22 Қараша, 2019

«Егеменнің» тойы – елдің тойы

632 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Алаш аманатын абыроймен арқалап болашаққа бағдар бұрған ұлт үнпарағы «Egemen Qazaqstan»-ның ғасыр биігіндегі ғибратты тойы – мұқым қазаққа ортақ мереке, айтулы сәт. «Ұшқыннан» от алып, кемел келешекке батыл қадам басқан ел газетінің рух мұзартынан үздіксіз үн қатып келе жатқанына – 100 жыл! Тұтас ғасыр ұлт шежіресін тасқа қашаған қарашаңырақ басылымның дәуір тынысын бедерлеудегі тарихы да, тағылымы да теңдессіз. Күні кеше сол тарихтың тағылым биігінен үн қатқан ұлағаты ұлықталды. Күллі қазақ көз тіккен мерейлі сәт елорда төрінде салтанатты түрде аталып өтті.

«Егеменнің» тойы – елдің тойы

Ғасырлық межеге келген ел газетінің мерейтойына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құттықтау хатын жолдады. Салтанатты жиында бұл жылы лебіздерді Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев жеткізді. (Құттықтау хаттарының мәтіні бөлек берілді).

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев бұл мерейтой ұлттық руханият үшін толағай белес, торқалы мереке екенін, алғаш рет 1919 жылы Орынбор қаласында жарыққа шыққан ата басылым бүгінде еліміздің ғасырлық жылнамасына айналғанын атап өтті.

– Басылым беттерін парақтағанда ұлтымыздың ғасыр ішінде бастан кешірген кезеңдері көз алдыңызға келіп, жиырмасыншы жылдардағы ұжымдастыру, отызыншы жылдардағы ашаршылық пен репрессиялар, екінші дүниежүзілік соғыс жылдары, тың игеру және басқа да тағдырлы әрі тарихи оқиғалармен өріліп, азаттықтың ақ таңындағы ақжолтай жаңалықтармен арнасы жалғасады. Замана үніне айналған бас газет әр жылдары республикамыздың астанасы болған Қызылорда, Алматы қалаларында жұмысын жалғастырып, ел өміріндегі өркенді істерді оқыр­ман­дарға дер кезінде жеткізіп отырды. Газет журналистері қай кезде де халықтың қоғамдық-саяси, әлеу­меттік-экономикалық, мәдени-рухани тақырыптардағы қадау-қадау проб­лемаларын қаузап, игілікті іске жанашырлықпен үн қосты. Келелі мәсе­лелердің кесімді шешім табуына кәсіби шеберлікпен атсалысты. Ең бас­тысы, «Egemen Qazaqstan» газеті қай дәуірде, қандай формация­да қызмет етсе де, ұлт мүддесінің жоқтаушысы, қазақ руханиятының іздеушісі, төл мәдениетіміздің жанашыры болып келеді, – деді Қырымбек Көшербаев.

Осы ретте Мемлекеттік хатшы мерейтойға орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғысын «Egemen Qazaqstan» газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәліге, басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Қаменге, бас редактордың орынбасары Талғат Батырханға, саясат бөлімінің меңгерушісі Жолдыбай Базарға және басылымның аға корректоры Зәпира Төлешоваға табыстады.

Сахна төріне көтерілген Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев ел игілігіне қызмет етіп жүрген егемендіктердің еңбегін ерекше атап өтіп, Үкімет басшысы Асқар Маминнің құттықтауын оқып берді.

Премьер-Министр хатында бір ғасырдың шежіресі деп білетін «Egemen Qazaqstan» газеті ел басына күн туған, ер тағдыры сынға түскен уақыттың өзінде де ұлттың үнін жеткізуге, жақсылықтың жаршысы болуға ұмтылғанын айтқан.

«Қазақ халқының кеңестік кезеңдегі тағдырлы тарихы, жарқын жетістігі газеттің сарғайған парақтарында сақтаулы. Ұлт зиялыларының елдік үшін егеске, мемлекеттілік үшін күреске түскен кездегі мақалалары да осы басылымда жарық көрді. Азаттық үшін арпалысқан тұлғалардың еңбегінің өтеуіндей болған тәуелсіздіктің қар­саңында «Социалистік Қазақстан­ның» ең бірінші болып «социализм­мен» біржола қош айтысып, «Егеменді Қазақ­стан» атануының өзі елдің еңсесін биіктетті. Азаттық алар күнді жа­қын­датып, халықтың көкі­регіне сенім ұя­латты, рухын көтерді. Осылайша ел­діктің ұранын асқақтатқан газет бүгінде Тәуелсіздік тұғырын нығайту жолында қызмет етіп келеді», деп атап өткен Асқар Мамин құттықтау хатында.

Ақжарма тілектер ағылған мерей­­тойда Парламент Сенаты мен Мәжі­лісінің депутаттары да «Egemen Qa­zaq­stan» газетінің еңсесін бір көтеріп тас­тады.

Сенат Төрағасы Дариға Назар­бае­ва­ның ізгі тілегін сенатор Нұртөре Жүсіп жеткізді.

– Басылымның әр саны, әр мақаласы халқымыздың тыныс-тіршілігін айқын көрсетіп, мемлекеттік бағдарламалар мен реформалардың маңызын қалың көпшілікке дер кезінде әрі сапалы жеткізуге атсалысып келеді. Ғасырлық шежіресі бар газетті ойы тұшымды, қаламы қарымды, жазғаны жалынды жур­налистердің ордасы деуге болады. Себебі сіздер билік пен бұқара ара­сындағы алтын көпір болып, тынымсыз еңбектің арқасында оқырманның оң бағасын алып келесіздер. Бүгінгі ұжым­ның толайым табыстары сол бейнетті еңбек жолындағы жетістіктеріміздің бағамы деп білемін, – делінген құттық­тауда.

Ал депутат Қуаныш Сұлтанов Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығма­тулиннің құттықтауын оқып берді. Онда Алаш зиялылары негізін қалаған басылым бір ғасырлық тарихында талай сындардан сүрінбей өтіп, тәуелсіз Қазақстанның бас газеті атанғаны, еліміз егемендік алған күннен бастап, газет заман ағымына сай өсіп-өркендеп, талғамы биік шығармашылық ұжым қалыптасып, мазмұны мен шеберлігі жағынан жаңа серпінге ие болғаны атап көрсетілді. Сондай-ақ Нұрлан Нығматулин «Егемен» журналистері қандай тақырыпқа қалам тербесе де, оқырманның жүрегінен жол тауып, тәуелсіздігіміздің жетістіктерін үздіксіз насихаттап, мемлекетіміздің абыройын асырып жүргенін айтып, бас газет алдағы уақытта да халқымен бірге жасап, талай белесті бағындыратынына зор сенім білдірген.

Сондай-ақ редакциямызға еліміздің Конституциялық кеңесінің төрағасы Қайрат Мәмиден де құттықтау хат түскенін айта кеткен жөн.

«Egemen Qazaqstan» бір ғасыр қазақ елінің рухани, ақпараттық, ғылыми ағартушылық сұранысын қамтамасыз етіп келе жатқан ұлттың ұстазы, жетістігінің жаршысы, әлеуметтік өмірінің айнасы.

 Ақиқат пен әділдік, шындық пен заңдылық егіз ұғымдар, оны түсіну,  қауымға жеткізу ардың ісі, жоғары мәдениет пен имандылық парызы, Егеменнің ұшқынынан еңбекші қазақ жаңарды, әлеумет тәуелсіз болып жаңғырды.

Мемлекет құрылымының ең маңыз­ды тетігі Конституцияның қуатты­лығы, құқық қорғау, қолдану инсти­тут­тарының оңтайлы жұмыс істеуі, бар­шаны құ­қық­тық сауаттылыққа жет­кізу, заңға сенімін ұялату, отан­сүй­гіштік қасиеттерді бой­ға сіңіру болса, оны жүзеге асыратын да, қауым­ға жеткізетін де негізінен бас­па­сөз құралдары, оның басында тұр­ған ұлт­тың ар ұжданы «Egemen Qazaqstan». Газет ұжымының жүз жыл­дық мер­зімде атқарған қызметі тарих үшін қайта­ланбайтын ерлік», делінген құттықтау хатта.

Жастар жылы және «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдығы аясында «Үміт» жас журналистер конкурсы өткізілген еді. Осы салтанатты жиында конкурс жеңімпаздарын Ақ­парат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев марапаттады.

Министр алдымен биыл тарихы терең, мәртебесі зор «Egemen Qazaqstan» газетінің ғасырлық белесі тойланып жатқанын, қазақтың біртуар тұлғалары қызмет еткен бұл басылым қазақ баспасөзінің қарашаңырағы екенін айтып, алдағы уақытта да қара­шаңырақтың қадір-қасиеті түспей, қарапайым журналистердің елдің сөзін сөйлейтін тұлға болып қалып­тасуларына тілектестік білдірді.

Сонымен «Баспасөздің ықпалды әрі беделді болуы үшін не істемек керек?» деген сұраққа жауап іздеп, отан­дық журналистиканың кешегісі мен бүгінін сараптап, келешегіне көз жүгірт­кен қарағандылық жас журналист Дулат Аманжол «Отандық БАҚ-ты дамытуға қатысты жеті ой» сарапта­малық мақаласы үшін 3-орынға лайық деп танылды.

«Egemen Qazaqstan» газетінің тари­хына үңіліп, онда қызмет еткен бел­гілі қаламгер Қалмақан Әбдіқады­ровтың қалай жұмысқа тұрғаны, Қызылордадағы Ілиястың ізі, Ұзақ Бағаев­тың азаматтық ұстанымы туралы қы­зықты деректерге құрылған «Өткен­нің өнегесі өшпейді» атты мақаласымен қызылордалық журналист Ерасыл Шәрібек 2-орын алды.

Ал 1-орынды Петропавл қаласынан келген Арайлым Бейсенбаева «Қала­мы мұқалмас қайраткер» атты мақала­сымен иеленді. Бұл мақала белгілі жур­­налист-публицист, «Egemen Qazaq­stan» газетінің Солтүстік Қазақ­стан облы­сындағы меншікті тілшісі қыз­метін атқарған, елдік мүдде, ұлттық мәселе­лерде «Егеменнің» туын биік ұстаған марқұм Мәлік Мұқанов туралы жазылды.

Сонымен қатар мерейтой аясын­да «Ең қысқа әңгіме» байқауы жария­ланған еді. Бұл байқауға келіп түскен 300-ден аса шығарманың ішінен «Қостанай таңы» газетінің тілшісі, жас ақын Жандос Жүсіпбектің әңгімесі топ жарды. Жеңімпазға ақшалай жүлде мен арнайы дипломды талай жыл «Egemen Qazaqstan» газетін басқарған, бүгінде Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов табыс етті.

Марапаттау соңынан сөз сөйлеген қаламгер «Егемен Қазақтан» тек қазақ тілінде шығатын көп газеттің бірі емес, «Егемен» шын мәніндегі қазақы, рухты газет» деп жоғары бағалап, бар­ша ұжымды, жалпы қазақ халқын баба басылымның ғасыр тойымен құттықтады.

Салтанатты іс-шарада елорда­лық Қ.Қуанышбаев атындағы акаде­мия­лық қазақ музыкалық драма театры әртістерінің қатысуымен дайын­далған «Жүз жыл және жалғыз сәт» театрландырылған қойылымы көрер­мен назарына ұсынылды. Сахнаға кезегімен көтерілген ұлт үнжария­сын әр жылдары басқарған Алаш арыс­тарының аяулы бейнесі һәм ұрпаққа айтқан аманат-арызы тағылым, тағзым тойына жиналған көрерменнің көңіліне берік бекіп, бас басылымның жүз жылдық жылнама шежіресін тұтас көріп шыққандай айрықша әсерленді. Бернияз Күлеев (Жасұлан Ерболат), Ахмет Байтұрсынұлы (Мейрам Қай­санов), Жүсіпбек Аймауытов (Асылбек Қапаев), Бейімбет Майлин (Олжас Жақыпбек), Сәкен Сейфуллин (Кеңес Нұрланов) бастаған арыстар аманаты Ғабит Мүсірепов (Болат Ыбыраев), Шерхан Мұртаза (Жанқалдыбек Төленбаев), Әбіш Кекілбаев (Боранбай Молдабаев) тағылымына ұласты. Сахналық көрініс соңы дәстүрлі әнші Қанат Жүнісовтің орындауындағы Мұратхан Егінбаевтың «Үш арыс» әні мен Аллажар Қайбардың орындауын­дағы Ақселеу Сейдімбектің «Сарыарқа» әніне жалғанып, ұлттық рухымыз бір сілкініп алғандай ғаламат күй кештік.

Тереңнен сөз маржанын тердім бүгін,

Руханият көшін бастап желдім бүгін.

Қазақ баспасөзінің төбе биі,

Екі сөзбен шешетін ердің құнын.

Көмекейі қазыналы баба газет,

Майқы бидей толғайды елдің мұңын, – деп толғанған белгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтаевтың «Егеменге» арнауы да тағылымды кештің көрігін қыздырып, арқалы көрерменін бір сілкінтіп алғаны сөзсіз.

Тағылымды кеш соңын газет басшысы Дархан Қыдырәлі қоры­тын­дылады.

– Ел газеті «Егеменнің» мерейлі межесі – ғасыр тойын қорытындылап жатырмыз. Біз биыл жыл басында Абай­дың жерінде, Жидебайда баста­ған газеттің 100 жылдық мерейтойын жер-жерде, алаштың ұлыла­рының – Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов сынды бабаларымыздың 125 жылдық мерей­той­ларымен сабақтастырып, үндес­тіріп атап өтуге тырыстық. Себебі «Егеменнің» жүріп өткен жолы тағы­лым мен тағзымға толы. Қазаққа қазақ атауын қайтаруға айрықша үлес қос­қан, елдік рухты еңселі етуге еңбек еткен азаттықтың арайлы таңында қасиетті Тәуелсіздігімізді сүйінші­леген «Egemen Qazaqstan»-ның тойы – бар­ша­мыздың тойымыз, күллі қазақ баспа­сөзінің тойы, – деді басылым басшысы.

Мерекелік жиынның тағы бір айтулы тұсы – салтанатты шара өт­кен «Қазмедиа» концерт залының фойе­сін тұтас ала қойылған «Egemen Qazaqstan»-ның 100 жылдық шежіре­сінен сыр шерткен көрме болды. Бас басы­лымның әр кездегі айтулы сәттері таспаланған тамаша суреттер тарих толқынындағы дәуір үнін тамаша бедерлепті. Алаш арыстарының архив сөрелерінде сақталған көне фотолары мен қоғам, редакция өмірінің түрлі тарихи оқиғалары, қызықты мезеттері мен жұмыс барысындағы сан алуан жағдайлары жан-жақты бейнеленген суреттер де газеттің ғибратты жолы мен замана атмосферасын шынайы жеткізеді. Сондай-ақ көрме төріне қойылған «Egemen Qazaqstan» газеті архивінен алынған ғасыр сырын өнбойына сыйдырған сарғайған газет тігінділері, ұжымның әр жылдарда пайдаланылған терім машинкалары, тілшілердің ескі диктофондары мен түрлі үлгідегі фотоаппараттары, газетті басқарған тұлғаларға тиесілі заттар, атап айтсақ, Шерхан Мұртазаның көзілдірігі мен Әбіш Кекілбаевтың сияқаламы, қолжазба күйіндегі тамаша туындылары – барлығы да көрушісін бір сәтке тарих қойнауына сүңгітіп жібергендей толқытқаны анық. Бұдан бөлек, газеттің ғасыр тойы қарсаңында жарыққа шыққан «Жүзжылдық жылнама» бестомдығы, «Egemen Qazaqstan». Елбасы» фото альбомы да тарихи кезеңнің жауапты да сәулелі сәттерінен мазмұнға толы терең сыр тарқатады.

Жүз жасаған басылымның мере­йін тасытқан салтанатты іс-шара­ның соңында ақын, сазгер Елена Әбді­халықова «Egemen Qazaqstan» газетіне ән арнады. Алғаусыз ой, ағеділ көңілден туған бұл әнге «Егеменде» қызмет еткен арыстар мен алыптардың жолын берсін деген ниетпен ортаға шыққан бір топ жас журналист қосылғанда, бас басылымның гимніндей шырқалды.

 

Берік УӘЛИ,

Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетін үнемі назарында ұстайды, күнделікті оқып отырады. Бірінші «Egemen Qazaqstan»-нан бастайды десем қателеспеймін. Газет бетінде көтерілген кейбір өзекті мәселелерге көңіл бөліп, шешу үшін нақты тапсырмалар да берді. «Egemen Qazaqstan» – еліміздің жылнамасын тасқа басып түсіріп отырған басты басылым. Еліміздің бас басылымының мерейтойы – барша қазақтың мерейтойы. «Egemen Qazaqstan» – елдің мұңын мұқтап, жоғын жоқтайтын, елдің елдігін көтеретін басылым. Сол себепті бұл – «Егеменнің» ғана тойы десек қателесеміз. Бұл – барша Алаш жұртының тойы. Өйткені тарихтан жақсы білетіндей, бұл басылымның басында Алаш ардақтылары тұрды. Бүгінде «Egemen Qazaqstan» еліміздің тыныс-тіршілігін халыққа күнделікті жеткізіп отырған газет. Сол себепті, Ахаң айтқандай, халықтың көзі, құлағы һәм тілі болып отырған басылым. «Егемендіктерді», барша жұртты мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. 

 

Кенжеғали МЫРЖЫҚБАЙ,

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:

– 1996 жылдары «Егеменнің» редакциясына жиі барып тұратынмын. Ондағы зиялы қауыммен түрлі тақырыпта әңгіме қозғап, жақсы араласатын едік. Одан кейін газет редакциясы елордамызға көшіп келді, көшенің аты берілді. Осылайша, екі астананың ортасында көпір пайда болды. «Егеменнің» журналисі Қарашаш Тоқсанбай менен жиі сұхбат алатын. Мен туралы жазған мақалаларынан кітап басуға жарап қалды-ау. Сонымен бірге газеттің фототілшілерін де атап өткім келіп тұр. Әр мақаланың сәні – сурет. Адамның эмоциясын қалт жібермей, ең сәттілерін таңдап беретін Орынбай, Ерлан бауырларымды да мерекелерімен құттықтаймын.

Осынау үлкен тойға республи­­-
ка­мыздың түкпір-түкпірінен қа­лам­герлер, газеттің ардагерлері жиналып отыр. Басылым басшылығы да оларды мерей­тойлық медальдармен марапаттап, еңбектерін елеп жатыр. Бәрі бас қосып, арқа-жарқа болып қалды. Алыстан келгендер бір-бірімен табысып жатыр. Мен де көптен көріспеген журналистермен қауышып өзім бір жасап қалдым. Той құтты болсын!

 

Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ,

журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Шын мәнінде, бүгінгі мереке – қазақ баспасөзінің тойы. «Егемен» қашанда көш басында болатын. Бұл газетпен байланысты оқиғалар да, естеліктер де көп. «Социалистік Қазақстан» кезінде мақала жазып, көп оқыдық. Сапар Байжанов ағамыз менің жазғандарымды жақсы көріп, газетке ұсынып тұратын. Шерағаңдар басымыздан сипап, ақылын айтып отыратын. Ақселеу Сейдімбек, Қойшығара Салғара, Кеңес Юсупов ағаларымызбен де тұрақты байланыста едік. Бұл жиынға толғаныспен келіп, үлкен әсерде кетіп бара жатқан жайым бар. Неге десеңіз, бүгін көрсетілген фильмде елімізді, халқымызды әлемдік деңгейге шығарған ұлылардың бейнесін көрдік. Ендігі кезекте соларды соңымыздан ерген жас әріптестерімізге жеткізуіміз парыз. «Egemen Qazaqstan» – үлкен мектеп. Қызметкерлерінің арасынан талай мықты қоғам қайраткерлері шықты. Бүгінгі жастардың арасынан да қазақ баспасөзін көркейтетін жақсы журналистер шығады деп сенеміз. Ел газетінің 100 жылдығы құтты болсын! Қазақ газеттерінің барлығына жұғысты болғай! 

 

Көпен ӘМІРБЕК,

белгілі сатирик:

– «Egemen Qazaqstan» газетінде бас редактор Шерхан Мұртаза тұсында үш жыл қалам тербедім. «Егеменнің» мектебі бір бөлек, Шерхан Мұртаза ағамыздың мектебі тіпті ерекше. Неге? Данышпандар айтады. «Дүниеге нұрын төгетін екі нәрсе бар. Бірі – Күн, бірі – журналистер» дейді. Күннен шуақ төгілсе, журналистерден қуат төгіледі. Бір сөзбен айтқанда, «Egemen Qazaqstan» газеті – шуақты да, қуатты да халқына арнап жүрген бас газет. Ертеректе осы «Егеменде» еңбек еткен Әзілхан Нұршайықов ағамыздың айтқаны бар еді: «Тозған журналист тот басқан болт сияқты, не алынбайды, не салынбайды». Біз сол кезде неге олай айтты деп ойлайтынбыз. Сөйтсек, кешегі Кеңес өкіметі, партияның кезінде кемеліне келгеннен кейін, сол қаламгерлер қартайғандай қалып танытып, сол тот басқан болтқа ұқсаған соң айтқан-ау деймін. Ал қазір «Егемен» қызуы қайнаған жастардың қолында. Қай журналист, қай қаламгерді алсаң да, әрқайсысы бір-бір бөлшек, бір-бір машина, бір-бір техника, бәрі де су жаңа. Олардың ойлары – еліміздің еңсесін биікке көтеру. «Egemen Qazaqstan» газеті жүрдек пойыз сияқты. Оның вокзалы, шығатын уақыты, тоқтайтын үлкен-үлкен шаһардағы бекеттері бар. Ол кешікпей, уақытында жүреді. Өйткені сол жүрдек пойызға халық сенеді. Осындай уақытта келеді, осындай уақытта мінеміз, осындай кезде жүреміз дейді. «Egemen Qazaqstan» газеті елдің сенімін ұялатқан осы жүрдек пойыз секілді.

 

Шәмшидин Пәттеев,

«Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры:

«Егеменнің» тойы – қазақ баспа­сөзінің тойы. Мемлекет болып алғаш құрылғанда қазақтың, елдің, ұлттың сөзін сөйлеген «Ұшқын» газеті болды. Одан бері жүз жылдың ішінде қазақтың жоғын жоқтап, мемлекеттің сөзін сөйлеп, елдің мәселесін айтып келе жатқан бірден-бір газетке айналды. Әрине оған дейін де талай газеттер шықты, бірақ оның барлығы жалғасын таппай, біраз шығып, тоқтап қалды. Жүз жыл бойы үлкен таралыммен бүкіл бір ұлттың жоғын жоқтаған газеттің бірегейі «Егемен» екені дау­сыз. Әріптестерімді шын жүректен құттықтап, табыс тілеймін. Болашақта да газет елдің сөзін сөйлейді деген үмітіміз бар.

 

Асқар ОМАРОВ,

«ҚазАқпарат» ХАА бас директоры:

– Қазақстан және қазақ журналистикасы тарихында «Egemen Qazaqstan»-ның орны бөлек. Бүгін де, осыған дейін де естіген қазақ баспасөзінің қарашаңырағы деген теңеу бас басылымға қатысты бекер айтылмаса керек. Себебі еліміздегі көптеген журналист «Егеменнің» кәсіби мектебінен өтті. Газет беттерінде Қазақ елінің 1919 жылдан бергі тарихы көрініс тапқан десек, артық емес. Газеттің әрбір саны – тұнып тұрған шежіре. Қазақ елінің соңғы жүз жылдағы тарихына үңілгісі келетін кез келген адам осы газеттің беттерін мұрағаттан парақтап шықса болғаны. Бұл парақтарда журналистика тарихы да бар, тұлғалардың тағдыры да бар. Газеттің 200, 300, 1000 жылдығын тойлауға жазсын.   

 

Олжас БЕРКІНБАЕВ,

«Saryarqa aqparat» ЖШС директоры:

– Бүгінгі тойға Қарағанды облысынан арнайы келіп отырмыз. «Егеменнің» жүзжылдығы – қазақ баспасөзіндегі айтулы оқиға. Тарих тұғырынан қарайтын болсақ, «Егемен» – революцияны, ашаршылық кезеңін, Ұлы Отан соғысын өткерген, халықтың тұрмысымен біте қайнасқан басылым. Газет тәуелсіз Қазақстанның тарихын зерттеймін дегендерге таптырмас құрал. Тың ақпараттар тауып, сол кездегі халық өмірінен хабар алуға үлкен мүмкіндік бермек. Тек тарих емес, халықтың мәдениеті, тұрмысы да газетте көрініс табады. Сондықтан газет халық өмірінің айнасы іспеттес.

Соңғы жылдары Егеменнің трансформациясын ескермеу мүмкін емес. Газет форматының өзгеруінен бастап, газет ұжымына жастардың тартылуы қуантарлық жайт. Жастар бар жерде жаңа идеялар болады.

 

Жандос ЖҮСІПБЕК,

«Қостанай таңы» облыстық газетінің тілшісі:

Бүгін ел газеті Егеменнің ғасыр тойында жүлделі болып отырмын. Осындай қуанышты себеппен тойға қатысуға мүмкіндік туғаны да бақыт. Ес жиғаннан оқып келе жатқан газетіміз болған соң, әр жаңалығынан, әр өзгерісінен хабардармыз. «Egemen Qazaqstan»-ның мерейтойы құтты болсын! Ұлтпен тағдырлас газет әлі талай ұрпақтың құрдасы, мұңдасы, сырласы болады деген сенім мол. Газет ұжымына шығармашылық табыс пен еңбегіне жеміс тілеймін. Әріптестеріміздің қаламдары ұшты, жазарлары күшті болсын!

 

Орынбек ӨТЕМҰРАТ,

Назерке ЖҰМАБАЙ,

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

Меруерт БҮРКІТБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»