Спорт • 25 Қараша, 2019

Балуандар Осакада омақасты

684 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өткен демалыс күндері Жапонияның Осака қаласында дзюдодан әлемдік Grand Slam жарысы өтті. Дүбірлі додаға Қазақстан құрамасынан 10 дзюдошы қатысып, бірде-бір жүлде олжалай алмады.

Балуандар Осакада омақасты

Жарыстың алғашқы күнінде татамиге шыққан барлық қазақстандық дзюдошы қарсыластарына бірінші айналымда есе жіберді. 60 килодағы Рустам Ибраев алғашқы айналымда ресейлік Аюб Блиевтен вазари ұпайымен ұтылды. Олимпиаданың қола жүлдегері Галбадрах Отгонцэцэг (48 кг) жапониялық Кога Уаканадан, Севара Нышанбаева (57 кг) Момо Тамаокиден жеңіліп қалды.

Екінші жарыс күнінде Жансай Смағұлов (73 кг) жұбаныш белдесуінде тәжікстандық балуанға есе жіберіп, жарысты 7-орынмен аяқтады. Жансайдан бөлек, татамиге Жанболат Бағытбергенов (73 кг) пен Руслан Мұсаев (81 кг) шыққан болатын. Олар алғашқы айналымда қарсыластарынан жеңілді. Сондай-ақ байрақты бәсекенің соңғы күнінде Ерсұлтан Мұзаппаров (90 кг), Айбек Серікбаев (100 кг), Ерасыл Қажыбаев (+100 кг) және Зарина Райфова (78 кг) іріктеу кезеңдерінен әрі аса алмады.