Ал Есіл ауданында жылқыны соққан шетелдік көліктің жүргізушісі мен оның жолаушысы ауыр жарақат алды. Бірнеше күннен кейін зардап шеккен әйел алған жарақаттың салдарынан қайтыс болды. Өткен дүйсенбіде Аққайың ауданында да осыған ұқсас оқиға болып, екі адам зардап шекті. Барлық жол апаттары түнде орын алғанын атап өткен жөн.
«Малдың қатысы бар жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында іс-шаралар өткізу қажеттігі туралы барлық аумақтық бөліністерге нұсқау берілді. Патрульдік полиция қызметкерлері, әсіресе қараңғы түсе бұл мәселеге ерекше назар аударады. Республикалық маңызы бар жолдардың үстінде немесе жанында бос жайылып жүрген мал анықталған жағдайда жергілікті атқарушы органдарға хабарлап, малды жол маңынан алысқа айдау шаралары қабылданады», деді облыстық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Айдын Байматов.
Апатқа себепші болған мал иелеріне Әкімшілік кодекс бойынша жауапкершілік көзделген. Сонымен бірге жәбірленушілер келтірілген материалдық шығынды өтеу мақсатында сотқа жүгінуге құқылы. Малды жолдан арнайы «Малды өткізу» белгісі орнатылған жерден ғана айдап өтуге болады. Сондай-ақ полицейлер жүргізушілерге жылдамдықты шектен тыс асырмауға кеңес береді. «Малды өткізу» белгісі тұрған жағдайда міндетті түрде жылдамдықты азайту қажет. Сонымен бірге қараңғыда жабайы аңдардың да жолға шыға келетінін естен шығармаған жөн.
ІІД қызметкерлері мал иелерінің жергілікті атқарушы органдармен және малшылармен үш жақты шарт жасап, төрт түлікті ұйымдастырылған түрде бағуды қамтамасыз ету керектігіне назар аударуын талап етіп отыр.
Солтүстік Қазақстан облысы