Медицина • 27 Қараша, 2019

Алматының «Денсаулық жолы»

183 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қараша айы еліміздің денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелерін талқылауда табысты болды десек те болады. Ал медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттыруға қатысты айтулы оқиғалардың көпшілігі Алматыда өтті. Мегаполистегі «Бедеулікті емдеудің қазіргі заманғы әдістері» ХІ Халықаралық конгресі мен «Денсаулық сақтау ісіндегі инновациялар» халықаралық форумдары әлемнің айтулы көшбасшыларын тоғыстырды.

Алматының «Денсаулық жолы»

Қысқасы, мұндай бастамалардың барлығы да мегаполистің денсаулық сақтау саласын алға жылжытуға септігін тигізері сөзсіз. Оның үстіне Алматының руханият, әлеуметтік және денсаулық са­ласында көшбасшы, үлгі болуда жа­зылмаған өзіндік міндеттері бар. Мә­дениетке шөліркеген, білім қуған, ден­сау­лық іздеген адамдар Алматыны да іздейді.

Сонымен соңғы айда Алматыда «Денсаулық жолы» бастамасы ая­сын­да не атқарылды? Қала әкімі Бақыт­жан Сағынтаев қарашаның басында Пре­зи­­денттің іс басқармасы Меди­цина­лық қызметінің 90 жылдығына орай өт­кен «Денсаулық сақтау ісіндегі иннова­ция­лар» форумында медициналық көмек­тің сапасын жақсарту мақсатында «Сов­мин­каның» ең озық тәжірибелерін қала­мыздағы барлық емдеу мекемелерін тара­тудың маңыздылығы мен оған Ал­ма­тының толық мүмкіндігі бар екен­дігін атай келе: «Дәрігерлердің кәсіби білік­тілік деңгейі тұрақты артатын болады, олар­дың дұрыс жұмыс жасауы үшін барлық жағдайды жасаймыз. Алдағы үш жылда ауруханалар мен емханалардың жабдықталу деңгейін 90 пайызға дейін жеткіземіз», – деген болатын.

Нәтижесінде қазір Алматының бар­лық емханалары мен ауруханаларында аудит жүргізіліп, қандай медициналық құ­рал-жабдықтар бар, қайсысы жұмыс істейді, қайсысы қаңтарылып тұрғанын анық­тау жұмыстары атқарылып отыр.

 Бір күнде 8 мыңға жуық алматылық медициналық тексеруден өтті

Алдымен ілкімді шаралар ішінен Ал­матының «Денсаулық жолы» жобасын бөле-жарып атап өту қажет. Қа­зір қалада «Денсаулық айы» жүріп жатыр. 29 қазанда басталған акция 1 жел­тоқсанға дейін жалғасады. Бұл шара халықты «жаяу баратын жақындықта» ме­ди­циналық қызметпен қамту мен қалалықтардың  өз денсаулығын сақтауға ұмтылысын құлшындыруды көздейді. Өйткені Алматыда алыстағылардың қо­лы жете бермейтін жетекші емханалар мен ғылыми-зерттеу орталықтары бар. Бар­лығында түрлі тегін скринингтер жасалып жатады. Алайда, тұрғындар мұндай мүмкіндіктерден хабарсыз, яки болмаса тұрақты түрде алдын ала дәрі­герлерге қаралып тұруға мойындары жар бермейтіні жасырын емес. Сондықтан бұл әрекетті жандандыруды құзырлы мекемелер өз міндетіне алып отыр.

Сонымен алматылық дәрігерлер мегаполистің 30-дан астам шет аймағын мобильдік бригадалармен аралап,  өз­дері қарыс қадам жерге келіп тұрған ме­дицина мамандарына 8 мың адам қаралған.

Эндокринолог, кардиолог, жалпы прак­тика дәрігері, офтальмолог, гинеколог және басқа кәсіби дәрігерлер қа­был­даулар өткізді. Мұнда қандағы хо­лес­терин және қант деңгейін анықтау үшін қан тапсыру экспресс-әдіспен ат­қа­рылды, қан қысымы тексерілді, ЭКГ диагнос­тикасы жасалды, АИТВ-инфекциясын және басқа да сырқаттарды анықтаудың экспресс-тестілері жүргі­зілді. Мұның барлығы қадамдық қолже­тім­ділік барысында атқарылды, өйткені олардың кейбіреулерінің өз емханаларына баруына мүмкіндіктері бола бермейді.

Сонымен қатар медицина қызмет­кер­лері қала тұрғындары арасында ақ­параттық-түсінік жұмыстарын да қа­тар жүргізуде. Міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыру мәселелері, скри­нингтік тексерулерден өту қажеттігі және басқада толғандыратын мәселелер жете түсіндіріліп жатыр.

Осы арада айта кету керек, Денсаулық айы басталған алғашқы 10 күннің ішінде медиктердің көшпелі бригадалары ор­та­лықтан шалғай жатқан 23 елді мекенде болып,  5 мыңнан астам қала тұр­ғыны түрлі мәселелер бойынша тегін ме­ди­ци­налық кеңес алып, тексеруден өтіп үлгерген-ді.

Профилактикалық тексеру барысында қан қысымы жоғары, қандағы қант деңгейі, холестерин деңгейі жоға­ры нау­қастар анықталып, учаскелік дәрі­герге қа­ралуға жіберілді.

 Мегаполистегі медициналық қызмет көрсетудің сапасы

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Алматыны дамыту жөніндегі кеңей­тілген кеңесте берген тапсырмасын орындау мақсатында арнаулы жиын өткізілген болатын.

Осы жиында қан айналымы жүйе­сі ауруларынан, жарақаттар мен жаза­тайым­ оқиғалардан болатын өлім-жітім көр­­сеткіштерін төмендету, сондай-ақ хирургиялық қызмет сапасын арттыру мәселелері қаралды. Қалалық ауруханалар мен емханалардың бас дәрігерлерінің есебін тыңдаған шаһар басшысының орынбасары Ержан Бабақұмаров инсульт, инфаркт, сондай-ақ өмірге қауіп төн­діретін жарақаттармен күресу жұ­мыс­­тарын күшейту қажеттігін атай келе: «Өлім деңгейін төмендету бойын­ша жоспарлы және жүйелі жұмыс іс­теуіміз қажет. Әрбір дәрігер ауру­дың өршуіне әсер ететін факторларды анық­тап, өлім-жітімнің алдын алуға ықпал ететін ше­шімдерді табуы тиіс», – деді.

Жиынға қатысушылардың пікірінше, медициналық жабдықтарды жаңарту арқылы көрсетілетін қызметтің сапасын көтеруге болады. 

Жиынға қалалық медициналық ұйым­­­дардың басшылары қатысып, олар өз тараптарынан Үйлестіру кеңесі ба­рысын­да айтылған бірқатар мәселе­лерді қарастырып, қабылданып жатқан шаралар туралы хабарлап, баяндамалар жасады.

 Алматының МӘМС енгізуге дайындығы қандай?

Қараша айының алғашқы күнінде Алматыда  Өңірлік штаб отырысы өтіп,  Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалық етуімен, Ден­саулық сақтау министрі Е. Біртанов­тың қатысуымен міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыру мәселелері тал­қыланған болатын.

Енді, міне, МӘМС жұмысының басталуына бар болғаны бір ай ғана қалды. Осы аралықта қала тұрғындарын толық қамту, барлық медмекемелердің ақпараттық жүйесін біріктіру, алматы­лық­тардың мәртебесін анықтауға қатыс­ты барлық мәселелер шешілуі қажет.

«Әрбір қала тұрғынының МӘМС туралы хабардар болуы маңызды. Соны­мен қатар өздігінен еңбекке қамтыл­ған­дармен жұмысты жандандыру және жұмыссыздарды тарту қажет. Қалған уақытта медицина қызметкерлерімен және емханалармен жұмысты барынша кү­шейт­кен жөн», – деген болатын мегаполис басшысы Б.Сағынтаев.

Министр Елжан Біртанов  әлеуметтік медсақтандыру жүйесі енгізілгенде Алматы бойынша медициналық көмек­ті қаржыландыру 2020 жылдың 1 қаңтары­нан 1,5 есеге ұлғаятындығын мәлімдеген еді.

«Оның үстіне денсаулықты қалпына келтіру үшін емдеу мен паллиативті көмек көлемі 7,5 есе, консультативті-диагнос­тикалық көмек 6,7 есе, стацио­нар­лық ауыстыру көмегі 2,3 есе артады», – деген еді министр.

 МӘМС-ке техникалық дайындық 1 желтоқсанға дейін аяқталуы тиіс

Ресми мәлімет бойынша, бүгінгі кү­ні қала тұрғындарының 95,7%-ы шарт­ты түрде МӘМС жүйесі бойынша сақтандырылған. Алматының қалған тұрғындары осы жүйеге қатысушы бар­лық медициналық ұйымдарға қойылатын төлем терминалдары арқылы өздері жеке жарна төлеп, медсақтандыру жүйесі бойынша медициналық көмекті алуына болады.

Салыстырмалы түрде, МӘМС енгізу­де Алматының техникалық дайын­дығы жоғары: Алматының медицина ұйымдарындағы барлық жұмыс орын­дары компьютерлік техникамен жабдықталған, қажетті ақпараттық жүйе­лер енгізілген. Медициналық қыз­мет­ті жеке көрсететіндер арасында ақ­параттық жүйемен жарақтану әзірше 66%-ды құрайды және бұл бағыттағы жұмыс екі айдың ішінде аяқталуы тиіс.

«Әлеуметтік медициналық сақтан­дыру қоры» ҚЕАҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұловтың айтуынша, қазірдің өзінде медициналық қамтудың үш деңгейлі жүйесі бекітілген, негізгі ақпараттық шешімдер дайын.

Бүгінгі күні Алматыда субъектілер мәлі­меті бар базада медициналық қыз­мет көрсетуге үміткерлер қатарында 572 медмекеме бар. Олардың 78-і мем­­лекеттік, 179-ы жекешелік. Тегін меди­циналық көмектің кепілдемелі кө­лемін көр­сету үшін 178 медициналық ұйым­мен келісімшарт жасалды. Олардың бар­­лығына медициналық ақпараттық жүйе енгізілген. Желтоқсанға дейін Бірың­ғай жиынтық төлеммен бірігу ісі аяқталуы тиіс.

Кездесу кезінде алматылықтар арасында жүргізілген сауалдама нәтижесі келтіріліп, ол тұрғындардың МӘМС ен­гізуден жақсы хабардар екенін және жүйені енгізуді құптайтындардың қата­ры 60%-ға жуықтағанын көрсетті.

– Қазіргі таңда ТМККК шеңберінде көмек көрсететін барлық 92 жекеменшік медициналық ұйымдарда медициналық ақпараттық жүйелер орнатылды. Алайда, Денсаулық сақтау және әлеуметтік сақ­тан­дыру жүйелерімен интеграция­лау процесі толық аяқталған жоқ. Әзір­леушілердің көбі өз міндеттемелерін орын­­дамады. Осының салдарынан со­лар­­дың жүйелерін орнатқан медици­налық ұйымдар бүгінгі күні МӘМС фор­­матында жұмысқа дайын емес, – деді Ержан Бабақұмаров.

Сондықтан да бұл күндері МӘМС енгізуге барлық медициналық ұйымдар­дың толық техникалық дайындығын қамта­масыз ету үшін жұмыстар атқа­ры­лып жатыр. Сондай-ақ жеке медицина­лық ұйымдардың медициналық қызмет көрсету стандарттарын аккредитациялау жұмысын жеделдету жолға қойылып келеді.