлы мақалаларымен қуантпақ ниетте жұ­мыл­ған жұдырықтай жабыла еңбектенген әр қызметкердің өз жауап­кер­шілігі бар.

Жақсы дәстүр жалғаса береді

Иә, газет шығару – ұжымдық жұмыс. Оны сол үдерістің ішінде жүріп, күн-түн, ерте-кеш, демалыс-мереке демей, көзін тырнап ашып, көлікке отырып, межелі жерге жетуге, оқиға орнынан салмақты, сауатты ақпарат беру жолында жанталасқан журналист пен оларды оң іске бағыттаушы басылым басшылары, жазылған дүниені газет үлгісінде жалпақ жұртқа жария етуге қызмет ететін өз ісіне жетік кәнігі кәсіби шеберлер – жауапты хатшы, фототілші, дизайнерлер мен корректорлар, координаторлар мен өзге де техникалық сала қызметкерлерінен артық сезініп, білетін жан сирек. Бір қызығы, жазудың ләззатына түсіп, қаламнан өз рақатын тапқан тілшіге де, оған жөн сілтейтін бас­шыға да бұдан асқан бақыт жоқ.

Әрине, кезіндегі әріпті ойып теріп, май-май болып баспахана жағалап, кезекшілік атқаратын, қойындәптерін қолтықтап, табанынан таусылып жү­ріп сұхбат алатын кәсіби машақаттар азайып, орнын заманауи техника­ның жетістіктері жеңілдетті дегеніміз­бен де, журналистің интеллектуал­дық білім, әріптестермен қарапайым адами қарым-қатынас тұрғысындағы жауапкершілігі титтей де кеміген жоқ. Керісінше, ұлттық жуналистикадағы дәстүр мен діл құндылығы арта түсті. Ал мұның айқын үлгісін «Егеменнің» әріп­тестік бауырластыққа ұласқан ұла­ғат­ты шаңырағынан көруге болады.

Редакцияға анда-санда жолы түсер қонақ тұрмақ, әр таң сайын «Егемен» есігінен имене кірер қызметкерінің өзі табалдырықта сәл аялдап барып төрге озатыны бар. Себебі қарашаңырақтың мысы басып, кіреберіс қабырғаны тұтас ала қылқалам тілінде үн қатқан тағы­лымға толы композиция еріксіз кідіртеді. Газеттің алғаш жарық көр­ген күнінен бастап шығармашылық жұ­мыс­­ты басқарып, бағыт-бағдар берген, төл қолтаңбасын қалдырған басшы­лар – қайраткер тұлғалар галереясы тарих­тың күнгейі мен көлеңкесі қатар өріл­ген шежіресінен үнсіз сыр шертіп тұр­ғандай көңіл толқытады.

Әлі есте, оқу бітіре салып елордаға қоныс аударғанда, Алматыдағы журна­лис­тік ортаны сағынатынымызды білсек те, астанада ақпарат кеңістігінің алпауыты – «Егемен Қазақстан» газеті бар ғой деп бас шаһар жаққа тәуекел еткен едік. Небір ұлылардың қайталанбас ізі қалған киелі қарашаңырақтың табалдыры­ғын бір аттап, шеберханасын көру арман болған. Сондай сәттерде журналист аға-апаларға телефон шалып, толқу мен қорқу сезімін қатар арқалап «Егеменді» бетке алушы едік. Сол кездегі газеттің бас редакторы болған Жанболат Ауп­баев жылы сөйлеп, ақылын айтса, кейін бүгінгі газет басшысы Дархан Қыдыр­әлі талай жасты қолдап, қызметке қабыл­дап, «Егемен Қазақстан» мектебін көру­ге кең жол ашып берді. Сондағы тол­­қы­нысты күйді бүгінде бір қауым елге ай­налған «Егеменде» қызмет етіп жат­қан жастардың әрқайсысының да ба­сы­нан кешіргеніне бәс тіге аламыз. Өйт­кені «Егемен Қазақстан» жай ғана қызмет орнынан бұрын, ең әуелі кәсі­бін енді бастаған жас маман үшін тағы­лым мен тәрбие мектебі. Мұнда сонау Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Ай­мауытов, Сәкен Сейфуллин, Ұзақ Бағаев, Сапар Байжанов, Балғабек Қы­дыр­бекұлы, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекіл­баев, Нұрлан Оразалин, Уәлихан Қали­жан, Ержұман Смайыл, Сауытбек Абдрахманов бастаған тамаша мектептің ұлағатын ұлықтап, ағадан ініге, ападан сіңліге мұра етіп беріліп, әрбір әрекет, қимылымен, сөз саптау мәдениетімен бойға сіңіріліп отырар тамаша дәстүр сабақтасығы бар. Тағылым тынысын үзбей, үнемі айтып, нәтиже шықпаса үйретіп, білгенін жастардың бойына сіңіруге тырысып жүретін редакция табалдырығын жас кезінде аттап, еңбекпен есейген Жылқыбай Жағыпарұлы, Берік Садыр, Самат Мұса, Сұңғат Әліпбай, Қарашаш Тоқсанбай, Анар Төлеу­ханқызы, Александр Тасболат, Талғат Батырхан, Ғабит Мүсіреп бас­таған аға буынның ұлағаты кейінгі толқын үшін ешқандай бағалауға бағынбайтын байлық деп білеміз. Оны мұндағы саналы жастың әрқайсысы сезініп, ішпен біліп, содан лайықты қорытынды да шығарып келеді.

Газеттегі адамгершілік академия­сы қалай жолға қойылса, маманды шыңдау мектебі де сол биікте. Күн­де­лікті газеттің тыныс-тіршілігі мүлдем бөлек. Әсіресе «Егеменге» дейін об­лыстық немесе республикалық газеттерде  қызмет етіп келгендер ол сал­мақты да, жауапкершілікті де айқын сезінеді. Мұнда ең әуелі көз ілеспес жылдамдықпен қатар сауатты сараптай білу қабілеті де аса қажет. Егер осы екеуінің бірінен ақсасаңыз, бет қатталып жатқанда сіздің ғана материалыңызды күтіп отырған күллі ұжым алдында сүйкімсіз болдым дей беріңіз. Әрине кәсіби этикет бойынша, шығармашы­лық шеберхана құпиясын сыртқа шыға­ру­ға болмайтынын білсек те, газеттің ғасыр тойы қарсаңында кино тілімен айтқанда «кадр сыртындағы» кәсіби қызықтарымызбен аздап бөлісіп қоюды жөн санап отырмыз. Сол арқылы бүгінгі редакция тынысымен де жақынырақ таныстыра аламыз деп ойлаймыз.

Жоғарыда атап өткеніміздей, газетте ең әуелі журналистің жеделдігі жоғары бағаланады. Күнделікті газет «конвейеріне» түскенде кім-кімнің де ә дегенде абдырауы, қалыпқа түскен­ше біраз қиналуы заңды. Барған іс-шараңнан жазған есепті күнбе-күн тапсыру бір апта бойы ойланып-тол­ғанып, көркем тілмен көсіліп жазуға машықтанған кейбір журналистер үшін сынақ, тіпті жеделдікке баулу мектебі десек те болды. Материалды кешіктіріп тапсыруыңның салдарынан бір қауым елдің сені ғана күтіп отырғанын көр­генде, іштей ыңғайсыздық қысып, тіпті көзіңнен мөлтілдеп жастың қалай шы­ғып кеткенін байқамай қалатын сәттер де жиі кездеседі. Сондай кездер­де бөлім басшысының, одан әрі ре­дак­тораттың қас-қабағына қарайлай бере­сің. Ал бас редактордың соңғы сөзі негізінен хатшылықтың көңіл-күйіне тікелей байланысты. Ол жақтың қабағы қатулы болса, жағдайың қиын. Ал ондай «хәлге» бір түскен журналист, келесіде жазуына қалай жылдамдық қосқанын өзі де байқамай қалады.

Мысалы, өзім істейтін «Мәдениет және руханият» бөлімі­нің тәжірибесін тілге тиек етсем біраз жайға қанығуға болады. Әсіре­се, жетек­шіміз – Ғабит Іскендерұлы, бөлім бас­шымыз Талғат Батырхан болып тұр­ған кезде «Руханияттың» жастары әжеп­тәуір шыңдалып үлгерді. Талғат аға жадырап, жарқырап жүргенімен, жағдай тығы­рыққа тірелген кезде батырып айтып жібереді. Бірден жиналасың. Ал Ғабит аға­ның жөні бөлек. Дауыс көтер­мейді. Алайда жұмысыңа көңілі тол­маға­нын көз­қарасымен-ақ жеткізеді. Ал ол көз­қарас ұрысқаннан да ауыр. Он­дай кезде бар­лық тілші тыпыршып кетеді. Ендігі сәтте ағайдың кейігенін көрмес үшін жаза­рыңа күн бұрын қам­дануға, ертерек да­йын­далып қоюға тырысасың. Ал мұ­ны жас журналист үшін мектеп демей көріңіз?!

Жұмыс барысындағы басты қауіп – хатшылықта. Бет қаттаушылар мен корректорлардың көңіл күйін бағамыз. Бұл – редакциядағы барлық журналистке тән ортақ алаң. Жазбаңды кешіктіру немесе бет қатталып болғаннан кейін материалыңды өзгерту, яки қысқарту – мұндағылардың ең ұнатпайтын дүниесі. Әрине ол кісілерді де түсінуге болады. Күні бойы ондаған, тіпті жүздеген жаз­баны қатеден тазартып, бетке әдемі етіп шығарып қойғанында, орта жол­дан келіп бар жұмысын быт-шыт ете­сің. Ал мұндай тірлік кімге ұнасын?! Сон­дай тығырыққа тірелген сәттерде өтіні­ші­мізді жерге тастамайтынын біліп, газет жұмысын бес саусағындай біле­тін кәнігі маман, жауапты хатшымыз Самат Мұсаға айтып, еркелейміз. Аға жастар­ға көп ұрыспайды. Еркелігімізге сай мейі­ріммен жауап береді. Өтінішіміз де оң шешімін тауып, хатшылықтан риза болып тарқасамыз сөйтіп.

Бұл әрине газет баспаға кетер ал­дындағы қарбалас тудыратын қиындық пен түрлі қызықтардың бір парасы ғана. Ал саяси немесе қоғамдық маңызды оқиғаларды жедел жеткізу жолындағы саясат, экономика, әлеумет бастаған айтулы бөлім журналистері мен жалпы газет шығару процесіне атсалысатын шы­ғар­машылық топ еңбегі тіпті ересен. Кейде түн жарымға дейін жалғаса­тын бет қаттау про­цесінде газет қызметкерлерінің жұмысы шын мәнінде зор құрметке лайық.

Тарих беттерін парақтап отырып түй­геніміз, ғасыр тарих куәгерінің ұлан «Ұшқыннан» бүгінгі ақсақал «Егемен Қазақстанға» жеткенге дейінгі тари­хында газет басшылығында да, шығар­­машылық қызмет қатарында да небір жүй­ріктер мен дүлдүлдер, талант­ты тұл­ғалар қызмет етіпті. Газет беттерінде сол ұлы қайраткерлер қолтаңбасында әр дәуірдің өз үні, тынысы, өрнегі тасқа басы­лып қалды. Демек, басылымның әр саны – тарих қойнауына енген соңғы жүз жылдағы әр күннің бұлтартпас куәгері.

Иә, жүз жылдық жылнама жеткізген деректерге үңілсек, газеттің алғашқы саны жарық көрген кездерде «Ұшқынға» редакторлық еткен Бернияз Күлеев, газет­тің одан кейінгі жетекшілері Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Ай­мауытов, Бейім­бет Майлин, Сәкен Сейфуллин бас­та­ған Алаш арыстары небәрі 20 мен 30 жас аралығындағы жігіттер екен. «Оян, қазақ!» (М.Ду­латов. – авт) деп, «қараңғы қазақ көгі­не күн болуға» (С.Торайғыров. – авт) ұмтылған жалынды жас­тардың алдында сенетін серкесі, бағыт түзейтін бағбаны болмады. Сондықтан да олар тек өзіне сеніп, кемел келешекке қадам басты. Болашаққа бой түзер зор бағ­дар қалдырды. Ол – бір ғасыр бойы «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» (А.Байтұрсынұлы) болып келе жат­қан еліміздің бас газеті, ұлт мерейі – «Егемен Қазақстан»! Алаш арыстары аманат еткен ғасыр ғибратын бүгін­ге жет­кізген газеттің басы-қасында жүрген әрбір тұлғаның уақыт-ағзам ала­қанында қал­дыр­ған өз бедері бар. Ендеше сол өрнекті өшірмей, келешек ұрпаққа табыстау – жүз жылдық жыл­нама – «Егемен Қазақстанның» тағы­лымды ғасыр тоғысына куә болу несі­бесі бұйыр­ған бақытты ұрпақ – бізге аманат!