Қоғам • 27 Қараша, 2019

Біздің партияда мықты кадрлық әлеует бар

370 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

2019 жылы 27 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы XVI есеп беру-сайлау съезін өткізбек. Аталмыш шарада партияның 2015-2019 жылдары атқарған жұмыстарының нәтижелері жарияланып, партия төрағасы мен Саяси кеңес Президиумы сайланатын болады. Сондай-ақ партияның алдағы жылдардағы міндеттері айқындалады. Съезд қарсаңында біз «Ауыл» ХДПП-ның төрағасы, Парламент Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаевпен әңгімелескен едік.

Біздің партияда мықты кадрлық әлеует бар

– Әли Әбдікәрімұлы, сіз бас­шылық ететін партия қандай идея­мен құрылды?

– «Ауыл» халықтық-демо­кра­тиялық патриоттық партия­сы осыдан төрт жыл бұрын Қазақ­стан социал-демократиялық партиясы мен Қазақ­стан патриоттар партиясының біріктірілуі нәти­жесінде құрылды. Қазіргі таң­да еліміздің 14 облысы және республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент сын­ды үш қаласында партиямыздың 17 филиалы жұмыс істейді. Бұдан бөлек 188 қалалық және аудандық партия ұйымдарында 500 бастауыш партия ұйымы бар. Біз партияның бағдарламасында фермерлер мен ауыл еңбеккерлерінің, барша қа­зақ­стандықтардың мүдделерін қорғауды басты міндет етіп ал­дық. Біз бұл миссияны лайықты деңгейде орындап келеміз. Соңғы жылдары елімізде ауылды, ауыл тұрғындарын қолдауға бағытталған көптеген ауқымды бағ­дарламалар қабылданды. Бұған біздің партияның да қосқан үлесі зор деп есептеймін. Біз ауылдың барлық мә­селелерін мұқият зерттеп, ол туралы партия өткізген съездерде, сайлауалды бағ­дар­ламаларда, партия жиналыс­тарында, дөңгелек үстелдерде егжей-тегжейлі талқыладық. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да кеңінен ақпарат таратылды.

Ауылдағы түйткілді мәселелерді ауыл партиясынан сайланған әр деңгейдегі депутаттар да көтеріп, ел Үкіметіне депутаттық сауалдар жолдады. Жеке өзім 22 депутаттық сауал әзірлеп, Қазақстан Респуб­ликасының Үкіметіне жібердім. Ауылда тұратын 7,5 млн адамның ерік-жігері мен мүдделерін біл­діре отырып, біз өзіміздің ұстаным­дарымызды биік мінберден көтеріп жүрміз. Соның нәтижесінде мемлекет агроөнеркәсіптік кешеннің мәсе­лелеріне көңіл бөле баста­ды. Өздеріңіз білетіндей, қа­зір агро­өнеркәсіптік кешенді дамы­тудың 2017-2021 жылдарға арналған мем­лекеттік бағдарламасы, 2018-2030 жылдарға арналған ауылдық елді мекендерде әлеуметтік-эко­но­ми­калық инфрақұрылымды жаң­­ғыртуды, нарықта сұранысқа ие ауылшаруашылық өнімдерін өн­діруді қамтамасыз етуді, ауыл хал­қының өмір сапасын арттыруды көздейтін «Ауыл – ел бесігі» сынды бағдарламалар жұмыс істеуде.

Аталған бағдарламалардың ар­­қасында ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың көлемі жыл сайын артып келеді. Тек, 2018 жылы ауыл шаруашылығына 454 миллиард теңге бағытталған. Ал 2019 жылы агроөндірістік кешенді дамытуға 507 млрд теңге жұмсау көзделіп отыр.

2018-2019 жылдары ауылдық жерлерді таза сумен қамту 42,5%-дан 59,9%-ға өсті (+17,4%). Сонымен қатар ауылдың әлеуметтік дамуына бағытталған қаржы тиімді игерілуде. Қазірдің өзінде халқы 250 адамнан асатын 3 324 ауыл (79%) кеңжолақты ғаламтор желісімен қамтылған. Қалған елді мекендерге интернет 2020 жылы тартылатын болады. Бұл бағытта 16 мың шақырым желі іске қосылады. Нәтижесінде, ауылдағы ағайынға қалалықтар секілді 4G же­лісі қолжетімді болады.

Алдағы 3 жылда «Ауыл – ел бесігі» жобасына бағытталған іс-шара­ларды жүзеге асыру үшін, 2019-2021 жылдары республикалық бюд­жеттен 90 млрд теңге қарас­тырылған. Бұл қаржыға 4,5 мың жаңа жұмыс орындарын ашу, 73 мектеп пен балабақшаны, 14 емхана, 47 мәдениет үйі мен спорттық нысандарды жөндеу жоспарланған. Сонымен қатар 13 дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 13 абаттан­дыру нысаны салынады. 516 ша­қырым жол, 35 шақырым сумен қам­ту желісі, 229 шақырым электрмен қамту (жарықпен қамту), 136 шақырым газбен қамту желісі, 20 шақырым жылумен қамту желісі жөндеуден өтеді деп жоспарланған. Осы жерде айта кетейік, ел Прези­дентінің тапсырмасына сәйкес, 2020 жылы осыған қосымша 2027 жыл­­ға дейін 3 540 ауылдық елді мекен­нің инфрақұрылымын дамыту мақсатында 800 млрд теңгеге жуық қаржы бөлу жоспарланған.

– Қазақстандағы партиялар сайлаудан сайлауға дейін ғана өмір сүреді деген пікір бар. Бұл туралы не айтасыз?

– Төрт жыл ішінде «Ауыл» партиясы 250-ден аса іс-шара ұйым­дастырды. Біз көптеген мәселелерді қозғадық. Бұл – агроөнеркәсіптік кешен проблемалары, мамандарды даярлау және қайта даярлау, шығармашылық интеллигенцияны қолдау, саламатты өмір салтын насихаттау және өзге де мәселелер. 2017 жылы қараша айында Ауыл ша­руашылығы министрлігінің ғи­маратында агроөндірістік ке­шенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде әзірленген жол карталарын талқылау бойынша онлайн-конференция өткізген болатынбыз. Сол кезде ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі партия акти­віне аталған мемлекеттік бағдар­ла­маны жүзеге асыру үшін партия мүшелері оны жер-жерде насихаттап, әр ауыл тұрғынына түсіндіру бойынша бірқатар кеңестерін берді.

Атқарылар шаралар әлі де жетер­лік. Бұл ретте шығармашылық жолдары ауылдың тыныс-тіршілігімен тығыз байланысқан дарынды әрі талантты азаматтарды қолдауға тырысамыз. Мәселен, партия 4 жылдан бері «Ауылым – алтын тұғырым» атты қаламгерлер байқауын ұйым­дас­тырып келеді.

Бүгінгі таңда аталған байқау халық­аралық деңгейге көтерілді. Себебі қа­тысуға ниет білдіргендер арасында Қытай, Моңғолия, Өз­бекс­тан елінің жас дарындары бар. «Ауылым – алтын тұғырым» қалам­герлер мен оқырман қауымы арасында танымал өнер сайысына айналды. Бір қуанарлығы, осы байқаудың арқасында қаншама жас қаламгер сөз өнерінде өзінің ба­ғын сынап, бағасын алды.Мыса­лы, 2018 жылы партия сайтына онлайн режімінде 200-ден астам шығарма келіп түсті. Біз «Ауылым – алтын тұ­ғырым» байқауының жеңімпаздарын марапаттап қана қой­маймыз, қатысу­шылардың шығар­малары поэзия, проза және драматургия жанрлары бойынша партияның қаржыландыруы арқылы жинаққа енгізіледі. Аталған үш томдықтың таныстырылымы жеңімпаздардың, Жазушылар ода­ғы мен қоғамдық бірлестіктер өкіл­дерінің қатысуымен өтеді. Жыл сайын 3 том болып шығатын «Алтын тұғыр» әдеби жинағы партияның фи­лиал­дары арқылы еліміздің барлық аймақтарындағы кітапханаларға таратылады.

Өткен жылы біздің партия «Ауыл нақыштары» тақырыбында фото­байқау жариялады. Бір жыл ішінде кәсіби фотосуретшілер мен еліміздің түкпір-түкпіріндегі әуесқойлардың ауылдың ұмытылмас сәттерінен сыр шертетін еңбектері сайтта жарияланды. «Ауыл» партиясының XIV съезінде аталған фотобайқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталып, үздік туындылардың көрмесі ұйымдастырылды. Аталған фотобайқау партиямыздың «Егемен Қазақстан» газетімен бірлескен жобасы екенін де айта кетуіміз керек.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Петропавлдағы агро­өнеркәсіптік кешеннің дамуы мен ауылды дамыту мәселесі жөніндегі республикалық кеңесте ішкі нарықты контрафактілі, қа­уіпті өнімнен қорғау жұмыс­та­рын күшей­туді тапсырды. Сіз­дің пар­тияңыз осы мәселені көтер­ді ме?

– Иә, әрине! 2017 жылы нау­рыз айын­­да біз «Гендік модифи­ка­цияланған организмсіз өмір – ауыл шаруашылығы ғылымы мен өндірісінің қазақстандық таңдауы» атты дөңгелек үстел өткіздік. Дөң­гелек үстелге дайындық барысында партияның Орталық аппараты мемлекеттік органдар гендік моди­фикацияланған организмге қатысты мәселені уыстарынан шығарып алған­дығын анықтады. Мәселен, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексі мен «Азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» Заңға сәйкес, азық-түлік саласында гендік модификацияланған өнімнің мемлекеттік тіркеуін жүр­гізетін өкілет­ті орган тиісті мемле­кеттік реестрді мүл­де жаса­маған. Бұл жерде қандай да бір пікір айтудың қажеті шамалы. Кез­десу аясында Қазақстанда гендік модификацияланған өнімдердің алдын алу жөнінде толыққанды кешенді іс-шаралар ұсынылды.

Нақтырақ айтқанда:

– біз облыстық маңызы бар бар­лық ірі қалаларда, шекара бе­кет­терінде ашылуы тиіс маман­дандырылған зертханаларда гендік модификацияланған организмге тексеріс жүргізілетін өнімдердің үл­­гілеріне қатаң бақылау жасау­ды ұсындық. Мұндай зертхана­лар қажетті заманауи құрал-жабдық­тармен, химиялық реакция туғызып, ізделетін заттың құрамда бар-жо­ғын табуға мүмкіндік беретін қоспа шығындарымен, гендік моди­фикацияланған өнімдерді анық­тайтын тест жүйелерімен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл мақсатқа бюджеттен арнайы қаржы қарастыруды да ұсындық.

Аталған ауқымды жұмыстармен айналысатын жоғары білікті мамандарды осы бағытта мол тәжірибесі бар елдерде және өзіміздегі жоғары оқу орындар мен колледждерде даярлау қажет екенін де естен шығарған жоқпыз.

Алдағы съезде біз «Ауыл» партиясы азық-түліктегі ГМО-ға қарсы» жаңа саяси бастамасын жариялауды жоспарлап отырмыз. Біз барлық партияларды, қоғамдық ұйымдарды, бұқаралық ақпарат құралдарын осы бастамамызға қосылуға шақырамыз.

– Алдағы съезд қандай жаңа­лық­­тармен есте қалмақ?

– XVI съезге партия филиал­дары­ның есеп беру-сайлау конференцияларында сайланған 210 делегат қатысады деп күтілуде. Шара аясында «Ауыл» ХДПП Жарғысына сәйкес партияның төрағасы мен Саяси кеңесі қайтадан сайланатын болады. Сондай-ақ филиалдардың есеп беру-сайлау конференцияларында туындаған партияның жаңа бастамаларымен таныстыратын боламыз.

 Үкіметке, мемлекеттік органдарға және барша қазақстандықтарға «ауыл шаруашылығы өндірісі мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналуы тиіс» деген партиялық ұстаны­мымызды жеткізгіміз келеді.

 Біз бірінші кезекте ауылдарды дамытуға тиіспіз. Ол өз кезегінде экономиканың басқа салаларының дамуына ықпал етеді.

Ауыл экономиканың драйвері бола отырып, минералды тыңайт­қыш­тар мен тамақ және қайта өңдеу өндірістерінің, жеңіл тамақ өнеркәсібі индустриясының, құрылыс саласы­ның, ауыл шаруашылық машина жасаудың, отын-энергетика жә­не көлік кешендерінің және өзге де салалардың дамуына қуатты серпін береді. Сонымен қатар біз,  Қазақстан сауда-саттық тәуелсіздігін қамтамасыз ете отырып, экологиялық таза өнімнің әлемдік нарығында көш­басшы аграрлық держава бола алады деп санаймыз.

Съезд жұмысы жайлы айтар болсам, таяуда еліміздің әр аймағында өткен есеп беру-сайлау конференцияларында аграрлық саланың дамуына қатысты сыни көзқарастары мен ұсыныстарын білдірген барлық делегаттардың белсенділігін ерекше атап өткім келеді. Олардың ұсыныс-пікірлері Орталық аппаратта сараланып, Үкіметке және мемлекеттік органдарға жіберілетін болады.

Шын мәнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей қазір мемлекеттік орган­дарға қоғаммен қарым-қатынаста ашық­тық жетіспейді. Билік халыққа мейлінше жақын болу­дың жолдарын қарастыруы тиіс.

Біз партиямыздың мыңдаған бел­сенді мүшелері арқылы ауыл тұр­ғындарына Үкіметтің барлық идеялары мен бастамаларын түсіндіруге дайынбыз. Қоғамдық құрылымдар мен мемлекеттік органдардың бұ­лайша қоян-қолтық жұмыс атқаруы екі жаққа да тиімді екенін түсінетін кез келген сыңайлы. Үкімет партия­ның мүмкіндіктері арқылы өз ше­шім-қарарларының халыққа жетуін қамтамасыз етсе, қарапайым халық­тың мұң-мұқтажының жоғары жақ­қа жетіп, тиісті шаралардың қолда­нылып жатқанын көрген партия мүшелерінің де белсенділігі арта түспек.

– Әли Әбдікәрімұлы, «Ауыл» партиясы алдағы уақытта өтетін Парламенттік және мәслихат сайлауына қатыса ма?

– Партияның өз жұмысын бас­тағанына көп уақыт болмаса да, біздің парламенттік сайлауға, Қа­зақстан Республикасының Прези­ден­тінің сайлауына қатысқан тәжі­ри­беміз бар, сондай-ақ барлық дең­гейдегі мәслихаттардың сайлауы­на партиялық тізімдер бойынша қа­тысуға дайынбыз.

Қазіргі таңда «Ауыл» партиясы парламенттік сайлауда Парламентте және жергілікті мәслихатта өз өкіл­дерінің болу міндетін қойып отыр. Бұл өз кезегінде партияның сая­си платформасын іске асыруға бағыт­талған заңдар мен мемлекеттік ше­шім­дердің қабылдануына айтар­лық­тай ықпал етеді. Биліктің өкілетті органдарынан орын алу, партия бағ­дарламасының стратегиялық және тактикалық мақсаттарын іс жүзінде жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда «Ауыл» партия­сы­ның қатарына мүшелікке жүздеген мың адам ерікті түрде өтті. Біздің партия жергілікті тұрғындар арасында үлкен абыройға ие. Мұны халықтың партияға кіруге деген ынтасынан байқауға болады. Тек 2015-2019 жылдар аралығында біздің партияның құрамы 44 мың адамға артты. Олардың көпшілігі ауыл шаруашылығының жоғары білікті қызметкерлері, ғалымдар, Ғылым академиясының мүшелері, медицина және білім беру мекеме­лерінің  қызметкерлері, еліміздің ірі агроқұрылымдарының жетекшілері. Біздің қатарымызда қарапайым ауыл тұрғындары, еңбек адамда­ры да бар. Соңғы 3 жылда қоғамның әр саласында ұзақ жылдар еңбек еткен 500-ден астам партия мү­шесі «Ауыл» ХДПП ұсынуымен мем­лекеттік және ведомстволық награ­далармен марапатталды. Біз­де дағдарысты еңсеріп, ел экономикасын жаңа, сапалы деңгейге көтеруге негізделген мемлекеттік стратегияны, бағдарламаны жасауға қабілетті, мықты кадрлық әлеует бар. Ал Парламентке кіру бұл әрбір партияның мақсаты деп ойлаймын. Ал қазіргі «Ауыл» партиясының мұн­дай мақсатқа қол жеткізерліктей әлеуеті бар.

 

Әңгімелескен

Ғабит Іскендерұлы,

«Egemen Qazaqstan»