Б. Нұрымбетовтың айтуынша, шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындарға тексеру жүргізгеннен кейін, қазақстандық және шетелдік мамандардың арасында еңбекақы төлеу мен еңбек жағдайларындағы сәйкессіздік проблемасы анықталды. Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ҚР заңнамасына бірқатар түзетулер дайындады.
«Егер шетелдік жұмыс күшін тартатын компания еліміздің заңнамасын сақтамауға жүйелі түрде жол берсе, онда оны күшейту қажет. Сондықтан бүгінде Мәжілісте тең тұрмыс жағдайларын жасау бойынша жұмыс берушілерге қосымша міндеттеме мен жауапкершілік жүктелетін заң жобасы қаралуда. Бұл бұған дейін заңнамада болмаған», — деді Б. Нұрымбетов.
ҚР ЕХӘҚМ жыл сайынғы негізде шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындарды тексеру жөнінде ұсыныс білдіруде.
«Бүгінгі таңда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекеттік еңбек инспекторы кәсіпорындарды жыл сайын жоспарлы түрде тексере алмайды, тек бес жылда бір рет тексереді. Сондықтан шетелдік жұмыс күшін тартатын компаниялар үшін біз тексеру критерийлері бойынша Еңбек инспекциясына жыл сайын профилактикалық негізде осы кәсіпорындарды тексеріп отыруына мүмкіндік беру туралы ұсыныстар енгіземіз», — деді министр.
Сонымен бірге өңір әкімдіктеріне еңбек нарығын жан-жақты зерттегеннен кейін шетелдік жұмыс күшін (ШЖК) тартуға квота қалыптастыру және ШЖК тартатын жұмыс берушілердің жергілікті кадрлармен қамтуын арттыруды қамтамасыз ету ұсынылды.
«Бүгінгі таңда елімізде 50 мың шетелдік маманға жұмыс істеуге рұқсат етілген. Қазір келесі жылға квота дайындап жатырмыз. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Үкіметке осы квотаны екі есеге жуық азайтуды ұсынуға ниетті», — деді Б. Нұрымбетов.
Сондай-ақ, ЕХӘҚМ төртінші санат — жұмысшы мамандықтары бойынша шетелдік мамандарды тартуға қойылатын талаптарды қатаңдатуды жоспарлап отыр.
«Яғни, біз ережелерде жергілікті атқарушы органдарға еңбек нарығын мұқият зерттегеннен кейін квоталар бойынша ұсыныстарды қалыптастыруға қойылатын талаптарды белгілейміз. Егер еңбек нарығында бізде осы мамандықтар мен кәсіптердің мамандары болса, онда бұл рұқсаттар берілмейді. Біз үшінші және төртінші санаттарға рұқсат мерзімі аяқталғаннан кейін шетелдік мамандарды қазақстандық азаматқа ауыстыру үшін заңнамада бұрыннан бар ережелерді қайтару мәселесін пысықтап жатырмыз», — деді министр.