Маған тағдырбасты ұлттық басылымда 1978-1991 жылдары жұмыс істеу бақытын бұйыртты. Ол кезде өзіміз Кембриджден кем көрмейтін Ленинград университетінің журфагын енді бітіргенмін. Аудандық, облыстық қазақ және орыс газеттерінде тағылымдамадан өткенмін. Талқылау кезінде материалдарымды оқытушымыз да, курстастарым да жоғары бағалаған. Жастықтың да буы бар, өзімше енді қай газетте де істеп кетемін ғой деп, іштей күмпиіп жүргенмін.
Редактор Сапар Байжанов ағамыз мені Ленинград мектебінің түлегін байқап көрейік деген оймен қызметке алды. Әрине, секретариатқа. Әрине, ең төменгі кіші тілші қызметіне. Бірақ журналистік қызмет жүгінің ауырлығын да, жауаптылығын да, іссапардың өзіне де мұқият дайындықпен шығу керектігін де ең алғаш осы «СҚ»-да жүріп шындап сезіндім.
Егін орағынан жазған алғашқы материалымды лездемеде редактордың өзі «қан-сөлсіз» деп, әдеппен ғана сынап өтті. Ол мен үшін ұмытылмас сабақ болды... Ендігі бір басшымыз Шерхан Мұртаза жазып келген мақаламды ұнатып, өзіне тән әдетімен бітіп тұрған бетті бұзғызып, сол күнгі нөмірге салғызды. Бұл газетте жүріп осындай жолдан өттім. Бертін келе екі бөлімнің жұмысына жетекшілік еттім.
Әйтсе де, газетті ойлағанда абзал ағаларымның аялы алақаны алдымен есіме түседі. Қай-қайсысының да өнегесін көрдім, көмегін сезіндім. Мақаланың көлемі көтермейтіндіктен аттарын атай алмайтыныма өкінемін. Бірақ олар ұдайы жүрегімде, жадымда.
Өмір кейіннен қызметімді басқа арнаға бұрды. Бірақ «Егеменнің» мектебінен кейін ол маған қиын бола қойған жоқ.
Әбдімүтәл ӘЛІБЕКОВ,
журналист