Автовокзал жер телімін қайтара алмай отыр
Жасыратыны жоқ, бұл хан сарайындай автовокзал кейбір қалалардағы темір жол вокзалы түгіл, әуежайлардың өзімен бәсекеге бәс тігуге бар. Автовокзал ашылған жылдары Қостанай облысының барлық елді мекеніне автобус қатынайтын. Бір сағатта 800 жолаушыға қызмет көрсетілетін. Тәулігіне 10 мың адам автовокзал арқылы қалаға келіп, кететін. Алайда, 90-жылдарғы жоспарлы экономиканың нарыққа ауысар кезінде осы керемет ғимаратқа да қауіп төнді. Әсіресе, жекешелендіру деген желеумен талан-тараж басталғанда түйені түгімен жұтқандар автовокзалға да көз сұғын қадаған. Жолаушылар автобусының саны құлдырап, автовокзал күтімсіз қалғанда оны қолға алған кәсіпкер Ботагөз Бопатаева бүгінге дейін әділетсіздікпен алысып келеді. Көлік және коммуникация министрлігінің Ұлттық стандарт бойынша автовокзалдарға қойған талаптары 33 тармақтан тұрады. Автовокзал жанындағы алаңның болуы сол талаптардың ортасынан ойып орын алады.
Оған жолаушыларды күтіп алатын, шығарып салатын жеке көліктер тоқтауы тиіс. Қостанай автовокзалы салынғанда бас жобасына енген сол алаң қазір жоқ. 2014 жылы Қостанай қаласының сол жылдардағы басшылығы алаңды шетел азаматы Н.Кушнеров дегенге жер телімі ретінде сатып жіберді. Кушнеров автовокзалға қыстырып, сол алаңға «Ауди-орталық» жасау үшін, яғни шетелдік автомобильдер саудасы үшін ғимарат салды. Германиялық көліктің саудасы жүрмеген соң, Кушнеров енді әлгі ғимаратын автовокзал етіп, Қостанай автовокзалына «нарық бәсекесін» жасағысы келді. Ол Қостанай автовокзалынан шетелдік, облысаралық бағытта жүретін автобустарға көрсетілер қызметке, яғни уысы толатын пайдаға көзін сатты. Жергілікті биліктен арқасүйері болды ма, әйтеуір шетел азаматы Кушнеров біраз қиғылықты салды. «Қостанай автовокзалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ботакөз Бопатаеваның әділдік іздеп, соттан сот қоймауымен әзір автовокзал жанындағы алаң тағдыры қылдай жіпке ілініп тұр. Олай дейтініміз, Кушнеровке заңсыз сатып алған жер телімінде кәсібін жүргізуге еліміздің заңы тыйым салды, бірақ алаң автовокзалға түбегейлі қайтарылған жоқ. Жолаушыларды күтіп алып, шығарып салатын жеке адамдардың көлігі бүгінде автовокзал жанынан машиналар зуылдап өтіп жатқан жолдардың шетіне тоқтайды. Бұл жол ережесін бұзу деген сөз.
– Жолаушы тасымалы қай заманда да адамдардың әлеуметтік өміріндегі және экономикадағы маңызды қызмет болды емес пе? 90-шы жылдары автовокзал аз ғана уақыттың ішінде тозып кеткен екен. 1997 жылы мен алғанда, басқасын айтпай-ақ қояйын, күту залындағы мәрмәр еденнің төрт елі кірін зорға кетірдік. Ал қазіргі жағдайы адам қызығарлықтай екенін жолаушылар көріп жүр, – дейді Ботакөз Бопатаева.
Автобустар да азайып барады
Автовокзалды әңгіме еткенде, тұтас өңірге тән өзекті мәселенің құлағы қылтияды. Жолаушы легі азайған жоқ, тасымал мәселесі өткір. Еліміздегі автомобиль көлігі жолаушылары тасымалының ретке келтірілмеуі салдарынан жыл сайын Қостанай автовокзалынан жүретін автобус бағыттары кеми түсуде. Мысалға, Қостанай қаласындағы автовокзалдың былтырғы мен биылғы мәліметтеріне назар аударайық. 2018 жылы күніне жүретін автобустар сапарының саны 120 болса, 2019 жылы бұл 100-ге түсті. Соған орай күніне жүретін жолаушылар саны да 2200-ден 1500-ге кеміді. 2018 жылы халықаралық, облысаралық, облысішілік бағыттардың барлығы 98 болса, биылғы мәліметте олар 66-ға тоқтап тұр. Қостанай автовокзалы осыған дейін 105 адамды жұмыспен қамтып отырған еді, биыл амалсыздан 88-ге құлдырады.
– Мұның барлығы жасырын жолаушы тасымалымен айналысатындар санының көбеюіне байланысты болып отыр. Оларға «бұл қалай?» дейтін, жолаушы тасымалын реттейтін ешкім жоқ. Жергілікті полиция, транспорт органдарынан бақылау жұмысы жеткілікті жүргізілмейді. Таксистер кез келген уақытта жолаушыларды салып алып, ешқандай салық төлемей, көлігін техникалық тексеруден өткізбей кете береді. Олардың басым бөлігінде жолаушы тасымалымен айналысуға рұқсат ететін құжат жоқ, – дейді Ботакөз Бопатаева. Сонда 2012 жылдың
19 маусымындағы Премьер-Министрдің елімізде автомобиль көлігімен жолаушылар тасымалын дамыту жөніндегі шаралар кешенін бекіткен бұйрығы қайда қалды? Оны ешкім қаперіне алмаған ба, әлде хабарсыз ба? Кешенді шараларда елді мекендерде автовокзалдар, автостансалар, аялдамалар салу, оларға бірыңғай талаптар қою, жолаушылардың жүйесіз тасымалына рейдтік тексерулер ұйымдастыру секілді көптеген мәселе қамтылған болатын. Оның сыртында еліміздің «Автомобиль көлігі туралы» Заңы қалай орындалып отыр? Бүгін көзге ұрып тұрған нәтижесі көрінбейді.
Қазір жолаушылар автобусы жүрмейтін, тұрғындары облыс орталығына тек таксимен қатынайтын ауылдар екінің бірі десе болар. Автовокзал, автобуспен жолаушы тасымалы ең алдымен адамдардың жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Қостанай автовокзалында жүргізушілер сапар алдында міндетті түрде медициналық тексеруден өткізіледі, қан қысымы, ыстығы көтерілсе жұмысқа жіберілмейді. Ал автобустың техникалық тексерісі бірінші кезектегі әңгіме. Қазір облыстағы 8 аудан орталығында автовокзал жоқ, олар баяғыда бұзылып немесе тиын-тебенге сатылып, қол ұшында кеткен. Соңғы рет Қашар кентіндегі автостанса да есігін жапты.
Таксилер тығырықтан шығармайды
Такси жол қауіпсіздігін толық қамтамасыз ете алмайды. Сонымен қатар із-түссіз жоғалып кетіп, бақытсыздыққа ұшырайтын адамдардың да таксиге мінгені туралы немесе таксист қылмыскерлер қолынан қаза тапқан оқиғалар естіліп жатады. Жақында ғана Мәдина атты әлеуметтік желі қолданушы Нұр-Сұлтан қаласында пойыздан кешігіп қалады да, сол жерде inDriver такси шақыртып, Қостанайға жеткенін жазады. «Екінші рет таксиге мінбеспін, таксист түнде 180 жылдамдықпен жүрді. Қар жылымшылап еріп жатыр, жол көктайғақ, келгенше иманымды үйіріп отырдым» деп жазады ол. Оған Амангүл деген тағы бір әлеуметтік желі пайдаланушы: «Негізі алыс жолға шыққанда таксиге мінбе, түнде сондай жылдамдықпен жүрген жүргізушінің жол апатын жасауы әбден мүмкін. Одан да басқа сұмдықтарды естіп жатамыз ғой» деп жазды. Адамдар қауіпсіздігін сақтауда ең сенімдісі сапарға автовокзалдан тексеріліп шыққан рейдтік автобус екенін жұрт та сезеді.
Автокөлікпен жолаушы тасымалдаудың проблемалары уақыт өткен сайын ушықпаса, бір ретке келген жоқ.
– Біз бұл мәселе бойынша барлық құзырлы орындарға жазумен келеміз. Жасырын жолаушы тасымалдаушылардың салдарынан аудандық, ауылдық жерлердегі автовокзалдар мен автостансалардың барлығынан айырылатын, банкрот болатын түріміз бар. Жолаушы тасымалымен айналысатын кәсіпорындарға талап жоғары, олардың лицензиясы, білікті мамандары, өндірістік базасы, медициналық тексеру бекеті болуы тиіс. Бұл үшін кәсіпкер біраз қаржы жұмсайды. Жаңа көлік сатып алуға мәжбүрлейді. Кәсіпкерлер үшін бұл кәсіптің пайдасынан шығыны көбейіп тұрғанда, кім жаңа машина алғысы келеді? Бәрі де қаржысын есептейді. Ал осы талаптардың бірі де жоқ жасырын тасымалдаушылар, таксистер салық та төлемей, тек тапқанын қалтаға басуды ғана біледі, – дейді облыстағы тасымалдаушылар қауымдастығының төрағасы Леонид Кушнеров.
Жолаушыларды жасырын тасымалдауға қарсы күресуге, бақылауға жергілікті полиция мен облыстық көлік бақылау инспекциясының ғана құзыры бар. Алайда, олар да қарап отырған жоқ. Биылға дейін ұстаған, айыппұл салған пысықайлар сотқа шағынып, «сүттен ақ, судан таза» болып шығып жүрді.
– Жасырын жолаушы тасымалымен айналысатындарды полицейлердің анықтауы, ұстауы оңай емес. Биылғы 10 айда полицейлер облыс орталығы мен аудандарға, ауылдарға жеңіл көлігімен жолаушыларды жасырын тасыған 146 таксисті анықтап, оларға 3,5 миллион теңге айыппұл салған болатын. Солардан 137 адам сотқа шағымданған екен, сот 4 істі ғана қысқартқан, қалғандары айыппұл төлейді. Бұрын олардың ісі қысқарып отырды. Биыл соттардың көзқарасы өзгере бастаған сыңайлы. Мұның өзі болашақта жолаушы тасымалы бірте-бірте реттеледі-ау деген үміт ұялатады. Бірақ қазіргі жағдай бәрібір мақтанарлық емес. Жолаушы тасымалымен заңды айналысып отырған кәсіпкерлер жасырын тасымалдаушылардың салдарынан шығынға батып, кәсіпорындарын жауып жатыр, – дейді облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Гүлнар Бекмұхамедова. Автобус жүрмеген соң, алыс аудандар тұрғындарының орталықтарға жүріп-тұруы қиындайды. Таксидің де бағасы бұрынғыдан қымбаттайды. Онсыз да ауылдың қалаға үдере көшуі азаймай отырғанда, бұл көшті күшейте түсетін түрі бар.
Не істеу керек?
Қазір заңды жолаушы тасымалымен айналысатын кәсіпорындардың иелері де, жасырын жолаушы тасымалын бақылайтын, оларға қарсы күресетін тиісті органдар да осы сұраққа жауап таппай отыр. Жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорындар басшылары жасырын, заңсыз тасымалдың көбеюіне көлік бақылау, жалпы жергілікті атқару органдарын кіналайды.
– Бұл мәселені біз жазбаған құзырлы орын қалған жоқ. Барлығынан да сыдыртпа жауап аламыз. Біздің жанайқайымыз мүмкін жетпеген болар? Олар облыста қанша такси ұсталғанын, қандай айыппұл салынғанын жазып, жауырды жаба тоқып, сипап жебере салады. Нақты шешім әлі көргеніміз жоқ. Бізде «Автомобиль көлігі туралы» Заң сауатты жазылған, егер жұмыс заң бойынша жүрсе, бәрі де басқаша болар еді, – дейді Леонид Кушнеров.
Жолаушы тасымалымен айналысатын кәсіпкерлердің барлығы да өздеріне әділетсіз бәсеке жасап отырған жасырын тасымалдаушылардың ісіне әбден қанық болған. Таксистер автобус жүрер алдында келеді де, жолаушыларды автобус бағасымен алып кетеді. Әрине оларға қаржысы барлар мінеді. Ал зейнеткерлер мен мүгедектерге жасалатын жеңілдікті пайдаланғысы келгендер автобусты күтеді. Солай автобус 200 шақырымдағы ауданға таксиден қалған 5-6 адамды салып алады да, салдырлап жолға шығады. Ал автобустан кешіккендер үшін келесі такси бағаны көтере қояды, үйіне жетуге тырысқан жолаушы амалсыздан таксидің сұраған бағасын береді.
– Алыс аудандарға жасырын жолаушы тасымалдаушылар әр адамнан кемінде 5 мың теңге алады, сонда бару-келуі бір адамға 10 мың теңгеге түседі. Ал автобусқа мінсе сондай қашықтыққа бар-жоғы 500-1000 теңге төлер еді. Осыған тиісті орындар неге тосқауыл бола алмайды? – дейді Леонид Кушнеров.
Облыстық полиция департаменті мен облыстық көлік бақылау инспекциясындағылар да қарап отырмағанын көлденең тартады. 2013 жылдан бастап, жасырын жолаушы тасымалдаушыларды бақылау, оларды жолда тоқтату құзыры көлік инспекциясынан алынып тасталған болатын. 2019 жылы бақылау жұмысы инспекцияға қайта қайтарылды. Осы екі арада жасырын жолаушылар тасымалдаушылардың да, заң талабына қол сілтейтіндердің қатары да тым көбейген. Әзір заң актілері күшіне енбегендіктен, инспекция қызметкерлері жергілікті полицейлермен бірлесіп жұмыс істеп отыр. Облыстық көлік бақылау инспекциясының қызметкерлері жыл басынан бері жасырын жолаушы тасымалдаушылардың 55 заң бұзушылығын анықтап, өз жұмысын жергілікті тиісті атқару органдарына хабарламағандардың, рұқсат қағаз алмағандардың ісін сотқа берген.
– Жасырын жолаушы тасымалдайтындар 8 орындық шағын автобуспен негізінен Ресей қалаларына және облысішілік аудандарға қатынайды. «Автомобиль көлігі туралы» Заң бойынша жолаушы тасымалына пайдаланатын көліктің кемінде төрт есігі болуы тиіс. Ал жолаушылар мінген шағын автобустардың көбіне екі есігі ғана бар. Сонымен қатар жасырын жолаушы тасымалдайтындар өз ісі жөнінде жергілікті тиісті атқару органдарына хабарламай, рұқсат қағаз алмай, ешқандай талаптарды орындамай жолға шығады. Тағы басқа да талаптар бар. Біз осындай тасымалдаушыларды жол бойынан тоқтатып, ереже бұзғандарға айыппұл саламыз, ісін жолдың қай тұсынан тоқтатқанымызға қарай аудандық және қалалық әкімшілік соттарға жолдаймыз. Аудандық соттар біздің ісімізді құптайды, талай рет сотта ұтып, жасырын жолаушы тасымалдағандар айыппұл төледі немесе басқа да жазасын алды. Ал қалалық әкімшілік соттан үнемі жеңілеміз. Өйткені сот: «көліктің екі есігі ғана бар, яғни ол такси емес» деген уәж айтып, жасырын жолаушы тасымалдаушыларды қолдайды, істі қысқартады. Біз әрі қарай шағымданып, іске облыстық, Жоғарғы соттың назарын аударайық десек, облыстық прокуратура қолдаухат бермейді. Прокуратура қалалық әкімшілік сот бірыңғай тәжірибеге сүйеніп шешім шығарып отырғанын айтып, қолдаухат беруді негізсіз санайды. Сонда бір іске екі сот екі түрлі шешім шығарады, – дейді облыстық көлік қадағалау инспекциясының автокөліктерді бақылау бөлімінің бас маманы Нұрлан Жолмекенов. Әрине қалалық әкімшілікті соттың шешімі таңғалдырады. Ал «Автомобиль көлігі» Заңында: «Таксимен тасымалдауды жүзеге асыру үшін кемiнде төрт есiгi бар, сериялы шығарылатын жеңiл автомобильдердi пайдалануға жол берiледi» деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Заңның өзінде адамдар қауіпсіздігіне, олардың өмірі мен денсаулығын сақтауға басымдық берілгені айтылады.
Қоғам мен мемлекет үшін ең алдымен адам байлығы керек. Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының арнайы тапсырмалар аға инспекторы, полиция подполковнигі Айгүл Бекмағамбетованың айтуына қарағанда, биылғы он айда облыста 330 жол көлік оқиғасы тіркеліп, 49 адам қаза болған. Өткен жылы жолаушылар таситын 11 автокөлік жол апатына ұшыраған, екі адам көз жұмған. Айгүл Мұхаметжанқызы жол апатының саны биылғы он айда 72 пайызға, адам өлімі 50 пайызға қысқарғанын айтады. Дегенмен бұл көңіл жұбатпақ емес. Заңсыз жолаушы тасымалы қаншама елді мекенде автобустың қысқаруына, әлеуметтік деңгейдің төмендеуіне, мемлекет бюджетінің салық түсімінен қағаберіс қалуына себепші болып отыр. Адамдарға жұмыс беріп, елдің әлеуметтік және экономикалық жағдайының дамуына үлес қосып отырған жолаушы тасымалымен заңды айналысатын кәсіпорындар басшыларының «не істеу керек?» деп шырылдаған жанайқайы жиілеп барады.
ҚОСТАНАЙ