Экономика • 26 Қараша, 2019

Кен орындарын дамыту жөнінде кеңес өтті

181 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма басшысы Ахметжан Есімов Маңғыстау облысындағы Қаражанбас кен орнына барып, суды тұщыландыратын жаңа зауыттың іргетасын қалап, ескі кен орындарынан мұнай алу коэффициентін арттыру бойынша кеңес өткізді.

Кен орындарын дамыту жөнінде кеңес өтті

Алдымен Ахметжан Есімов «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқар­ма төрағасы Алик Айдарбаев­пен бірге көлемі тәулігіне 17 мың тек­ше метр болатын су қаба­тын өңдеуге, пайдалануға және тұ­щы­­ландыруға арналған зауыт­тың іргетасын қалауға қатысты. Жаңа зауыт бұған дейін аталған өңірде қордаланып келген бірқа­тар мәселелердің алдын алып, су мәселесін толық шешуге бағыт­талып отыр.

– Біріншіден, зауыт құрылы­сы кен орны үшін үлкен маңыз­ға ие. Күн сайын Астраханнан Атырау облысы арқылы Маңғыс­тау­ға дейін созылатын 17 мың текше метр су сатып алынады. Аталған зауытты келесі жылдың соңына қарай аяқтау жоспарланып отыр. Оның құрылысы толық аяқтал­ғаннан кейін аталған кен орындарына қажетті су мөлшерін тұты­ну қажеттілігі жойылады және бұл көлем осы екі облыста басқа мақсаттарға жұмсалады. Сон­дай-ақ зауыт мұнай өндіруді 750 мың тоннаға арттыруға және электр энергиясына шығындарды қыс­қартуға мүмкіндік береді. Бұл экономикалық тиімді жоба болмақ, – деді қор төрағасы Ахметжан Есімов.

Сонымен қатар Ақтауға барар жолда Ахметжан Есімов Қара­жанбас кен орны жанын­дағы вах­талық кентте болып, жұмыс­шылардың тұрмыс-тіршілігімен танысты. Сонымен қатар, Ақтау қаласындағы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың ғылыми нысандарын аралады. Содан кейін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма басшысы ескі кен орындарын дамыту жөнінде кеңес өткізді.

Кеңес барысында қатысу­шылар ескі кен орындарынан мұнай алу коэффициентін арттыру бойынша мәселелерді талқы­лады. Мысал ретінде Маң­ғыс­тау облысындағы Өзен кені көр­сетілді. Бұл кен орны 1960 жылдан бері пайдаланылып келеді. Тиісті анықтау шараларының нәтижесінде бүгінде Өзен кені орнындағы мұнайдың сарқылуы байқалады. Мысалы, бұған дейін кен орнында жылына 15 млн тонна мұнай өндірілсе, қазіргі уақытта бұл көлем 6 млн тонна­дан кем екені анықталып отыр. Кеңес барысында сөйле­ген сөзін­де Ахметжан Есімов кен орын­дарының сарқылуы сияқ­­ты жағ­дайларда Ресей Феде­ра­ция­сы­ның тәжірибесін зерттеп, зерделеуді жалғастыру керектігін атап өтті.

– Көрші Ресейде біздің «Өзен­ге» ұқсас кен орындары үшін ерекше шарттар бекітіліп, тиісті заң қабылданды. Мұндай тәжір­биені қазіргі уақытта егжей-тегжейлі қарастырып жатырмыз, – деп атап өтті Ахметжан Есімов.

Сонымен қатар қор төрағасы жұмыс орындарын және мұнай өндіру құрылымын сақтау мақ­сатында Ресейде қабылданған осын­дай мәселелерді шешуге, атап айтқанда өндірісті дамытуға инвес­тиция құюға мүмкіндік беру үшін ескі кен орындарына са­лықтық преференциялар беру­ге қол жеткізу қажеттігін атап өтті.

Қор төрағасы бұған дейін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев­тың қатысуымен Аты­рауда өткен кеңесте кен орындарына қатысты мәселенің көтеріл­генін және оған қолдау көрсет­кенін мәлімдеді.

Сондай-ақ Ахметжан Есімов «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-қа осы мәселені түбегейлі зерттеу­ге және сарқылатын кен орын­дарының қорлары бойынша бір­қатар тапсырмалар жүктеді. Қор төрағасы сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компа­ниялар тобының өндірістің тиім­­ділігін арттыру арқылы және жаңа технологияларды ен­­гізу үшін «Татнефть» және Baker Hughes сияқты шетелдік жетекші компаниялармен ын­ты­­мақ­тастықты жалғастыру қажет­тілігін атап өтті.