1990 жылдың 14 маусымында кешкілік теміржолшылардың Мәдениет сарайында экологияға арналған митингтің басталғаны сол еді, Жер-ана күңіреніп, тулап сала берді. Тарихта Зайсан зілзаласы деп қаралы әріптермен жазылған мыңдаған адамдардың жүрегіне сызат қалдырған табиғат апатынан Біржан есімді сәби қайтыс болып, ондаған мың адам үйсіз-күйсіз қалды. Сол кезде еліміздің бас басылымында төрт жыл бойы зілзала тақырыбы газет беттерінен түспеді. Құрастырмалы ағаш үйлер мен кірпіш ұрлағандарды сын тезіне алып, сан рет сын мақалалар да жаздық. 1990 жылдың 12 қыркүйегінде Өскемендегі Үлбі металлургия зауытында берилий цехы жарылып, апатты жағдай туды. 1993 жылдың күзінде бүкіл елді шулатқан қанды оқиғаның куәсі болдық. Төрт бірдей өрімдей жас жігітті Өскемендегі чешендердің айуандықпен өлтіргені мыңдаған жандарды ашындырды. Сондай сын сәттерде де газет бетінде мақалалар жазып, халықты сабырға шақырдық.
Спорт – мәңгілік хоббиім. Міне, 50 жылдан асты, спорт тақырыбына қалам сілтеп келемін. 1998 жылы Парижде өткен Әлем кубогы жарысына сүйікті (ол кезде бас редактор Уәлихан Қалижан) газетім сапарға жіберді. Ал 2000 жылы Сиднейде өткен Жазғы Олимпия ойындарына газет төрт бірдей тілшісін (Еркін Қыдыр, Ғалым Сүлеймен, Рысбек Сәрсенбайұлы және мен) айшылық алыстағы алтыншы құрлықтан репортаждар жазуға аттандырып салды. Бұдан кейін Афина мен Туриндегі Олимпиада ойындары және Корея мен Жапонияда өткен футболдан әлем чемпионатына қатысуым газеттің беделі болса керек. Ал Бейжіңдегі Жазғы Олимпия ойындарынан сүйікті газетімізге спорт десе ішкен асын жерге қоятын тілшілер Көсемәлі Сәттібай, Бақтияр Тайжан үшеуміз жедел репортаждар жөнелтіп тұрдық. Жалпы, «Егеменде» еңбек еткен жылдары 7 Олимпиада және 5 әлем чемпионаты, 5 Азия және Универсиада ойындарына бару маңдайыма жазылыпты.
Сөз соңында жүз жылдық мерейтойын атап өткелі отырған газет басшылығын, тілшілер корпусын, басылымның тұрақты оқырмандарын мерейлі мезетпен шын жүректен құттықтағым келеді. «Егемен» дәйім елдің алғысына бөлене берсін!
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
газет ардагері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның Құрметті спорт қайраткері
ӨСКЕМЕН