Аймақтар • 27 Қараша, 2019

Жұмысшылар наразылығы туындамасын десек...

419 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздің қай түкпірінде болсын, сол өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан алға қарай дамуына септігін тигізе алатын қаржылық күш-қуаты мол компаниялар мен корпорациялар бар. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында мұндай кәсіпорындар сапында Альянс КПО б.v бар десек, Атырауда «Шеврон», ал Ақтөбеде «СНПС» корпорациясын айтуға болады.

Жұмысшылар наразылығы туындамасын десек...

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ – Ақтөбе облысы аумағындағы ең ірі кәсіпорынның бірі. Оның үлесіне өңірде өндірілетін мұнай мен көмірсутегі шикізатының 70 және сұйық отын мен газдың 90 пайызы тиесілі. Корпорация мен құрылымдық бөлімшелерінде 6 200-ден астам қызметкер жұ­мыс істейді. Соңғы бес жыл ішінде аталған акционерлік қо­­ғамнан 500 миллиард теңге кө­лемінде инвестиция тартылды. Әйтсе де кейінгі кезде аталған өндірістік ұжым бұрынғы жүрдек жүрісінен жаңылып қалғандай.

Стратегиялық маңызы бар шикізат өнімдерін өндіретін ірі кәсіпорынның мәселелері ауқым­ды болуы табиғи жайт. Ин­вес­тиция тарту ауқымы, еңбек өнімділігі қарқыны да төмендеп кету көріністері байқалып отыр. Бұл жайт өз кезегінде мо­раль­дық тұрғыдан ескіре бастаған құрал-жабдықтарды технологиялық тұрғыдан қайта жаңғырту қажет­тілігін көрсетеді.

Сонымен бірге «СНПС-Ақтө­бемұнайгаз» еңбекті ұйымдас­тыру мен жұмысшылардың еңбек­теріне лайықты еңбекақы төлей алмай жүр. Айталық, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің мәлімдеуіне қарағанда, қазіргі кезде корпорация қожайындарының өз жұмысшыларына төлеп жүрген орташа еңбекақысының мөлшері тұтастай республика бойынша мұнай саласы қызметкерлерінің орташа жалақысымен салыс­тырғанда  үш-төрт есеге аз екен.

«СНПС» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Ван Илинь Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинмен кездесуі кезінде аталған жағ­дайды кәсіпорында орын алып отыр­ған уақытша кідірістер мен кедергілерге байланысты еке­німен түсіндірді. Оның айтуынша, жұмысшыларға толымды еңбекақы төлеу мәселесі алдағы кезде толығымен шешімін тап­пақ.

Тағы бір атап өтерлік жайт, бұған дейін жасалған өзара келісімдерге сәйкес шетелдік ком­пания қызметке жергілікті мамандар мен жұмысшыларды ұдайы тартып отыруға тиіс. Әйт­се де аталған келісім талаптары мен нормалары орындалмай келеді. Есесіне соңғы жиырма жылдың ішінде компания басшылары шетелдік жұмысшыларды ұдайы тарту үрдісін жалғастырып келген. Сондай-ақ осы аралық­та кәсіпорын жанынан қазақ­стандық мамандарды оқыту мен жаңа кәсіпке бейімдеу ісінде формальдылыққа әрі бірқатар үстірттіктер мен олқылықтарға жол берілген. Оның сапалық деңгейі өте төмен болған.

Бұл арада басты әңгіме инженер-техник кадрларға байланыс­ты емес, III және IV санаттағы қарапайым жұмысшыларға қатысты өрістеп отырғанын айт­қанымыз жөн. Шетелдік компания басшылары тарапынан мұндай жағдай қайталана берсе, оның соңы жұмысшылар наразылығын тудыруы да мүмкін.

 

АҚТӨБЕ