Руханият • 27 Қараша, 2019

Қырғыз-қазақ – алаштан... (Бішкекте қазақ-қырғыз зиялыларының IV форумы өтті)

757 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Кеше Бішкек қаласында Халықаралық Түркі академиясының мұрындық болуымен «Бекем бауырластық байланыстар» атты қазақ-қырғыз зиялыларының IV форумы өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанға мемлекеттік сапары қарсаңында өткен алқалы жиынға Президенттің көмекшісі Мәулен Әшімбаев, Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі Сұлтан Раев, Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Нұрпейісов Жогорку Кенеш депутаттары, екі елдің белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылыми институт басшылары, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Қырғыз-қазақ – алаштан... (Бішкекте қазақ-қырғыз зиялыларының IV форумы өтті)

 

И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің бас ғимаратында өткен, қазақ-қырғыз бауырластығы мен тұл­ға­лар тағы­лымын арқау еткен жиынға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі модератор болды. Форумның беташарында сөз алған Президент көмекшісі Мәулен Әшімбаев Алатаудың қос бөктерін жайлаған екі елдің ділі мен діні ортақ, тілі де өте ұқсастығына тоқталды. Ұлы Абайдың «Еш қазақ қырғыз бен қазақтың бір туған екеніне таласпайды» деген сөзін еске алып, қырғыздың атақты ақыны Молда Қылыш та «Қырғыз-қазақ – алаштан» деп, егіз елдің бірлігін жыр­лағанын айтты. Тәуелсіздік ал­ған күннен бастап өзара байла­нысты тереңдетуге екі елде де баса мән беріліп келе жатқанын атап өтті.

– Бұл мәселе Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың басты наза­рында болды. Нәтижесін­де, екі мемлекет арасында Мәң­гілік достық туралы шартқа қол қойылды. Ертең Қазақ­стан Пре­зиденті Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Тоқаев Қырғыз­станға мем­лекеттік сапармен келеді. Қырғыз­станның Прези­денті Сооронбай Шарипұлы Жээнбеков­пен кез­десіп, екі мемлекет басшылары ел­деріміз арасындағы қарым-қаты­настарды әрі қарай дамыту мәселесін талқылайды. Бұл – екі ел арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретін маңызды сапар болады деп сенеміз. Со­ның барысында өзара тиімді келісім­дерге қол жеткізіледі деп күті­луде. Осы ретте екіжақты байланыстарды нығайту ісінде зиялы қауым өкілдері де маңызды рөл ат­қаратынын атап өткен жөн. Президенттеріміздің кездесуінің алдында өтіп отырған бүгінгі форум – соның айқын дәлелі. Бұл – қазақ пен қырғыздың достық қатынастарын одан әрі нығайтуға бағытталған басқосу,– деді ол.

Президенттің көмекшісі атап өткендей, елдеріміздің саяси, эко­номикалық, қауіпсіздік сала­сын­дағы ынтымақтастығы орнықты дамып келеді. Өзара сауда-саттық жылдан-жылға жандана түсуде. Қазақ­стан мен Қырғызстан халық­аралық ұйымдар аясында да ты­ғыз ықпалдастық орната білді. Жалпы, екі елдің зиялылары мен ғалымдарының басқосуы қазіргі кезеңде аса қажет. Осындай форумдар ортақ құндылықтарды – достықты, бауырластықты, ынты­мақтастықты дәріптеудің тетігі. Зиялы қауым өкілдері жиі кез­­десіп тұрса, түрлі саладағы қазақ-қырғыз ынтымақтастығы арта түсетіні сөзсіз. Ал бұл бағытта бір­неше жобаны бірлесе жүзеге асы­­руға болады. Ең алдымен, ғалым­­дар мен мамандарға ортақ ғылы­­ми-зерттеу жұмыстарын жүйе­­лі жүргізу үшін мүмкіндіктер жасал­­са, ғылыми әлеуетімізді арт­ты­ру­ға септігін ти­гізеді. Мәдени мұра­мызды, терең тарихымызды дәріп­тейтін де бір­лескен жобалар қажет. Мыса­лы, қазақ пен қыр­ғыз­ға ортақ тұл­ғалар туралы та­ным­­дық кітаптар шығарып, фильмдер түсірген жөн.

Қазақ-қырғыз зиялыларының IV форумы аясында Халықаралық Түркі академиясы шығарған үш бірдей толымды дүниенің тұсауы кесілді. Атап айтсақ, қазақ тіліне алғаш рет толық аударылған қырғыздың «Ер Есім» атты тарихи дастаны, Өмірқұл Караевтың «Чагатайский улус. Государство Хайду. Могулистан» атты еңбегі және Зайнидин Құрмановтың «Кыр­гызский филиал партии «Алаш»: создание, деятельность, судьба» атты кітабы жұртшылық наза­рына ұсынылды. Аталған ең­бек­терді таныстырған форум мо­де­раторы Дархан Қыдырәлі бұл кі­­тап­­тардың мазмұны осы форум­ның мәнісі мен мағынасына сай келіп тұрғанын айрықша атап айтты.

Ал Қырғыз Республикасы Прези­дентінің кеңесшісі, шығар­малары қазақ тіліне де тәржіма­ланған белгілі қаламгер Сұлтан Раев Қазақстан мен Қырғызстан Пре­зиденттерінің кездесуі қар­саңына орайластырылған жиын­ның маңызы зор екеніне тоқтала келіп, қазақ-қырғыз зиялыларының форумын екі ел арасындағы рухани көпірге теңеді.

– Құрметті туғандар! Қазақ­­стан­ның Тұңғыш Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев айтқандай, «Қазаққа – қырғыздан жақын, қыр­ғызға – қазақтан жақын ел жоқ». Шыңғыс Айтматов та қазақ пен қырғыз туралы «Бір ел, екі мем­лекет» деп суреттеген. Қыр­ғыз­­д­арым үшін қазақтар өте биік. Қазақ­стан Республикасы Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаев­тың ер­теңгі мемлекеттік сапарын шоң ықыласпен күтіп отырмыз. Екі елдің арасындағы эко­­но­­ми­­калық, мәдени, саяси гу­ма­ни­т­ар­лық мәселелер бойынша шоң стра­тегиялық құжаттар қабыл­данады деп сенеміз, – деді Сұлтан Раев.

Өз кезегінде тарих ғылымдары­ның докторы, профессор Зайнидин Құрманов қазақ пен қырғыз ха­лықтары туысқандығын жоғары құндылық ретінде бағалауы керек екенін атап өтті.

– Халықаралық Түркі акаде­миясы аясында тиісті ұсы­ныстар жасадық. Түркі респуб­ликалары мен халықтары ара­сындағы сыртқы саяси, дип­ло­матиялық байланыстар зерттелген оқулықтар немесе монография жазған дұрыс болатыны айтылды. Яғни, ежелгі кезең­нен қазіргі уақытқа дейінгі ара­лық­ты қамтыған жөн, – деді Зайни­дин Құрманов. Ол сондай-ақ Ш.Уә­ли­ханов атындағы Тарих және этнология институтының ди­рек­­торы Зиябек Қабылдиновпен қазақ-қырғыз дипломатиялық қа­ты­н­ас­тарының тарихына арнал­ған зерт­теуді қамтитын кітап жазу­ға уағ­даласқанын да жеткізді.

Осы орайда Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі дипломатиялық қатынастар туралы зерттеулер жүргізу ұсынысы талқыланғанын да еске салып, ортақ жоба ретінде жүзеге асырылса, академия тара­пы басып шығаруға дайын еке­нін және мұндай кітаптар дип­ло­матиялық академияларда оқы­тылса, құба-құп болатынын айтты.

ҰҒА академигі, тарих ғылым­дарының докторы, профессор Болат Көмеков айтқандай, адам баласына үлкен идеяны айтатын зиялы қауым, ғалымдар. Сол себеп­ті өзін-өзі құрметтейтін мем­лекет­тердің өз ғалымдарына үлкен құрметпен қарауы да заңдылық. Б.Көмековтің айтуынша, Қазақ пен қырғыз халықтарының бойына сіңген үлкен құндылықтар бар. Ол – Ұлы дала өркениетінің құндылықтары. Екі халық ғасыр­лар бойы тұмса табиғатпен үнде­сіп, үйлесіп ғұмыр кешті. Екінші бір ерекшелік – ру-тайпалық жү­йесі. Ру-тайпалық жүйе қоғам­ның, мем­лекеттің діңгегі болған, алауыз­дық­қа емес, бірлікке, бекем­дікке ша­қырған. Қазақ пен қыр­ғыз да бір­лігін одан әрі бекем­дей түсу­ге тиіс. Қазақ пен қырғыз ғалым­­да­ры зерттеп келе жатқан және бола­шақ­та зерттеуді жалғас­тыра­тын ор­тақ тақырып – дала өрке­ние­ті. Дала өр­кениетінің ішінде қала да, мем­лекет те, жазу да, мәдениет те бар.

Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұматаев өзі бас­қара­тын академияның ұжымы атынан төртінші форумға қатысу­шыларды құттықтады. Ол Қырғыз­стан мен Қазақстан Ұлттық ғылым ака­демияларының арасында ғы­лым­ның барлық саласында ты­ғыз байланыс қалыптасқанын, қазақ оқымыстылары ғылымның кейбір бағыттарында қырғыз мек­тептерін қалыптастыруға көмек­тес­кенін, өзі де қырғыз-қазақ ғылы­мынан қатар сабақ алғанын, Қазақ ұлттық университетінің ректоры болған белгілі қоғам қайраткері Өмір­бек Жолдасбековтің тәрбиесін көргенін айтты.

Қырғыз Республикасының Жогорку Кенешінің депутаты Қаныбек Иманалиев биыл 100 жылдық белесті бағындырған «Egemen Qazaqstan» газетін құттықтады.

– Бір апта бұрын Қазақстан мен Қырғызстанға ортақ үлкен той болды. «Egemen Qazaqstan» газетінің өткен ғасырдың алғашқы ширегіндегі бастапқы сандарында қырғыз интеллигенциясының да мақалалары жарияланған. Яғни, газеттің бұл биік белесі біз үшін де той. 1952 жылы қырғыздың ұлы эпосы «Манастың» елдік пен ерлік жыры екенін айтып, оны саяси қудалаудан қорғап қалған тұлға Мұхтар Әуезов болатын. «Қараш-Қараш» пен «Көксеректі» біз бала күнімізде қырғыз шығармасы деп келдік. Қазақтың қаламгері жазса, қырғыздың режиссері кино түсірсе, актерлері ойнаса, ол қырғыз бен қазақтың ортақ фильмдері деп санаймын. Қазақ пен қырғыз зиялылары екі халықтың руханиятын, мәдениетін, тілін, өнерін дамытуға бірлесіп үлес қосты, – деген ол миллиардтан астам халқы бар елдер өздерінің ұлттық мәдениетін, құндылықтарын сақтап қалуға жанталасып жатқанын, біздің елдеріміз де өзінің тілін, ділін, ұлт­тық мәдениетін, ортақ құндылық­тарын сақтап қалуға бірігіп еңбек­тенуі керектігін айтты.

Форум соңында қазақтың сегіз қырлы, бір сырлы дарынды азаматы, айтыскер ақын, қарымды қаламгер, атақты манасшы, қыр­ғыз-қазаққа тең танымал тұлға Баян­ғали Әлімжанов «Манас» жырына кезек берді. Жиылған қауым жыршының шеберлігіне арқа­ланып, дүркін-дүркін қол соқты.

Бішкек төрінде, И.Арабаев атын­дағы Қырғыз мемлекеттік уни­вер­­ситетінде өткен қазақ-қырғыз зиялы­ларының форумы осымен төртінші мәрте ұйымдас­тырыл­ғанын жоғарыда айтып өттік. Бұған дейін Халықаралық Түркі академиясы алғашқы форумды Нұр-Сұлтан қаласында өткізуге мұрындық болып, онда зиялы қауым өкілдері тарихи, мәдени, рухани құндылықтарымыз туралы ой бөліскен-ді. Қырғызстанның Ош қаласында өткен екінші форумда Шыңғыс Айтматовтың мұра­сы дәріптелді. «Адамзаттың Айт­матовы» атанған қаламгердің шығар­малары қазақ әдебиетінің де құнды қазынасына айналды. Талды­қорғанда ұйымдастырылған ІІІ форум «Манас» жырына арналды. Қырғыз халқының ғана емес, тұтас түркі әлемінің мақтанышы саналатын туындыны дүние жүзіне танытуға қазақ зиялыларының зор үлес қосқаны белгілі. Бұл орайда оны алғаш рет қағазға қазақтың әйгілі ғалымы Шоқан Уәлиханов түсіргенін, дастанның сақталуына және насихатталуына Мұхтар Әуезов көп еңбек сіңіргенін айтсақ та жеткілікті. Төртінші форум Алатаудың баурайындағы әсем қалада бауыр­лас халықтың қонақжайлық пейі­лінің, ыстық ықыласының аясын­да өтті. Басқосудан кейін форум делегаттары Чон-Таш ауылында орналасқан, ХХ ғасырдың 30-жылдардағы репрессия құр­бандарына арналып салынған «Ата-Бейит» мемориалдық кеше­ніне арнайы барып, гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

Арнұр АСҚАР,

«Egemen Qazaqstan» – Бішкектен