Қоғам • 25 Қараша, 2019

Асхат Аймағамбетов: Мұғалімдерді даярлайтын ЖОО санын қысқарту жоспарланып отыр

338 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жоғары оқу орындарына қойылатын біліктілік талаптары күшейтілуде. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында жазды.

Асхат Аймағамбетов: Мұғалімдерді даярлайтын ЖОО санын қысқарту жоспарланып отыр

«Бүгінде көп бейінді университеттің барлығы мұғалімдерді даярлайды. Алайда олардың сапасы сын көтермейтіндіктен, қойылатын талаптарды күшейту арқылы мұғалімдерді даярлайтын ЖОО санын 85-тен 20-25-ке дейін қысқарту жоспарланып отыр. Олар басқа бағыттар бойынша мамандар даярлай береді, ал педагогика бойынша лицензиялары қайтарылып алынуы мүмкін. Шамамен алғанда, әр аймақта мұғалімдерді даярлайтын 1 мықты ЖОО және Алматыда бірнеше оқу орны болмақ», деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Бұдан соң, министр нашар сабақ үлгерімі үшін оқудан шығарылғандар жайында жазды.

«Нашар сабақ үлгерімі үшін оқудан шығарылғандардың бәрін қабылдай беру есебінен кейбір жоғары оқу орнына 100 адам түсіп, 800-ге жуық түлек бітіретінін атап өткім келеді. Тағы бір жайт, биыл 37 мың студент таяу шетелдің ЖОО-да бір семестр немесе бір жыл оқыған соң қазақстандық шағын ЖОО-на ауысып келді. Ақпаратқа сүйенсек, ҰБТ сертификатының талап етілуін айналып өту үшін талапкерлер құжаттарын шетелдік ЖОО жіберіп, бір семестр немесе бір жылдан кейін виртуалды түрде қазақстандық университеттке ауысып алатын тенденция да бар. 20-23 мыңға дейін студент оқитын және олардың көпшілігі, әдетте, сабаққа да бармайтын кейбір өңірлік жеке меншік ЖОО да бар», деп жазды министр.

Сондықтан да министрлік осындай жағдайлар мен жауапкершілігі төмен ЖОО қатысты қатаң саясат жүргізбек.

«Әлбетте, бұл шаралар барлығына бірдей ұнай бермейтіні анық. Дегенмен, Елбасы мен Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, Министрлік жоғары білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету саясатын одан әрі жалғастырады», деп жазды ол.