Сол себепті де елімізде 2019 жылдың маусым айында «Eurasian Expert Council» қоғамдық қоры Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының гранттық қаржыландыруы арқылы Qorgau жобасын жүзеге асыруды қолға алды. Жобаның басты мақсаты – өмірлік қиын жағдайға тап болған жандардың құқықтық білім деңгейін арттыру және азаматтардың құқығын қорғайтын ұлттық жүйе құру.
– Бұл – мемлекет тарапынан жасалған теңдессіз қадам. Өйткені азаматтарды заңды тұрғыдан қорғау үшін айтарлықтай мол қаржы бөлініп отыр. Дәлірек айтқанда, өзінің жауапсыз өкілдерінен қорғау үшін. Бүгінде «Eurasian Expert Council» қоғамдық қоры жүзеге асырып отырған Qorgau жобасы Қазақстандағы ең ірі құқық қорғау жобасы саналады. Жалпы, еліміз бойынша Адвокаттар алқасының немесе Заңгерлер палатасының мүшелері санатындағы 210 заңгер кеңес береді. Бұл елордада, республикалық маңыздағы қалалар мен облыс орталықтарында ғана емес, сонымен қатар шалғайдағы елді мекендерде де іске асырылуда. Алғаш рет алыс аудан-ауылдардың тұрғындары тегін қол жеткізіп отыр. Бұл үшін олар Qorgau орталығы бар аудан орталығына келсе болғаны. Ал егер мұндай мүмкіндіктері болмаса, қажетті жерге заңгерлеріміз өздері барады, – дейді Qorgau жобасының менеджері Шыңғыс Лепсібаев.
Яғни, азаматтар тек кеңес алып қоймайды. Қажет болған жағдайда оларға толық циклді заңгерлік қызметтер ұсынылады. Мәселен, арызын қабылдап, қажетті құжаттарын жинақтау, талап ресімдеу, сотта мүддесін қорғау ісі жүзеге асырылады, яғни әр іс логикалық шегіне дейін жеткізіледі.
– Жоба жүзеге асырыла бастағаннан бері Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі Qorgau орталықтарының заңгерлері өмірлік қиын жағдайға тап болған 11 мыңнан астам адамға тегін кеңес берді, 400 азаматтың құқығы сотта қорғалды, – деп мәлімдеді Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, сондай-ақ Qorgau жобасының адам құқығын қорғау саласындағы кеңесшісі Шерзод Пулатов.
Оның айтуынша, өз тәжірибесінде жоба заңгерлері түрлі жағдаятқа тап болып жатады екен. Мәселен, Қостанай облысындағы Qоrǵau орталығына онкологиялық дертке шалдыққан зейнеткер жолығыпты. Банктен алған несиенің шырғалаңы кесірінен ер азамат көк тиынсыз қалыпты. Белгілі болғандай, ол 200 мың теңге көлемінде несие алған, ал енді күн санап өскен пайыздарымен қосқанда 708 мың теңге қарызды қайтара алмай жүрген. Мәселе мұнымен бітпейді. Нотариустың атқарушы жазбасы бойынша жеке сот орындаушысы оның елден шығуына шектеу қойыпты. Зейнетақысының тең жартысын қарызын өтеу үшін ұстап қалғанда қарияның қолына бар-жоғы 30 мың теңге тиеді екен. Оның үстіне, өзінің айтуынша, қызы үйінен қуып шығып, барар жер, басар тауы қалмағандықтан, әпкесінің үйін паналап жүр екен.
Qоrǵau орталығының заңгері несие берген ЖШС-мен бейбіт келісім жасасты. Зейнеткер факті бойынша 114 мың теңгені төлеп құтылды. Енді қалған 56 мың теңгені төлегеннен кейін қарызды өтелді деп санау туралы келісілді. Сонымен қатар несиегер атқарушы парағын қайтарып алды, елден тысқары шығуға қойылған барлық шектеу алынып тасталды, зейнеткер зейнетақысын толық көлемде алатын болды. Ал оны үйінен қуып шыққан қызынан алимент өндіру туралы құжаттар ресімделді.
Тағы бір мысал. Павлодар қаласының тұрғыны, мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана мүгедек баланың күтімі үшін тағайындалатын зейнетақыға қол жеткізе алмай жүр. Qorgau жобасының заңгерлері төлемақыны ресімдеу үшін қажетті құжаттарды жинақтауға қолұшын созды.
Qorgau жобасының командасы тегін заңгерлік көмек берумен ғана айналыспайды. Олар Қазақстан тарихында алғаш рет мемлекеттік құрылымдар (әсіресе полиция) мен азаматтық қоғам арасында жүйелі байланыс орнатуға үлес қосуда. Бұл не үшін қажет? «Қазақстанның азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің (ЗТБ) вице-президенті, Qorgau жобасының Жастар ресурстық орталықтарымен жұмыс бойынша менеджері Гамал Түзелбаевтың ойынша азаматтардың ішкі істер құрылымдарына сенімін арттыру және олардың имиджін жетілдіруге полиция мен азаматтық қоғам арасындағы тығыз қарым-қатынас арқылы ғана қол жеткізуге болады. Сол себепті нақ осы әріптестік қағидаты негізінде құқық қорғау құрылымдары мен коммерциялық емес ұйымдар арасындағы өзара әрекеттестік қарқынын тұрақты түрде қамтамасыз ету маңызды.
– Мемлекет пен азаматтық қоғамның Қазақстанды дамыту бағытындағы мақсат-мүдделері ортақ екенін ұғыну керек және оған қол жеткізу үшін әріптестік қағидаты негізінде және мүдделер тепе-теңдігін сақтау арқылы күш-жігерді біріктіру қажет, – деп атап өтті Гамал Түзелбаев.
Qorgau жобасы сонымен қатар ҮЕҰ-ларды мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жүйесі арқылы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға тартуды және азаматтық бастамаларға мемлекеттік құрылымдар мен халықаралық ұйымдар тарапынан қолдауды қамтамасыз етуді іске асырады. Сол себепті Qorgau жобасы ІІМ-мен меморандумға қол қойды. Құжаттың басты міндеті – полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлар мен азаматтар арасындағы алшақтықты азайту.
Әрине Qorgau жобасы өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға заңгерлік көмек көрсетуге байланысты барлық мәселені бір демде шешуге қауқарсыз. Мұндай ауыр міндетті мойынға жүктеудің өзі аңғалдық болар еді. Бұл дегеніміз – мыңмен жалғыз алысуға талпыну. Дегенмен Qorgau жобасының қысқа уақытта қол жеткізген жетістіктері осынау пайдалы құқық қорғау бастамасына мемлекет тарапынан жеткілікті деңгейде қолдау көрсетілсе, азаматтарды құқықтық сауаттандыруға қатысты көптеген мәселе жуыр арада күн тәртібінен алынып тасталуы мүмкін екенін көрсеткендей.