Аймақтар • 27 Қараша, 2019

Павлодарда 13 көшенің атын өзгерту ұсынылды

337 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл хабар қала көшелерін қайта атау мәселесі бойынша өткен көпшілікті тыңдау отырысында айтылды. 

Павлодарда 13 көшенің атын өзгерту ұсынылды

Қала атауын да өткен тарихқа үңілтіп, үңілдіріп, қазақы атау беруге оралтқанымыз - парыз.

Тыңдауға қоғамдық кеңес мүшелері, Құрметті азаматтар, ардагерлер, қала тұрғындары, қалалық мәслихат депутаттары, атқарушы орган және БАҚ өкілдері шақырылды.

Қала әкімінің орынбасары Светлана Гладышева көше атауларын өзгерту бойынша түскен ұсыныстарды атап өтті.

С.Торайғыров атындағы университет ғалымдары Димитров көшесін – Жүсіпбек Аймауытов, 1 Май – Мәшһүр Жүсіп, Карл Маркс – Әлихан Бөкейхан, Киров – Ермахан Бекмаханов, Короленко – Бұқар жырау, Бестужев – Шәкәрім Құдайбердіұлы атауларына ауыстыру туралы.

Сондай-ақ Володарский көшесін – Желтоқсан, Большая Обьездная – Жібек жолы деп атау, қалалық зиялы қауым өкілдерінен Крупская көшесін – Едіге би, Чкалов көшесін – Сағадат Нұрмағамбетов атына беру, облыстық Ардагерлер кеңесінен Пахомов көшесін – Қабдеш Нұркин атымен атау туралы.

- Облыс, қала әкімдерінің атына түскен бұл өтініштерді қарастыру үшін барлық құжаттар қалалық мәслихатқа жіберілді. Идеологиялық тұрғыдан ескірген көше атауларын ауыстыру мемлекетіміздің қалыптасуына үлесін қосқан тарихи тұлғаларымыздың есімін жаңғыртуға мүмкіндік береді. Өзге ұлт өкілдері де тарихи тұлғалармен таныса алады,  - дейді Светлана Гладышева.

Мысалы, қаладағы №17 мектептің мұғалімі Александр Доцюк Короленко көшесіне Бұқар жырау атын беруді қолдайды.

- Бұқар  жырау ғана емес, Абылай ханға ақыл айтқан. Хан оның ақылын тыңдаған, - деп  тарихи  тұлғалар жайлы білетінін байқатты.

Сөйтіп, тыңдау нәтижелерін ескере келе, қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының 8 депутаты бір ауыздан шешімді қолдап, дауыс берді.

Енді тиісті құжаттар республикалық ономастикалық комисияның қарауына жіберіледі.

 

Павлодар облысы