Осындай ұшқыр ойлы, ұлтшыл тұлғалар жиналған бір ұя – «Ұшқын» газеті еді. Алғашқы саны 1919 жылы 17 желтоқсан күні Орынборда жарық көрген бұл үнпарақтың бірінші редакторы Орал өңірінің тумасы Халел Есенбаевтан бастап, 1938 жылы газет тізгінін қолына алған Сақтаған Бәйішевке дейінгі 18 редактордың 12-сі қуғын-сүргін жылдары жазықсыз жала жабылып, атылып кетіпті.
Бұлардың ішінде ең алдымен нысанаға ілінген 1922- жылдары газетке басшылық жасаған Жүсіпбек Аймауытов пен басылымының жетінші редакторы Әбдірахман Байділдин және атақты құран-қари Файзолла ишан «Інімсің жасың кіші, жолың үлкен, Таралып Шоң атадан жайған өркен» деп мақтайтын, журналистік жолын 1920 жылы «Ұшқын» газетінде редакция алқасының мүшесі ретінде бастаған Ахметсапа Жүсіпұлы.
Оған себеп мынау: 1930 жылдың басында БК(б)П Қазақстан өлкелік комитетінің бірінші хатшысы Ф.И.Голощекин арнайы жиын ашып республиканың бас басылымы «Еңбекші қазақ» газетін бұрынғы алашордашыл бағыт ұстануда, кері тартпа ескішіл, ұлтшыл «Қазақ» газетінің ізімен кетіп бара жатыр деген айықпас айып тақты. Барлық пәле осы айыптан басталған сияқты. Бұған дәлел аталмыш тақырып бойынша зерттеу жасаған қаламгер Тілекқабыл Боранғалиұлы, қазақтың зиялы журналшыларына қарсы қуғын-сүргін 1930 жылдың 21 сәуір күні басталды деген деректі алға тартады Өйткені осы күні Мәскеудің Бутыркасында жоғарыдағы үш арыс Ахметсапа Жүсіпов, Әбдірахман Байділдин, Жүсіпбек Аймауытов опат болды.
Сөзіміздің басында 1919-1938 жылдары газет басқарған 18 редактордың 13-і атылды дегенді айттық. Бұлар кімдер? Әуелгісінен бастасақ, тұңғыш редактор Халел Есенбаев 1938 жылы атылса, одан кейінгілер – Ж.Аймауытов, Ә.Байділдин, Б.Майлин, С.Сейфуллин, М.Жолдыбаев, Т.Рысқұлов, О.Жандосов, О.Исаев, Ғ.Тоғжанов, А.Мусин, Ж.Сәдуақасовтар да алғашқы редактордың тағдырын құшыпты.
Ал басылым тарихында үшінші редактор ретінде аты аталып жүрген һәм 1919 жылы жарық көрген газеттің алғашқы нөмірі осы адамның арнау өлеңімен ашылған, лирик ақын Бернияз Күлеев 1923 жылы 29 қаңтар күні өз ажалынан өлмегенде ол да атылары хақ еді.
1925 жылдың мамыр айында республика астанасы Орынбордан Қызылордаға қоныс аударуына байланысты «Еңбекші қазақ» (бұрынғы «Ұшқын») газетін Сыр бойына бұйдалап жеткізген газеттің төртінші редакторы Смағұл Сәдуақасов ше? Бұл арыс 1933 жылы темір жол апатына ұшырамағанда бәрі бір қызыл сүргіден аман өтпес еді. Тұлғаның өмір тарихын терең зерттеген алаштанушы-академик Дихан Қамзабекұлы: «С.Сәдуақасов «Мәскеу-Донбас темір жолы құрылысында уланды» деген ресми мәлімет бар. Бірақ бұған жұбайы, туысқандары сенген емес. Ол – бастапқы репрессия құрбаны. 1930-1931 жылдан НКВД және соған қатысы бар партия құрылымдары (Ежов, Шкирятов т.б.) орталық пен республикаларға ықпалы бар тұлғаларды есебін тауып, түрлі амалмен өлтіре бастаған болатын» дейді. Осыған қарағанда бұл адам да қызылдар құрбаны екені анық.
Қысқасы, қанды қасап жылдары газет басшыларынан тірі қалғаны төрт адам. Олар – Т.Сафиев, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов және Ж.Арыстанов. Бұлардың жаны қалғанымен тәні қуғын-сүргіннен көз ашпапты. Мысалы, газеттің екінші редакторы Тәмимдар Сафиев туралы зерттеуші Т.Боранғалиұлы 1921 жылғы бір құжатта «Т.Сафиев ұлтшылдықтың тұрпайы түрін көрсете жүріп, партиялық жұмыста белсенділік танытпады» деген сылтаумен жаза жүктеген дейді. Яғни, қудалауға түскен Т.Сафиев бой жасыру үшін Қарақалпақ айналып Мәскеу асып, ақыры сол жақта 1970 жылдары дүниеден өтіпті.
Қуғын-сүргін жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінде бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарған белгілі өлкетанушы-жазушы Жайық Бектұров өзінің естелігінде: «1938 жылдың басы. Сәкеннің, Смағұлдың, Ілиястың, Тұрардың, Бейімбеттің, Жанайдардың, Ғаббастың, Әйтікеннің көздері құрығанмен, бір кезде солар отырған креслоларда абзал ағалардың бейне-белестері көз алдымызда сайрап тұрды... Қабағымыз ашылмайды. 1938 жылдың қысында газеттің орынбасары Сұлтан Лепесов пен сыншы Құлмырза Өтепов көзден таса болды. Көктемде Ж.Арыстанов, кейінірек аса алғыр білімді азамат Аманжан Сәрсенов және мен тұтқындалдық» деп жоғарыда тірі қалған төрттіктің бірі Жүсіпбек Арыстановтың да қудаланғаны жайлы дерек келтіреді.
«Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан ізде» дегендей, басылым басшылары қанды қасаптың қылышына баудай қырқылып жатқанда, былайғы қарапайым газет қызметкерлері қалай аман қалсын, олар да боранды күні бұршақ соққан шегірткедей жайраған.
Зерттеуші Т.Боранғалиұлының «Ғасырға сыр» атты кітабында: «Ұшқынның» алғашқы редакция алқасының мүшесі Әмірғали Меңдешов 1938 жылы 27 ақпанда атылды. Сол күндері «ұшқындықтар» мен «еңбекшіқазақтықтардан» 25 ақпанда – Темірбек Жүргенов, Жанайдар Сәдуақасов, Сәкен Сейфуллин, Айтмұхамед Мусин, Ғаббас Тоғжанов, 26 ақпан күні – Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, 1 наурызда – Ораз Жандосов, 3 наурызда – Халел Есенбаев, 9 наурызда – Әбдірахман Айсарин, Мұқан Ахметов құрбан болды» деп жазады. Бұлардың барлығы газет қызметкері болған адамдар.
Қысқасы, газет 1919-1938 жылдары «Ұшқын», «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ», «Еңбекші қазақ», «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» аталған шақтарда редактордың орынбасары Рахым Сүгіров, бөлім меңгерушісі Хамза Абдуллин, Әбдірахман Айсарин, меншікті тілші Мүтәліп Ахметов, Ғазиз Исмағұлов, фототілші Макс Шохор, газетке автор болған мәдениет, ғылым, өнер қайраткерлері Темірбек Жүргенов, Нәзір Төреқұлов, Дінмұхаммед Әділов, Қоңырқожа Қожықов секілді ондаған арыс оққа байланды.
Бұлардың сыртында әр жылдары газетте қызмет жасаған қатардағы журналистер: Мерғали Ешмұхамбетов, Ғабдол Бектенияров, Әмірхан Есенгелдин, Ғұлама Себепов, Мәжит Дәулетбеков, Ахмет Елшібеков, Ғали Бегалиев, Таутан Арыстанбеков, Ғабдол Бектенияров, Мұстафа Қайыпназаров, Әмірхан Есенгелдин, Мәжит Дәулетбеков, Ахмет Елшібеков, Жұмаш Еленов, Жұмағали Орманбаев, Шияп Қожахметовтерге әртүрлі жала жабылып қуғындалса, 1920 жылы «Ұшқынның» редакция алқасына мүше болған Хайретдин Болғанбаев, Шәймерден Тоқжігітов, Асфендияр Кенжин, Кенжеғали Ғабдуллин, Темірболат Телжанов (атақты суретші Қанапия Телжановтың әкесі) т.б. азаматтар атылып тыныпты.
Суретте: 1929 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің Қызылордадан Алматыға көшіп келген ұжымы бейнеленген. Кейін 1937-1938 жылдары жазықсыз жазаға ұшырап атылған азаматтардың бет-әлпеті сызылып тасталған.