Қоғам • 27 Қараша, 2019

Жемқорлықтан азат қоғам құру тәжірибесі талқыланды

204 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Соңғы үш жылда елімізде сыбайлас жемқорлық деректері азайған. Transparency Kazakhstan жүргізген сауалдама нәтижесіне сәйкес Қазақстандағы жемқорлықтың себебі көп жағдайда шенеуніктердің азаматтарды әуре-сарсаңға салуынан туындайды. Сондай-ақ қандай да бір мәселе тиісті органдардағы бөлім басшылары деңгейінде шешіліп, пара көлемі 500-ден 500 мың теңге аралығын құраған. Ал шағын және орта кәсіп иелерінің пікірінше, жемқорлық деректері салық, жер басқармасы, аудандық әкімдіктер, полиция, өртке қарсы қызмет, кеден саласында көп кездеседі. Дегенмен де сауалдамаға қатысқандар соңғы жылдарда жемқорлық деңгейі 54,4 пайызға төмендегенін атап өткен. Сұралғандардың әрбір оныншысы мәселенің пара беру арқылы ғана шешілетінін айтса, жетпіс пайыздан астамы бизнес саласының ашық жағдайда жұмыс істеу мүмкіндігі бар екендігін айтады. 

Жемқорлықтан азат қоғам құру тәжірибесі талқыланды

Пара берудің мемлекеттік қыз­мет саласында жиі орын алып отыр­­ғандығын растаған Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің төрағасы А.Шпекбаев Ал­матыда өткен «Адалдық алаңы: сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қоғам мен мемлекеттің өзара іс-қимылының жаңа форма­ты» форумында цифрландыру, мем­лекеттік органдар қызметінің ашық­тығын қамтамасыз ету, жазалау, сондай-ақ алдын алу шаралары жүргізілгенімен де жемқорлыққа апа­рып отырған негізгі фактор мем­лекеттік қызметшілердің еңбек ақы­сының төмендігі, деп атап өтті. Ал Алматының әкімі Б.Сағынтаевтың айтуынша, күн санап дамып келе жатқан қалада шешетін мәселе көп. Ал сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы пәрменді шара мемлекет қызмет көрсету саласында адам факторын азайту, деп атап өтті. Бүгінде мегаполистің цифрлық сауаттылық деңгейі 82 пайызға же­тіп, Алматы БҰҰ-ның азаматтарға ар­налған онлайн-сервистерді дамыту рейтингіне енген Орталық Азиядағы жалғыз қала ретінде 25-орында тұр. Сондай-ақ Smart City концепциясын дамыту аясында қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көлік, білім мен денсаулық сақтау салаларында арнайы жобалар жүзеге асуда. Деректер бойынша, ағымдағы жылдың өткен айларында мемлекеттік қызметтің 95 пайызы электронды форматқа көшсе, барлық мемлекеттік қызметтің 80 пайызы автоматтандырылған. «Open Almaty» порталы арқылы қала тұрғындарымен тұрақты кері байланыс орнаса, екі жылда 200 мыңға жуық өтініш қаралып, оның 70 пайыздан астамы шешілген. Шаһар басшысы проблемалы учаскелерге барып, жағдаймен танысып, аудан тұрғындарымен ашық кездесулер өткізудің жақсы нәтижелер бергендігін атап өтті.

Сыбайлас жемқорлықтың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікке төндіретін қаупіне тоқталған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің төрағасы А.Шпекбаевтың айтуынша, соңғы үш жылда алдын ала жүргізілген кешенді жұмыстардың нәтижесінде парақорлық деректері 14 пайызға төмендеген. Ал азамат­тардың өмір сүру сапасын арттыру үшін кәсіби, тиімді, ең бас­ты­сы жемқорлықтан азат қоғам қалып­тастыруда Сингапур, Гонконг және ЕО елдерінің жалақыны көтеру тәжі­рибесін басшылыққа алу қажет. Атал­ған шетелдер тәжірибесінде жемқорлық деректері сиреп, салаға білікті мамандар көптеп тартылған. Ал Қазақстанда керісінше, соңғы 5 жылда жауапкершілікке тартылғандардың 75 пайызын мемлекеттік қызметшілер құраса, 20 жылға жуық еңбек өтілі бар қызметкерлерге төленетін ең­бекақы орташа айлықтан төмен көр­сеткішті құрап отыр. Бүгінде Қа­зақстанда мемлекеттік және са­ла­лық органдардың жұмысын кешенді жетіл­дірудің құқықтық негізі қалып­тасқан. Соның негізінде бюджет қызметкерлерінің жалақысын екі есеге дейін көтеруге толық мүмкіндік бар, дейді А.Шпекбаев. Сонымен қатар бюджетке қатысу жобасы турасында айтқан ведомство басшысы бұл бағытта Нұр-Сұлтан қаласында «Қазақстанда парламентаризмді дамыту» қорының бюджеттің ашықтығы жобасын бастап, Нидерланд елшілігі қолдау көрсеткен жоба еліміз өңір­леріне таратылғандығын жеткізді. «Нәтижесінде, төрт триллион теңгеге жуық қаражаттың қай бағытқа жұм­салып отырғанын ашық көріп отырмыз. Яғни, азаматтық қоғам мемлекет қаржысының қайда жетіп жат­қандығын бақылауда ұстай алады. Біз осы уақытқа дейін жазалау­мен ғана айналысып келсек, енді алдын алу шараларына барынша көңіл бөлеміз, себептерін, анықтап, әкімшілік кедергілерді жоюға ықпал етеміз. Құқықтық жауапкершілікті арттыру, бизнесті қорғау мәселелеріне көңіл бөлеміз» деп атап өтті.

Ал қоғамның әрі қарай ізгілік жолында дамуы отбасындағы тәрбиемен байланысты екендігіне тоқталған А.Шпекбаев форум қатысушыларына әділдікпен өмір сүруде халық дана­лығының да тәрбиелік мәні жоғары екендігін айтты. «Адамның ала жібін аттама», «Біреудің ақысын жеме» деген сөз тіркестері тектен-текке айтылмаса керек. Сондықтан да адалдыққа баулу бала бақша, мектеп партасы мен оқу орындарынан басталуы қажет. Адалдық алаңында сөз алған кинорежиссер Ермек Тұрсыновтың айтуынша, пара беру бізде достықтың, туысқандықтың тасасында жасырынып жатыр. Форум қатысушылары алдында «Бюджеттің ақшасын ұрлау – болашағымызды тонау. Ал ондай тәрбие алған баланың болашағы қандай болады?» деген сауал тастай отырып, жастарды қиындыққа қарсы тұруға тәрбиелеудің маңызды екендігіне тоқталды. Бірқатар жылдар шетелдерде тұрып, өмірлік тәжірибе жинақтаған Е.Тұрсынов «дүниеқұмарлық синдромына» қатысты бірқатар мысалды назарға алды. Сондай-ақ «Шаңырақтың шекарасы босағамен шектелмейді, шаңырақ – ол бүтіндей бір мемлекет, ал мемлекет – балаларымыздың болашағы», деп атап өтті.

Осы форумда сөз алған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігінің өкілі Ғ.Иманғали қоғамдағы мүгедектердің өмір сапасын жақсартуға байланысты қол­ға алынған шараларға тоқталып, әлеуметтік қызмет көрсетудің онлайн жүйесі Alibaba, Amazon негізінде жасалатындығын жеткізді. Бүгінде елімізде мүгедектердің саны 700 мыңға жуықтайды. Портал білікті мамандарды таңдауға, басқа да қызмет түрлерін делдалсыз жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ал БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек ешбір мемлекетте жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптаспаған деп атап өтті. Десек те бірлескен іс-қимылдар әлемнің ашықтығы жолында күресуге үндейді. 2003 жылы БҰҰ жемқорлыққа қарсы конвенциясы қабылданса, Қа­зақстан БҰҰ конвенциясын 2008 жы­лы ратификациялаған. БҰҰ өкілі кел­тірген мәліметтерге сүйенсек, жыл сайынғы әлемдік пара ауқымы бір трлн долларды құраса, дүние жүзі экономикасы сыбайлас жемқорлықтың салдарынан 2,6 трлн доллардың зиянын шегіп отыр. Бұл көрсеткіш әлемдік ІЖӨ бес пайызын құрайды. Осы орайда шараны жүргізіп отырған Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Р.Алшанов жемқорлықпен күресте шетелдер тәжірибесінің маңызды екендігін жеткізіп, осы тұрғыда бірқатар мысалды атап өтті.

Жемқорлықпен күресте кор­по­ративті басқарудың тиімді екен­дігіне тоқталған «Сұңқар» меди­ци­налық компаниясы ЖШС директоры Қ.Керімқұлов оның барысында KPI нәтижесін көрсетпегендерге қолданылатын арнайы шаралар бар деп атап өтті. Ал «Талап» қолданбалы ғылыми-зерттеу орталығының директоры Рахым Ошақбаев мемлекеттік органдармен арадағы мәселені ше­шудегі параның ең төменгі көле­мі он мың теңгені құрайтын болса, жоғары көлемдегі параларды анық­тау әдістемесін жетілдіру қажет дейді. Адалдық алаңы аймақтағы тиім­ді жобалардың бірі дей келе Р.Ошақбаев қазіргі кезде екі мың­нан астам адамның жемқорлық деректері туралы дабыл қағу желісіне қосыл­ғандығын жеткізді. Сонымен қатар қоғамдық рейдтер арқылы темір жол кассаларындағы заңсыз билет сату, халыққа қыз­мет көр­сету орталығындағы заңсыз­дық­тарды дер кезінде анықтап отыруға болады. Р.Ошақбаевтың айтуынша, елімізде жемқорлықпен күрестің сенімді индикаторлары жоқ. Қандай өңірде парақорлық көрсеткіштері төмендеді, қай өңірде жоғары, яғни алдағы уақытта нақты көрсеткіштерінің қолданбалы тетіктері белгілі болуы қажет. Ал Алматы «Адалдық алаңы» жемқорлыққа қарсы іс-қимыл офи­сінің өкілі А.Братеновтің айтуынша, қазіргі кезде қалың жұртшылыққа, ұжымдар мен оқу орындарында арнайы түсіндіру жұмыстары жүр­гізілуде. Жемқорлықтың алдын алуда 1424 жедел қоңырау қабылдау ортылығы жұмыс істейді. Ал тұрақты ақпараттандыру жұмыстарының нәтижесінде соңғы жылдарда азаматтар кез келген мәселені парасыз шешуге нақты көз жеткізе бастаған.

 

Алматы