Жеңімпаздардың бірін марапаттаған Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Елбасы тапсырмасына сәйкес қолға алынған «Кедергісіз келешек» жобасы аясында соңғы үш жылда 20 мыңнан астам әлеуметтік маңызы бар нысанның мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттіліктеріне қарай жабдықталғаны, заңдарға 78 түзету енгізіліп, құрылыс талаптары мен ережелері қайта қаралғаны туралы айтты.
– Бүгін осы залға күш-жігері мұқалмаған, өмірге құштар жандар жиналып отыр. Nur Otan ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қашан да қолдау білдіріп келеді. Осы жылдың өзінде партиямыздың қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 2 мыңнан астам айрықша қажеттілігі бар азамат өтінішпен келді. Әр төртінші мәселе сол жерде бірден шешімін тапты. Қазақстан мүгедектер конфедерациясының президенті Жанат Омарбекова біздің Мәжілістегі фракциямыздың өкілі. Бүгінде осындай адамдардың депутаттық қызмет атқаруы, осы санаттағы азаматтардың құқықтарын қорғайтын тиісті заңдардың қабылданатындығын және олардың мәселелерінің шешімін табатынын көрсетеді. Nur Otan партиясы мұны жан-жақты қолдайды. Оның үстіне, партияның 13 мың мүшесі ерекше қажеттілігі бар адам екенін біз үнемі қаперімізде ұстаймыз, – деп атап өтті Бауыржан Байбек.
Қазақстан мүгедектер конфедерациясының президенті Жанат Омарбекованың айтуынша, «Жан Шуақ» сыйлығы тағайындалғаннан бері, еліміздің түкпір-түкпірінен келген 60-тан астам қазақстандық жеңімпаз атанды.
– Табысты адам – ол мол ақша тапқан емес, көп игі істер жасаған адам. Бұл рәсімді Халықаралық мүгедектер күні мен осы марапаттың бастамашысы Иран Омарбековтің туған күні қарсаңында өткізу жақсы дәстүрге айналды. Nur Otan партиясының атынан сайланған депутат ретіндегі заңшығарушылық қызметімізде еліміздің мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ешқандай кедергілері жоқ, инклюзивті және дамыған мемлекет болуы жолында жұмыс істейміз. Осылайша, қоғам ерекше қажеттілігі бар адамдарды тең дәрежеде қабылдайтын болады, – деді ол.
Салтанатты шара барысында «Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға деген қоғамдық сананың оң өзгерісіне қосқан үлесі үшін» жүлдесіне Жадырасын Садуақасов, «Еріктілер қозғалысын дамытудағы жетістіктері үшін» аталымы бойынша сыйлыққа Қостанай қаласынан келген Юлия Заводчикова лайық деп танылды. «Спорт саласындағы жетістігі үшін» аталымы бойынша жасөспірімдер арасында Токиода өткен Азия паралимпиада ойындарында 4 медаль жеңіп алған Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Сиязбек Далиев марапатталды. «Мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелері мен өмірін жариялауға қосқан үлесі үшін» сыйлығына Щучинск қаласынан келген Қанат Байбұров ие болды.
«Кәсіпкерлік қызметті дамытуға қосқан үлесі үшін» Дина Ерділдинова марапатталды. Оның мүгедектер арбасын жөндейтін орталығы медициналық және әлеуметтік мекемелерде техникалық қызмет көрсетеді.
«Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру үшін жасалған үздік жұмыс орны үшін» сыйлығын Ербол Нұрқатов жеңіп алды. «Өнер және мәдениет саласындағы жетістіктері үшін» өскемендік Екатерина Федоренко марапатталды.