Аймақтар • 26 Қараша, 2019

«Қыс - 2020»: Төтенше жағдайды жою жасағы мен техникалар дайын ба?

203 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірде елімізде жүргізіліп жатқан «Қыс – 2020» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары барысында төтенше жағдайды шұғыл жою жасақтарының дайындығы мен қар жинайтын техникалар тексерілді.

«Қыс - 2020»: Төтенше жағдайды жою жасағы мен техникалар дайын ба?

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, алдағы қыс айына мамандар да, қызмет көрсету бөлімдерді де дайын. 

Оқу-жаттығуларға департаменттен 4 бірлік техника, облыстық денсаулық сақтау басқармасынан 1 медициналық жедел жәрдем бригадасы, апаттар медицинасы орталығынан 1 бірлік техника, «Жылу желілері» ЖШС-нен 3 бірлік техника, «Водоканал» ЖШС су құбыры және кәріз желілері бойынша авариялық-техникалық командасынан 2 бірлік техника қатысты.

Жергілікті ірі кәсіпорындар мен зауыттар өкілдері қатысқан дайындыққа  48 техника тартылды. Жеке құрамнан 128 адам қызмет көрсетті.

Департаменттің авариялық-құтқару жасағының жетекшісі Владимир Власовтың айтуынша,  оқу-жаттығу кезінде қысқы мерзімде қызмет атқаратын техникалардың дайындығы тексерілді.

Жол мен ауа райын талғамайтын 3 «Трэкол» техникасы қалың қарда  жолда қалған жолаушыларды құтқаруға мүмкіндік бермек.

Бұл ретте жолда апатты жағдайда қалған жолаушыларды құтқару, апаттың алдын алу, қар тазалау басты назарда болмақ.

Мамандар берілген тапсырманы аз уақыттың ішінде орындап, жеделдік танытты. Байқауға  Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің облыстық төтенше жағдайлар департаменті өкілдері қатысты.

Шара барысында қысқы кезеңдегі апаттар және төтенше жағдайлардың нәтижесінде зардап шеккендерге өз уақытында көмек көрсетуге арналған техника мен құрал-жабдықтардың жарамдылығына назар аударылды.

Департамент бөлімшелерінде жанар-жағармай, азық-түлікті жеткізу, іздеу-құтқару, қысқы кезеңде өрттерді жою жұмыстарын жүргізетін техникалардың жағдайы таныстырылды.

Ал мамандар қыс мезгілінде жекеменшік сектордағы үйлердің тұрғындары от жаққанда барынша сақтық шараларын ұстануы керектігін айтады.

Биыл облыста 868 өрт фактісі тіркелген. Тіркелген өрттердің 61 пайызы жеке сектордағы үйлерде орын алған.

Мамандар ауа райының бұзылуына орай телеарналар мен радио арқылы хабарландырулар және жүгіртпе жолдар беріледі. Ұялы телефонға SMS хабарламалар келеді. Бұл уақытта ескертпелерді тыңдап, алыс жолға шықпаған жөн.

 

Павлодар облысы