Аймақтар • 25 Қараша, 2019

«Жеті рухани қазық» аясында атқарылар жұмыс көп

461 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бас имам өңірде мешітте ресми түрде жұмыс істемесе де, діни рәсімдерге қатысатын дүмше молдалардың көп болмаса да, бірен-саран бар екендігін, оларды ас беруші адам өзі таңдайтындықтан тыйым сала алмай жүргендіктерін де жасырмай айтты.

«Жеті рухани қазық» аясында атқарылар жұмыс көп

23 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында ІІІ республикалық имамдар форумы өтіп, шара барысында «Жеті рухани қазық» деп аталатын тұғырнама қабылданғаны белгілі. Жуықта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Өскемен өңірі бойынша бас имамы, облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек қажы Мұқатай аймақтың журналистерімен кездесіп, тарихи құжаттың мән-маңызын жан-жақты түсіндіріп берді. «Тұғырнамада имандылық, отаншылдық, білім алу, бірлікке болысу, еңбекқорлық, мәдениеттілік және әділдік сынды жеті қағида негізге алынған. Жеті қағида да қазіргі біздің қоғамға ауадай қажет екені айтпаса да түсінікті болар. Біз осы тұғырнама аясында алдағы уақытта әртүрлі рухани-танымдық шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. «Жеті рухани қазық» имамдарға, дін адамдарына ғана емес, халыққа қажет дүние деп есептейміз» деген бас имам елордада өткен форумда Діни басқарма атқаратын діни рәсімдер және діни лауазымдар тізілімі сынды құнды құжаттар қабылданғанын да жеткізді.

Пәтуаны кім шығарады?

Форумда қабылданған «ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі» атты құжатта мешіттегі әр қызметкердің міндеттері белгіленіпті. «Бас имамның, наиб имамның, азаншының, қаридың, ұстаздың жұмыстары қандай? Осының бәрі құжатта анық көрсетілген. Мәселен, аудан мен қаланың бас имамдарына пәтуа шығаруға болмайды. Пәтуа тек облыстық мешітте шығарылады. Бұдан бөлек «ҚМДБ атқаратын діни рәсімдер тізілімі» дейтін құжатта адам дүниеге келген сәттен бастап, дүние салғанға дейінгі аралықта атқарылатын діни рәсімдердің 45 тармақтан тұратын шарттары жазылған» дейді Е.Мұқатай.

Шала молдаларға шара қолдана алмаймыз

Бас имам өңірде мешітте ресми түрде жұмыс істемесе де, діни рәсімдерге қатысатын дүмше молдалардың көп болмаса да, бірен-саран бар екендігін, оларды ас беруші адам өзі таңдайтындықтан тыйым сала алмай жүргендіктерін де жасырмай айтты. «Құранды нақышына келтіре, әдемілеп оқитын кісілерді білімді, терең адам деп ойлайтындар арамызда аз емес. «Астың иесі шақырды» деген соң мұндай молдаларға шара қолдана алмаймыз. Осындай шала молдалар астан немесе қатымнан шыққаннан кейін: «Мені шақырсаңыздар болады, менің ставкам пәленше» деп айтады екен. Халыққа айтарымыз, біздің имамдарда ешқандай да ставка жоқ. Мұның біздің имамдарға еш қатысы жоқ. Біздің имамдар ақша сұрамайды. Жұрт өз ықыласымен беріп жатса, садақ ретінде алады. Осы ретте халыққа діни білімі бар, мешітте жұмыс істейтін имамдарды шақыруға кеңес береміз» дейді ол.

Мешітті салушылар көп, қараушылар аз

Кездесуде қазір екінің бірі мешіт салғыш болып алғаны, салуын салғанымен артынан ғибадат үйі мүлде қараусыз қалатыны жайында да айтылды. «Қазір мешіт салатындар көп. Бірі өзінің атағын шығару үшін салса, екіншісі шын ниетпен, шын көңілмен тұрғызады. Өкінішке қарай, мешіт салған азаматтардың кейбірі «мен өз міндетімнен құтылдым» дегендей, сол күйі мешітке ат ізін салмай кетеді. Мешіт болғаннан кейін оның күтімі, басқа да дүниелері бар емес пе?! Сондықтан Діни басқарма мешіт салушы азаматтарға оның ары қарайғы күтімін естен шығармауды ескертіп отыр. Жасыратыны жоқ, қазір көп ауылдарда имам жоқ. Табу қиын. Кейде кәсіпкер азаматтарға: «Кішкене ауылдарға мешіттің қажеті жоқ, шағын намазхана болса жетеді. Одан да балабақша, жол, көпір салып беріңіздерші. Халық соған риза болады» деп ұсынысымызды айтып жатамыз» дейді.

ӨСКЕМЕН