100 • 21 Қараша, 2019

«Егеменде» еңбек еткен жылдарыңыз несімен есте қалды?

138 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Егеменде» еңбек еткен жылдарыңыз несімен  есте қалды?

Әрине бір жерде көп жұмыс істеу айрықша атап айтатын да нәрсе емес шығар. Ең бастысы – онда жақсы жұмыс істеу. Мен «Егеменде» ұзын – ырғасы 47 жылдай еңбек етіппін. Студент кезімде, осы редакцияда тәжірибеден өтіп, ұжымға бауыр басып кеттік. Тіпті біраз уақыт басқа жерлерде жұмыс істеуге тура келгенде де көңіліміз бұл газеттен ажырамаған. Біраз уақыт Семейде меншікті тілші болдық, редакцияда біраз бөлімдерді басқарып, жауапты хатшы, филиал жетекшісі қызметтерін де атқардық. Зейнеткерлікке 75 жастан асқанда шыққанбыз. Содан да мен бұл газетті өз өмірімнен бөліп қарай алмаймын. Қуанышымызды да, өмірде кездескен кейбір қиындықты да ұжыммен бірге бөлістік. Газетке байланысты барлық нәрселер мен үшін айрықша қымбат.

Ең алдымен осы жерде бірге қызмет еткен адамдардың орны ерекше. Кезінде ағайларым мен апайларым маған қамқор болса, кейін өзіміздің жасымыз ұлғайғанда көңіліміз жастарға қамқор болуға бұрылып тұрады. Туысқаннан да жақын болып кеткен жандардың бейнелері көз алдымда. Біз мұнда кімдермен істес болмадық! Басшылар ғана емес, қарапайым қызметтегі адамдар өнегесін қайтіп ұмытарсың.

Бір ғасырлық тарихы бар «Егеменнің» соңғы алпыс жылдық тарихына тікелей куәлік ете алады екенбіз. Бұл тарих – халыққа қызмет етудің жарқын үлгісі дер едім. Ол басылымды еліміздің, халқымыздың өмірінен бөліп қарай алмайсың. Ол сонысымен де ерекшеленеді, сонысымен де тарихта қалады.

Дәл осы күндерде көңілге көп жайлар оралады. Осы газетте қызмет еткен талай жайсаңдардың ісі алда жалғасатыны, жалғастыратын ұрпақтың барлығы қуантады.

Жүз жасаған газеттің мерекесі – халықтың мерекесі. Тәуелсіздігіміздің жаршысы, ұраншысы болған газетіміз халқымызбен бірге жасай береді.

 

Мамадияр ЖАҚЫП,

«Егемен Қазақстанның» ардагері