«Егемен» – менің ежелгі сырласым ғана емес, бала күнімнен жол сілтеген ақылшым, ұстазым. Әкем марқұм шала сауатты адам болса да газет оқуға құмар еді. Әсіресе өңірлік газетті, «Социалистік Қазақстанды» (қазіргі «Eгемен Қазақстан») қолынан түсірмейтін. Сол кісінің арқасында мен де газет-журналдарға ерте ден қойдым... Төртінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісі таратылғаннан кейін маған да бірнеше қызмет ұсынылды. Мен «Егеменді» таңдадым. Осылай қарашаңырақтың табалдырығынан аттадым. Акционерлік қоғамның сол кездегі президенті, белгілі журналист Сауытбек Абдрахманов руханият мәселелері бойынша бас редактордың орынбасары қызметіне тағайындап, ұжыммен таныстырды. Сол сәтте «Ал аңсаған «Егеменіңе» де келдің, көрсет енді өнеріңді», деген Арқаның самалындай бір ойдың көңілімді желпіп өткені анық еді.
Мұнда жұмыс дегенің әр кез кемерінен асып-төгіліп, ертелі-кеш қайнап жатады екен. Солай екен деп қабақ шытып жатқан жан жоқ. Редакцияда негізінен қаламгерлік қызметтің жілігін шағып, майын ішкен өз ісінің нағыз шеберлері шоғырланыпты. Солардың көбімен, олардың арасында безендірушілер де, корректорлар да, әріп терушілер де бар, тез тіл табысып, араласып кеттім. Қазір сол әріптестерімді сағына еске аламын. Облыстарда да қамшы салдырмайтын меншікті тілшілер көп болды.
«Егемен» менің есімде осындай қауырт тіршілігімен қалды.
Жарасбай СҮлейменов,
«Қызылжар-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры