18 қарашада сағат түнгі екі шамасында Атырау облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөліміне 4 жасар бала түсті. Алғашқы белгілері оның жағдайы ауыр екенін айқындады. Баланың тамақ, өңеш жолдары бітеліп, тамақ жүруі тоқтаған. Оның өңешіне 100 теңгелік монета тұрып қалғаны анықталды. Аурухананың кезекшіліктегі дәрігерлері эндоскопист Ербол Төлегеновті жұмысқа шақыртқан. Жұмыс орнына келген маман жедел түрде эндоскопиялық құрылғы көмегімен әлгі монетаны шығарып алды.
Түнгі екілер шамасында жұмыстан телефон шалды. Жағдайды түсінген бойда дереу ауруханаға келдім. Жүз теңгелік монетаның диаметрі кішкентай бала тұрмақ, үлкен адамның өңешін бітеп тастай алады. Бірақ ата-анасының дер кезінде хабарласқанының, біздің мамандардың тиісті шараларды жүзеге асырғанының арқасында баланы аман алып қалдық. Қазір баланың жағдайы жақсы, деді дәрігер Ербол Төлегенов.
Баламның тиынды қай кезде жұтып қойғанын білмеймін, бір білетінім бет әлпеті өзгеріп, жағдайы нашарлай бастағанда жедел жәрдем шақырдым. Одан кейін, жедел жәрдем ауруханаға апарды. Әйтеуір аман алып қалды баламды. Сол себепті дереу келген жедел жәрдем қызметкерлеріне де, тиісті ем-домын жасаған балалар ауруханасы дәрігерлеріне де алғысым шексіз, дейді баланың анасы.