«Көпір туралы мәселе бізге белгілі. Президенттің тапсырмасын сөзсіз орындаймыз. Қазіргі кезде жобамыз бар. Аз уақыттың ішінде өзіміздің арнайы процедурамызды өткіземіз. Менің ойымша, осы жобаға бюджеттен қаражат бөлінеді. Мүмкін оған басқа елдің инвесторы тартылады», - деді Даниал Ахметов.
Сондай-ақ өңір басшысы көпір құрылысының жобасы бойынша тендерлік процедура өткізілетінін айтты.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген «Елу жыл бұрынғы ескі паром елді қашанғы әуреге түсіреді?» атты мақалада көтерілген мәселеге назар аударып, өзінің Twitter-дегі парақшасына Үкіметке Шығыс Қазақстан облысы әкімдігімен бірге Бұқтырма су қоймасына көпір салу үшін қаржы бөлу мәселесін қарастыруды тапсырған еді.
Мақалада облыс орталығы – Өскемен мен өңірдің бүкіл қала-аудандарын жалғайтын, стратегиялық маңызы зор Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін «Қызыл ту» өткелі Күршім өңіріне келіп-кетуші жұртты әбден әуре-сарсаңға салғаны жазылған.
Сондай-ақ конференция барысында Даниал Ахметов денсаулық сақтауды дамытудың кешенді жоспары, білім беру саласы, өңірдің инфрақұрылымдық дамуы секілді мәселелерге тоқталды.