Аймақтар • 22 Қараша, 2019

Тұрғындар қауіпсіздігі – басты назарда

300 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың қатысуымен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Тұрғындар қауіпсіздігі – басты назарда

«Қоғамның басты талабы – сапалы және қолжетімді медициналық қызмет, білім мен қоғамдық қауіпсіздік. Біз осыларды қамтамасыз етуге тиіспіз. Адам өмірін ақшамен өлшеуге бол­майды. Қаланың көлік инфрақұрылымы қозғалыстың барын­ша қауіпсіздігін қамтама­сыз ету үшін барлық жағдай­лар­ды жасауы қажет», деді кеңесті ашқан Бақытжан Сағынтаев.

Басқосуда қызмет көрсетудің сервистік үлгісіне басымдық бере отырып, Алматы полиция­сы­ның жұмысын қайта құру мәсе­лесі кеңінен сөз болды. Учас­келік инспекторлар, патруль­дер қала тұрғындары мен қонақ­тарына кез келген жағдай­да көмек көрсетуге тиіс. Ішкі істер министрі полицияның жедел басқару орталығын модер­ни­зациялау және ЖБО-да видео­бақылау жүйесін интеграция­лау жоспарлары туралы айтып, алып мегаполистегі жол оқиға­лары ерекше назар аударуды қа­жет ететіндігін алға тартты. Соңғы мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері Алматыда 4 мың­ға жуық жол-көлік оқиғасы тір­кел­ген.

 «Біз қазіргі кезде халық саны мен автомобиль трафигінің көп болуына қарамастан пәрменді шараларды қолдана отырып, жолдардағы апаттар мен өлім-жітімді күрт азайтқан шетелдің тәжі­рибесін белсенді түрде үйре­ну­деміз», деп атап өтті Ерлан Тұр­ғымбаев.

Қала әкімдігі құқықтық тәр­тіпті қамтамасыз етуде, оның ішінде заманауи мегаполистердің озық тәжірибесін пайдалана отырып, жол инфрақұрылымын қайта құру жөнінде полицияның бастамаларын қолдайтын болады. Бұлар – «вафельді» бел­гі­лер, жолақтар бойынша бұры­лыс­тардағы қозғалыс­тардың нүк­телері, қосымша бағдаршамдар және магистральды көшелердегі бөлгіш қоршаулар. Шаһар басшысы қалалық мобильділік бас­қармасына бұл мәселені полиция департаментімен бірлесе шешуді тапсырды.

 Таңның атысынан күннің батысына дейін көлік нөпірі толастамайтын алып мегаполис көшелеріне қойылған «Сер­гек» бейнебақылау құрылғы­ларын қолдану өз тиімділігін көр­сеткен. Полиция департаменті өкілдерінің пікірінше, мұндай бекеттердің көп болуы көлік жүр­гізушілерін тәртіпке шақырады. Айыппұл төлеу кезіндегі адами факторлар жойы­лып, тәртіп бұзушылық автоматты түрде бірден мәліметтер базасына түседі және көлік иесіне жіберіледі. Бұл камералар жол-көлік оқиғаларын азайтуға да септігін тигізген.